61 елді мекенде көлік қатынасы қиындады.
Су тасқыны: 20 өңірде жедел штаб жұмыс істеп жатыр
1,214
оқылды

Су тасқыны басталғалы бері Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында 3702 жеке тұрғын үй, 562 аула аумағы, 1822 саяжай үйі және әртүрлі мақсаттағы 73 ғимарат, сондай-ақ 155 автожолды су басты. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлайды. 

Қазір аэровизуалды тексеру және дрондарды пайдалану арқылы өзендер мен су қоймаларындағы су тасқыны жағдайына мониторинг жүргізіліп отыр. 

Төтенше жағдайлар министрлігі және әкімдіктердің күшімен 7,4 млн м3 астам еріген қар суы сорылды. 969 мыңнан астам қапшық және 976 мың тонна инертті материал толтырылып төселді. 72 284 адам, оның ішінде 17 217 бала құтқарылып, эвакуацияланды. Уақытша орналастыру пункттерінде 14 430 адам, оның ішінде 7 216 бала жеткізілді. 68 932 ауыл шаруашылығы жануарлары қауіпсіз қашықтыққа айдалды. "Жедел желі" телефондарына 1009 қоңырау түсіп, 20 өңірде республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істеп жатыр. 

Мемлекеттік авиацияның тартылған әуе кемелерімен 2 607 адам, оның ішінде 760 бала (ҚР ТЖМ борттарымен – 158, оның ішінде 26 бала, ҚР ҚМ – 2121 адам, оның ішінде 618 бала; ҚР ҰК борттарымен – 325 адам, оның ішінде 111 бала, ҚР ҰҚК АК – 3 адам) эвакуацияланды. Барлығы 96 335 кг гуманитарлық көмек жеткізілді.

Автожолдардың 88-і шайылып, 4 көпір және 83 жол төсемі бақылауда. 61 елді мекен көлік қатынасынсыз қалып отыр.

Батыс Қазақстан облысында Теректі ауданы Ұзынкөл ауылынан 7 шақырым жерде Ұзынкөл су қоймасындағы су тасқыны жағдайына мониторинг жүргізілуде. Жайық, Шаған және Деркөл өзендерінде су деңгейінің көтерілуі сақталып отыр. Орал өзеніндегі Ириклин су қоймасынан су ағызу 2170 м3/сек жетті. Росгидрометпен үнемі гидрологиялық мәліметтер алмасып отыр. Жазғы саяжайлар су астында қалды. Оған қоса, Орал қаласының "Утюгный затон" саяжайын су басып қалуы мүмкін.

Қостанай облысында қардың көп еруіне және даладан еріген қар суының ағып келуіне байланысты Қарасу ауданы Қарамырза ауылына мониторинг жүргізілуде. Сондай-ақ Тобыл қаласы мен Алтынсарин ауылының тұрғындары эвакуацияланды. 

Қостанай, Тобыл, тұрғын алқаптары, демалыс базалары және басқа аудандарындағы іргелес аумақтарын су басуы ықтимал. Ал Ақмола облысында Целиноград ауданының Тасты ауылына мониторинг жүргізілудің арқасында ауылдың сыртындағы жасанды траншеяны су басу қаупі бар екені анықталды.

Солтүстік Қазақстан облысында Тайынша қаласының мониторингі жүргізілудің нәтижесінде Шағалалы өзеніндегі су деңгейінің көтерілуінен елді мекен су астында қалады деп болжанып отыр. Ал Тайынша ауданының Красная Поляна ауылында егістіктерден еріген қар суының ұлғайса, аула аумақтары су басады. Есіл өзеніндегі су деңгейі көтерілсе, Ғ. Мүсірепов ауданындағы Достық ауылын су басуы мүмкін. Сергеев су қоймасынан жота-жотаны су алып жатыр. Бірақ әзірге елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ. Дегенмен Ұзынжар ауылында Есіл өзенінің суы көтерілуінен 4 аула аумағын су басты.

Ақтөбе облысы Ойыл ауданындағы Жем өзенінің суы тасуынан  Атырау облысында Құлсары қаласының 2 810 үйін су басты. Қала тұрғындарын эвакуациялауда сиреналық-сөйлеу құрылғысын іске қосып, оны күшейту үшін  зорайтқыш құрылғылармен жабдықталған жеті бірлік полиция техникасы жұмылдырылды.

Қарағанды облысы Шет ауданындағы "Таңатбай" бөгеті бөгенінде дренаж фактісі анықталды. Қарасай өзенінің арнасындағы бөгеттен 14 шақырым жерде орналасқан Жарылғап батыр ауылының 65 үйінен 66 адам, оның ішінде 28 бала эвакуацияланды.

Авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖМ, Қорғаныс министрлігі, ІІМ, ҰГ, ҰҚК және жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдардан 13 620-дан астам адам және 1265 бірлік техника, 386 су айдау құралы мен 83 жүзу құралы және 7 әуе кемесі жұмылдырылды.

Қазір Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының елді мекендерінде су тасқыны салдарын жою, сондай-ақ су тасқынына қарсы іс-шаралар мен авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу, еріген қар суын сору, қапшықтарды инертті материалдармен толтырып, төсеу, каналдарды, арық жүйелерін жағалауды нығайту жұмыстары, адамдарды құлақтандырып, қауіпсіз орындарға эвакуациялау жалғасып жатыр.