Еріктілер Жайық жағасында бөгет тұрғызуға, күн сайын қапшықтарға топырақ толтырып, су тасқынымен күресте аянбай еңбек етіп жатыр.
Батыс аймағындағы жігерлі жастардың басы бірікті
1,036
оқылды

 

«Жастар рухы» Жастар қанаты Батыс Қазақстан облыстық филиалының волонтері Арай Зайдекенованың айтуынша, аймақта төтенше жағдай жарияланған күннен бастап, ел болып бәрі бірігіп, бас көтергенін сөз етті.

– Қазір өңірімізде болып жатқан төтенше жағдайға байланысты жастарымыз бір кісідей жұмылып, ел үшін еңбектеніп жатыр. Аймағымызда төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап 250-ден астам ерікті жұмылдырылды. Батыс Қазақстан облыстық филиалының рухтастары Қаратөбе, Сырым, Теректі және Бөрлі аудандарының тұрғындарына алғашқы гуманитарлық көмекті жеткізді. Еріктілер Астана қаласынан 28 тонна, Шымкент қаласынан 20 тонна және Қырғызстан мемлекетінен келген 80 тоннаға жуық гуманитарлық көмекті түсіріп, оларды эвакуациялық пункттер мен суға кеткен ауылдардағы тұрғындарға жеткізуге көмектесті. 

Сонымен қатар «Жастар рухы» ЖҚ-ның 100-ден аса волонтері Жайық жағасында бөгет тұрғызу, күн сайын қапшыққа топырақ толтыра отырып, су тасқынымен күресте аянбай еңбек етіп жатыр. Ал Маңғыстау, Алматы қалаларынан келген әскери қызметкерлер мен ТЖ қызметкерлеріне және ауыр техникалармен жұмыс істейтін азаматтарға күн сайын ыстық тамақ таратылды. Оған қоса, сарбаздар  мен волонтерлерге ауызашар кезінде жергілікті аспаздардың қолдауымен ыстық тамақ жеткізілді.

Рухтастар күшімен қаламыздағы 6-шағынауданда орналасқан Теннис орталығында 500 адамға арналған эвакуациялық пункт құру жұмысы жүргізілді. Оның үстіне бүгінгі күннен бастап жергілікті кәсіпкерлер мейрамханалардың демеушілігімен 200 еріктіні түскі аспен қамтамасыз етті. Бұл Батыс аймағындағы жігерлі жастар жұмысының бір бөлігі ғана. Әлі де ісіміз жалғаса бермек. Еліміз аман, жұртымыз тыныш заман болғай! – дейді «Жастар рухы» Жастар қанаты Батыс Қазақстан облыстық филиалының волонтері Арай Зайдекенова.