11-сынып оқушысы Дина Қайратқызы NUET емтиханынан 198 балл жинады.
Қатонқарағай мектебінің оқушысы Назарбаев университетінің грантын жеңіп алды
4,401
оқылды

Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданындағы Сейітқамза Ластаев орта мектебі Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының «Ауыл мектебі рowered by NIS» жобасына 2019 жылы қосылды. Білім мекемесі серіктестермен бірлесе жұмыс істей отырып, үздік нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Жақында ғана мектептің 11-сынып оқушысы Дина Қайратқызы NUET емтиханынан 198 балл жинап, Назарбаев университетінің грант иегері атанды.

«10-сыныпта ағылшын деңгейін анықтайтын IELTS тестінен 7 балл алған едім. Сосын биыл ақпанда математика мен критикалық ойлау бойынша емтиханды тапсырып, грантқа иелендім. О баста Назарбаев Университетіне қалай түсу керегін білмедім. Осы кезде мектебімізге Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының өкілдері келіп, дайындық бойынша ақыл-кеңестерін айтты. Жоғары балл жинауыма сол нұсқаулықтар мен математика және ағылшын тілі мұғалімдерінің әсері зор болды», – дейді Дина Қайратқызы.

Мектеп директоры Гүлжан Төлегенқызы оқушылардың болашақ кәсіби таңдау жасауына «Ауыл мектебі Powered by NIS» жобасының үлкен ықпал етіп жатқанын айтады. Жобаға қатысқалы халықаралық деңгейдегі мамандармен тәжірибе алмасудың мүмкіндігі артқан. Мектеп оқушылары MIT (Массачусетс технологиялық институты) студенттерінен сабақ алып, Халықаралық бағдарламалау мектебінің курсынан өтті.

«Биыл екі шәкіртіміз оқу жылы аяқталмай жатып-ақ, грант иегері атанып үлгерді. Біріншісі – мектеп тарихындағы Назарбаев Университетіне түскен алғашқы түлек Дина Қайратқызы. Екіншісі – информатика пәнінен олимпиадаға қатысып, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіне грант ұтып алған Меруерт Сайранбекқызы. Сондай-ақ мектебіміздің ағылшын тілінде дебат ойнайтын оқушылары ауданнан үздік шығып, облыстық жарыстан екінші орын алып қайтты», – дейді мектеп директоры.