«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді қазақ даналығы. Қиын-қыстау күн­дер­де «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару» – қазақтың қанына біткен қа­сиет.
Жамбылдықтар жұдырықтай жұмылды
559
оқылды

Соңғы үш жетіде елімізде болып жатқан су тасқынына да жам­был­дықтар жұдырықша жұмылды. 91 тонна азық-түлік, 22 тонна өзге де қажетті тауарлар мен ақшалай 5,8 миллион теңге жөнелтті. Сондай-ақ 0,23 тонна дәрі-дәрмек топан су астында қалған ағайынға жетті. 

«Жақсының жақсылығын айт, ырысы тасысын» дейді. Алғашқылардың бірі бо­лып ай басында қоғам белсендісі Мөлдір Анар­баева бастаған азаматтар ақтө­бе­лік­терге «Біз біргеміз!» ұранымен гумани­тар­лық көмек жөнелтті. «Ауыл – береке», «Ки­ров» базарлары мен №8 ықшам ауда­нын­дағы «Фиркан», «Скиф» сауда орын­да­рына қойылған жүк көліктеріне кәсіпкерлер мен қала тұрғындары азық-түлік пен қа­жет­ті тауарларды тиеп, алыстағы ағайынға қол ұшын созды. 

Бұдан кейін өзге ұлт өкілдері игі іске өз үнін қосты. «Жүректен жүрекке» акциясы ая­сында Қазақстан халқы Ассамблеясы өңір­лік филиалының азық-түлік пен қажет­ті тауарлар жинайтын нүктелері жұмысын бастады. Сондай-ақ тікелей ақшалай ау­да­рымға Kaspi.kz есепшоты ашылды. Нәти­же­сінде, өңірлік Қан орталығының дирек­торы, облыстық мәслихаттың депутаты Гулам Умаров 200 мың теңге көлемінде кө­мек аударса, «Ассамблея жастары» бір­лестігі 7 860 450 теңгеге теңелген гумани-тарлық көмек жинаған. 

Өзбек этномәдени бірлестігінің мү­ше­лері де қайырымды істен шет қалмай, ақ­ша­лай көмек көрсетсе, «Архыз» бірлестігі 150 мың теңге аударым жасаған. 

Гректер болса, ақтөбелік ағайынға 400 мың теңгеге азық-түлік пен қажетті мате­риал­дар жөнелтсе, «Вынхуа» дүнген этно­мә­дени бірлестігі 9 миллион 500 мың тең­геге 2 жүк көлігіне тиелген гуманитарлық кө­мек жіберген. 

 Ұйғырлар да 1,5 миллион теңгеге жылу жи­наса, «Шиват Цион» еврейлер бірлестігі 250 мың, «Манас» қырғыз этномәдени бір­лес­тігі 3 миллион теңге, «Хазар» әзербайжан бір­лестігі 1,1 миллион теңге, тәжік эт­но­мә­дени бірлестігі 50 мың теңге және «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі 10 миллион тең­ге көлемінде көмек көрсеткен. Ал М.Қаш­қари атын­дағы Шу аудандық ұйғыр этномәдени бірлестігінің жастары 10 мил­лион теңгенің азық-түлігі мен қажетті ма­те­­­риалдарын жи­нап берген. Осылайша, этномәдени бір­лес­тіктер бірлігі мен ын­ты­мағын көрсетіп жат­қанда Тараз қаласының тұрғындары да 1,1 миллион теңгенің азық-түлігін қабылдау нүк­телеріне өткізген. 

Облыстық жастар ресурстық ортал­ы­ғы­ның жастары болса, макарон, ұн, сұйық май, күріш, қант, шай мен резеңке етік­тер­ден құралған 650 мың теңгенің гума­нит­ар­лық көмегін жинап, көпке үлгі іс қылып отыр. 

 – Өңірлерде су тасқынынан зардап шек­кендерге көмек көрсету мақсатында Жам­был облысы әкімдігінің Жастар сая­саты мәселелері басқармасының Жастар ре­­­сурстық орталығында гуманитарлық кө­мек қабылдау пункті жұмысын бастады. Тауар­лар Тараз қаласы Төле би даңғылы 35 ме­кенжайында орналасқан облыстық во­лонтерлік фронт-офисте қабылданды. Су тас­қынынан зардап шеккендерге гумани­тар­лық көмек жинау туралы ақпарат әлеу­мет­тік желілерде, түрлі мессенджерлерде та­ратылып, белсенді жастарымыз жеке кә­сіпкерлермен жеке-жеке түсіндірме жұ­мыстарын жүргізді. Нәтижесінде, облыс бойынша 65,17 тонна тауар жиналды. Оның ішінде «Жастар ресурстық орталығының» гу­манитарлық көмек қабылдау пунктіне азық-түлік өнімдерінен 15 қап қант, 15 қап күріш, 10 қап ұн, 7 қорап «Сәуле» печеньесі, 6 құты сұйық май, 7 қорап «Мадина» ма­кароны, вафли, түрлі печеньелер, сушки және азық-түліктік емес тауарлар мен киім-ке­шектерден 30 келі кір сабын, 6 дана ре­зең­ке етік, 3 қорап химиялық тауарлар жи­нал­ды. Тауарларды сұрыптауға 30 ерікті жұ­мылдырылып, орталық жылу жинау нүк­тесіне жеткізілді. 

Қазақ халқы қандай қиындықта да қол ұшын созған. Жақын емес, жаттың өзін бауырға баса білген. Сондықтан осындай қиын қыстау кезеңде бірлігімізді көрсетіп, то­пан су астында қалған ағайынға көмек көр­сетуге барша қазақстандықтарды шақы­ра­мын! – дейді облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар.

 Иә, жастардың жігері қандай мақтауға да лайық. Мұндай игі бастамадан саяси пар­тиялар да шет қалмауда. «AMANAT» пар­тиясының мүшелері 78 500 теңгеге азық-түлік пен қажетті тауарлар алып бер­се, Respublica партиясы өңірлік филиалы­ның мүшелері 98 мың теңгеге ыдыс-аяқ, төсеніштер мен матрастарды қабылдау нүктелеріне тапсырған. 

Осылайша, бүгінде 49 957 000 теңгенің гу­манитарлық көмегі жиналып, кеше азық-түлік тиелген жүк көліктері жолға шықты. Оның 100 тоннадан астамы азық-түлік пен қажетті тауарлар болса, 5,8 миллион теңге ақ­шалай жөнелтіліп отыр. Сондай-ақ Жам­был облысы бойынша 210 ерікті су ал­ған елді мекендерге көмек жинауға өз үлестерін қосуда. Бұдан бөлек, кеше 260 тонна пияз тиелген 13 жүк көлігі де Жамбыл облысы аты­нан төтенше жағдай жарияланған өңір­лерге аттанды. 

Әрине, бұл үйсіз-күйсіз қалған ағайын­ның жоғын түгендеп бермес. Алайда жанға жұбату болса игі. Жығылған жұртпен қазақ­стандықтар бірге екенін сезінсе, көңілге сол да демеу. Әлбетте, мұндай жағдай енді қай­та­ланбасын деп тілейміз. Ең бастысы, қауіп­тің беті сейіліп, халық қайта құтты қонысына оралсын!

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы