Аудан әкімі Асхат Смаилов облыстық маңызы бар «Сәтбаев – Ақсуат» тасжолын қызыл су шайып, бүлінген тұстары қалпына келтірілгенін жеткізді. Сондай-ақ аудан басшысы «Қарағанды – Аягөз – Боғас – Кіндікті» бағытындағы автожол бойында орналасқан Боғас өзенінен өтетін көпірдің су тасқыны салдарынан бүлінген тұсын көрсетіп, оны қалпына келтіру жұмысы туралы баяндады.
Айта кетейік, Боғас өзені арқылы Ақсуаттан Кіндікті ауылына алып баратын көпірді су шайып, аудан орталығымен уақытша жол қатынасы үзілді. Алайда жергілікті атқарушы билік жағдайды жедел ретке келтіру жұмысын қолға алып, бүгінде «Зайсан-Құрылыс» компаниясы уақытша өткел салуды бастап кеткен. Аудандық жедел штаб алгоритміне сәйкес, жергілікті атқарушы органдар, мемлекеттік мекемелер, төтенше жағдай қызметі, ауыл азаматтары, волонтерлер бірлесе әрекет етіп, ауылдардағы тұрғын үйлерге, қора-қопсыға, дүние-мүлікке, төрт түлікке ешқандай залал келмегенін айтып отыр.