Жуырда әлеуметтік желіде бір топ қыз-келіншек арасында гір тасын көтеру сәтінің видеосы тарады.
Құрыш білек қаракөз
1,629
оқылды

Осы бейнетаспада темірді 63 мәрте көтерген келіншек көптің назарын ерекше аударды. Кейіннен бұл шара Наурыз мейрамына орай Қызылорда облысы Арал ауданына қарасты Сексеуіл кентінде өткізілгені мәлім болды. 

Темір көтерген толағай қыз бізді де қызықтырды. Іздендік, сұ­рас­тыр­дық. Ақыры, құрыш білекті қара­көзді таптық. 

Көптің көзайымына айналған бі­лекті бұрымды сексеуілдік Гүл­марал Тұрәлиева есімді келіншек екен. Ол – ибалы келін, сүйікті жар, аяулы ана. Жолдасы екеуі екі бала тәрбиелеп, отбасы шырағын лаулатып отыр. 

Кейіпкеріміз бала кезінен спорттан қашық болмапты. Бұған дейін темір көтермесе де, бірнеше ша­­қырымды жүгіріп, өз-өзін сауық­­­тырып тұрады екен. Ал Нау­рыз ме­рекесі күні гір тасын көтеру шара­сына кездейсоқ қатысқанын айтады.

«Кішкентай кезімнен спортқа құмар болдым. Күнделікті таза ауада жүгіріп, түрлі жаттығулар жасауды әдетке айналдырдым. Мектеп қабырғасында көптеген спорттық сайыстарға қатысқан­мын. Наурыз мерекесінде ұжым болып шара өткіздік. Ұлттық спортты ұлықтауға негізделген шарада балалар арасын­да ләңгі тебу, қол күрес, асық атудан сайыс ұйымдастырылды. Наурыз көже де пісірілді. Мен үшін ең қызы­ғы, осы күні келіндер арасында өткен гір тасын көтеруден жарыс болды. Көппен бірге бағымды сынауға бел будым. Бірақ өзгелерден оқ бойы озып, жақсы нәтиже көрсетемін деп ойламаған едім», – деп ағынан жарылды Гүлмарал. 

Ол кішкентайынан спортқа жаны жақын болса да, жоғары білім алып, білікті маман иесі атануға мүмкіндік болмағанын айтады. Десе де, спорт саласынан әлі де алыс емес. Байрақты бәсе­келерде топ жармағанымен, ауыл­дағы №20 ба­ла­лар мен жасөспірім­дер спорт мек­тебінде шаруашылық жұмыс істейді. 

«Қазір ауылдық спорт мек­тебінде уақытша жұмыс істеп жүр­мін. Не­гіз­гі мамандығым – тігінші. Бір әу­леттің келіні болғандықтан үй шаруасына, бала тәрбиесіне көп көңіл бөлемін. Ауылда қара күшті қажет ететін жұмыс жетеді. Күн­делікті үй шаруасында өздігінен жат­тығып жүрміз. Гір тасын еш қиындықсыз 63 рет көтеруім со­ның әсері шығар», – деп күлді кейіп­­­керіміз.

Жалпы, гір көтеру – үлкен дайын­­дықты қажет ететін спорт түрі. Мамандардың пікіріне сүйен­сек, нәзік жандардың бұл спорт түрімен шұғылдануы қауіпті санал­майды. Яғни, белгілі бір техниканы меңгеріп, гір тасын көтеру адам денсаулығын кері әсер етпейді. Алай­да денені, бұлшық­еттерді жат­тық­тырып, қыздырып алу қажет. 

Негізінен, еліміз бойынша гір та­сын көтеру спортымен шұғыл­данып, жоғары жетістікке жетіп жүрген бұрымдылар қатары да аз емес. Тіпті, осы спорт түрінен Азия чемпионы атанып, Қазақстан әйелдері арасында рекорд орнатқан гір көтерушілер – Меруерт Сүлей­менова, Назгүл Бекежан сынды тола­ғай қыздардың жетістігі көпке үлгі. 

Гүлмарал да болашақта арнайы жаттығуға қатысып, өз-өзін шың­да­ғысы келетінін айтады. Түрлі сайыстарда бақ сынап, жақсы нәти­жеге қол жеткізуді көздейді. Ең бас­тысы, әлемдік додаларда топ жарып, рекорд орнатуды арман­дайды. 

Е. ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы