Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаевтың көмекке шақыруына «Жастар Рухы» жас­тар қанатының 100-ге жуық ерік­­тілері мен «АМАНАТ» пар­тия­­сының белсенділері үн қатқан.
«АМАNАТ» жастары үн қатты
764
оқылды

Қала басшысының айтуынша, өзен арнасынан асып кету қаупіне байланысты жағалауды нығайту жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде, бірақ адам саны жеткіліксіз болып отыр.

Осыған дейін Қостанай қала­сының әкімі Марат Жүндібаев жер­лестеріне құм салынған қапшықтар­мен жағалауды бекемдеуге көмек­тесуді сұраған видео үндеу жа­риялаған болатын. Бейне үндеуінде қала әкімі  «Бүгінде өзеннің ар­насынан толып кету қаупі бар. 700-ге жуық адам тоқ­таусыз жұмыс істеуде. Адамдар шар­шады, бізге көмек керек. Барша жанашыр жер­лес­терімізді көпірге келіп көмек­тесу­леріңізді сұраймын. Көмекке келем десеңіздер, дәл қазір келіңіз­дер», – деген. 

Үндеу әлеуметтік желілерге та­раған сәтте қаладағы «Жастар Рухы» еріктілері мен «АМАNАТ» партиясы облыстық филиалының қызмет­керлері жағажайды күшейту және басқа да жұмыстарға көмектесу үшін діттеген жерге келіп жетті. Партияның Қостанай облыстық филиалының төрағасы Алмат Досмұхамедов атап өткендей, халықтың бірлігі қиын-қыстау кезеңдер мен сынақ уақытында көрінеді дейді.

«Су тасқынының жағдайы қиын­дап тұр, осы ретте партия шет қал­мады, көмекке 100-ге жуық ерікті мен белсенді жұмылдырылған. Облыстық филиал жанынан гуманитарлық көмек қабылдау пункті де ашылды. Қазір еліміз қиын сынақты бастан өткеріп жатыр. Халық бірлігі осындай қиын-қыстау кезеңде көрініс тауып, нығайып келеді. Қазір жағалауларды нығайту, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды су басуынан қорғау жұмыстары белсенді түрде жалғасуда. Көп су келеді деп күтілуде, сондықтан апаттан келетін шығынды барынша азайта аламыз деп үміттенеміз», – деді ол.

Жалпы, Қостанай облысына Мәжіліс пен мәслихат депутатта­рының, партия мүшелерінің және мүдделі тұрғындардың күшімен 21 миллион теңгеден астам гумани­тарлық көмек жиналып, жеткізілді. Парламент Мәжілісінің депутаттары, «АМАNАТ» фракциясының мүшелері Еркін Әбіл мен Берік Бейсенғалиев Арқалық қаласындағы эвакуациялау пункттерінде болып, су басқан Екідің және Қызылжұлдыз ауылдарының тұрғындарымен кездесті, сонымен қатар Амангелді және Жангелді аудандарында болды. Мәжілісмендер өңірде тұрғын үйлерді қорғау және су тасқынының зардаптарын жою бойын­ша атқарылып жатқан шара­лармен танысты.