Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдан бері әйелдер мен балалардың құқығын қор­ғау, қауіпсіздігін сақтау және отбасылық зорлық-зом­былық секілді озбыр­лық­қа жол бермеу үшін ар­найы шаралар қабылдау кере­гін ескерткен болатын.
Жұлдыз Сүлейменова, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі: «Әйел құқығы – адам құқығы» деген ұстанымға келуіміз қажет
5,452
оқылды

Пре­зидент тапсырмасына сәй­кес Заңды әзірлеу бары­сындағы түгелге дерлік жұ­мыстың басы-қасында бо­лып, жетекшілік еткен Мә­жіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жұлдыз Сүлей­ме­новамен сұхбаттасқан едік. 

– Жұлдыз Досбергенқызы, қазір отбасы мен тұрмыстағы зор­лық-зомбылық қоғамда жиі тал­қыланатын өзекті әрі өткір мә­селеге айналып отыр. Жалпы, әйел­дер мен балаларға күш көр­сету, агрессия мен ұрып-соғу, зорлау, зорлық көрсету неден немесе қайдан пайда болады? Бұл әлеуметтік проблема ма, әлде...

– Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың шығу тегі туралы сұраққа жауап берер болсақ, бұл сұрақ кешенді, өте ауқымды проблемаларды қамтиды. Атап айтқанда, әлеу­меттік, мәдени, экономикалық, психологиялық, сонымен қатар тарихи күрделі әртүрлі, бәлкім көп құрылымды аспектілерді қамтиды деп айтуға болады. Бұл тақырыпты зерттегеннен кейін, бұл тақырыппен етене таныс болғандықтан, бірнеше факторға тоқталғым келеді. 

Бірінші – әлеуметтік және мәдени фактор. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты біраз зерттеулерге қарасақ, бірін­ші кезекте қоғамда сақтал­ған гендерлік теңсіздіктің, мәдени көзқарастардың, кейбір ескірген нормалар мен адам құқықтарына сай келмейтін ескірген стерео­типтер бұл келеңсіздіктің қа­лыптасуына себеп болуы мүмкін. Мысалы, кей­бір ескі патриархал­ды озбыр­лыққа сай мәдениеттер бар. Ол жерде ер адамның әйел мен балаларды басқаруға құқығы бар деп санайды. Бұл зорлық-зом­былықтың негізгі әрі алғаш­қы нышаны болып табылады.

Екінші фактор – эконо­ми­ка­лық себептер. Мысалы, қар­жы­лық себептер отбасындағы шие­леністі күшейтетін және зорлық-зомбылыққа алып келетін фак­тор болуы мүмкін деген зерт­теу­лер бар. Адам жұмыстан айырыл­ған кезде немесе қаржылық қиын­­­дықтар отбасындағы күй­зеліс пен жанжалды күшейтеді. Бұл жерде көптеген қазақстандық зерттеулерді оқып, таныстым. Мәселен, әйелдердің эконо­ми­калық мүмкіндіктерінің аз болуы гендерлік теңдіктің болмауына және озбырлыққа шыдауына негіз болады деген зерттеулерді көрдім.

Психологиялық факторларға келер болсақ, кейбір адамдар агрессияға беріліп немесе тұлға ретінде бағаланбауы, эмпатия­ның болмауы немесе эмоция­нал­ды интеллектіні реттей алмауы салдарынан зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Бұл да бөлек үлкен тақырып. Мысалы, жеке ше­караны шегендей алмауы, басқа азаматтардың көзқарасына мұқтаж болу секілді үлкен проб­лемалар бар. Бұл проб­лемалар бала кезден ата-анамен қарым-қатынасына да, ата-анамен сепарациясына да байланысты деп ғалымдар айтып жатады. 

Ал үлкен контекст – мәдени және тарихи контекст. Әртүрлі ел мен мәдениетте тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түрлі деңгейі мен нысаны бар. Кейбір елдер өздерінің ескі стереотип­терін жеңген. Олар әйелдің құ­қы­ғы, баланың құқығы – адам­ның құқығы деген шынайы ұс­танымға келген. Кейбір мем­лекеттерде ескі дәстүр ескі стереотип күйінде қалған. Бірақ әлем өзгеріп жатыр. Біз жаңа за­манда өмір сүріп жатқандықтан, жалпы әйелдің құқығы – адам­ның құқығы деген ұстанымға келуіміз қажет деп ойлаймын. Ха­лықаралық тәжірибені зер­де­лейтін болсақ, тұрмыстық зор­лық-зомбылық мәселесін шешу, ол құрбандарды, жәбірлену­шілерді қорғау, оларды қолдау.

Қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың зияны балабақ­шадан бастап барлық оқу ор­нында оқыту, біздегі қыз тәр­биесіне «қызға қырық үйден тыйым» деген нақты ең негізгі формасы бар қағида секілді, дәл сондай тәрбиені ер-азаматтарға да, ер балаларға да үйрету қажеті туындайды. Халықаралық тә­жірибеде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың зиянын оқытып, түсіндіру бар. Бұдан бөлек, құрбандарға, жәбірленушілерге қолдау көрсетудің қызметтері қолжетімді болуы қажет. Аза­мат­тық қоғам ұйымдары мен жер­гілікті өкілді билік және қоғам­дас­тық барлығы ынтымақтас­тыққа ықпал ететін заңнамалық шараларды қамтитын ауқымды тәсілдерді жүзеге асыруы қажет.

Мемлекет басшысының қо­ғам­дағы кез келген құқық­бұзу­шы­лыққа қатысты жазаны қатаң­дату тапсырмасына сәйкес Мәжіліс қабылдаған және Мә­жіліс депутаттары Дания Ес­паева, Асхат Аймағамбетов, Елнұр Бейсенбаев және менің бастамашылдығымызбен әзір­ленген әйелдердің құқығын қор­ғау, балалардың қауіпсіздігін са­қтау заңы кешенді әрі ау­қымды әдіс-тәсілдерді қамти­ты­нын атап өткіміз келеді. Бұл проб­лема біздің елде ғана бар деп айту артық. Өйт­кені БҰҰ-ның ста­тис­тикасына қарайтын болсақ, әлем­де әрбір үшінші әйел жы­ныс­тық немесе тұрмыстық зор­лық-зомбылық көрген. Әлемнің 155 мемлекеті өздерінің заңда­рын қатаңдатқан. Сондықтан отбасылық зорлық-зомбылықты қоғамдық дерт, қазір адамның құқығын таптауға бағытталған дерт деп қарастыру керек. Егер шын мәнінде шынайы қауіпсіз және құқықтық мемлекетке айналамыз десек, бұл дертпен күресіп, себеп-сал­дарын анық­тап, соған қатысты қадам жа­сауымыз қажет деп бұған дейін де көптеген зерттеуші, құқық­танушылар, заңгерлер айтып келді.

Бұл Заң әр азамат үшін қауіп­сіз, оның ішінде әйелдер мен бала­лардың құқықтары қорғал­ған шынайы құқықтық мемлекет құру жолындағы нақты қадам болмақ. 

– «Қазақстан Респуб­лика­сының кейбір заңнамалық акті­леріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қам­тамасыз ету мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толық­тыру­лар ен­гізу туралы» Заң не­гізінде қыл­мыс­тық жауапкер­ші­лік қатаңда­тылды. Бірақ Заң айып­керді жауап­қа тартқаннан гөрі, алдымен зорлық-зомбылықтың алдын алу мен оны болдырмау үшін қандай мәселелерді қарас­ты­рады? Сон­дай-ақ Заңда отба­сы құндылығы, ер адамға құрмет мәселесі қарас­тырылған ба?

– «Аурудың емін іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» дейтін қазақ мақалы да осыған меңзейді. Бірнеше зерттеу де соны көрсетті. Профилактикаға қаражат көп жұмсалған сайын құқықбұзу­шы­лық азая түседі. Бірақ елімізде «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заң 2009 жылдан бері бар. Соңғы 6 жыл­да әйелдер мен балаларға қар­сы жасалатын зорлық-зом­былық саны 3 есе артқан. Бұл нені білдіреді? Біздегі профи­лактика жемісті болмағандық­тан, осындай зардапқа әкелді. Демек заңды гуманизм шең­берін­де қатайту, бірінші кезекте, ана мен баланы қорғауға бағыт­талған. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қағиданы, біз, «Ұлт болам десең, балаң мен анаңды қорға» деп толықтырдық. Заң ана мен баланы қорғауға бар күшін салады. Сапалы ұрпақ қа­ласақ, дәл қазір бұл заңды қа­тайту – біздің ұлт ретіндегі мә­дени серпілісімізге әкеледі.

Әйелдің құқықтарын қорғау және балалардың қауіпсіздігін сақтау туралы заңдар әдетте ер адам­ның немесе әкенің отба­сын­дағы немесе қоғамдағы рөлін тө­мендету мақсатында жасал­майды. Бұл Заң негізінен кең ау­қымда құқықтық-экономи­ка­лық, мәдени саясатты жетілдіруге арналады. Заңның мақсаты қо­ғам­ның барлық мүшелерін тең дами алатын және тең негізде өз­дерін қауіпсіз санайтын құ­қық­тық қорғалған, анғұрлым әді­летті қоғамда өмір сүргісі ке­летін қоғам сұранысын қамта­масыз етуді көздейді. 

Бірақ кез келген заңның нормалары қоғамда талқылау мен талас тудыруы әбден мүмкін. Бұл жерде дәстүрлі гендерлік рөлдер немесе отбасылық жалпы қарым-қатынастар қайта қа­ралуы мүмкін деген ықтимал­дық­та. Алайда аталған заңда мысалы, «Отбасы және неке туралы» кодекстің 2-тармағына 9-шы және 10-шы жаңа тар­мақшалар енгізіп отырмыз. Бұл жерде отбасы құндылықтарын, мәдени дәстүрлі, яғни Қазақстан Республикасының Консти­туциясы мен Заңдарына қайшы келмейтін барлық дәстүрлі-мәдени отбасылық құндылық­тарды қолдау, нығайту, сақтау деген бапты енгізіп отырмыз. Сонымен қатар отбасылық құн­дылықтарға құрмет рухында балаларды тәрбиелеу деген жаңа баптарды енгіздік. Яғни, бұл біздің ғасырдан ғасырға сақ­талған отбасылық дәстүрлі құн­дылықтарымызды қорғауға негіз болады деп ойлаймын.

Сіздің «Заңда отбасы құн­дылығы, ер адамға құрмет мәсе­лесі қарастырылған ба?» деген сұрағыңызды заң жобасын бірінші оқылымда Мәжілісте талқылаған кезде Ермұрат Бапи, Аманжол Әлтаев, Жанарбек Әшімжан бастаған депутаттар жан-жақты қырынан қойды. Сол кезде нақты мәселелерді айттым. Заңның мақсаты ерлер мен әке­лердің рөлін төмендету емес. Заңның мақсаты «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тер­беткен» қазақ әйелінің ХХІ ға­сырға дейін сақталған қасіретті тағдырын өзгертуге қа­дам жасау. Кезінде Алаш зия­лылары аңсап кеткен, Алаш зиялылары өзінің партиялық бағдарламаларына қосқан әйел­дің теңдігін кең ауқымда, оның құқықтық теңдігі және эконо­микалық мүмкіндік­тері негізінде нақты тетіктерін бекіту.

Негізгі мәселе – құқықтық және гендерлік теңдік жыны­сына, этникалық және басқа да ерекшеліктеріне қарамастан, барлық азаматтың тең құқықта­ры мен мүмкіндіктеріне кепілдік беретін заңдар мен сол заңдарды жүзеге асыратын жақсы стан­дарт­тар әзірлеу және оның жү­зеге асырылуы деп білемін. Білім алу мен денсаулығын то­лық­қанды сақтауға қолжетім­ді­лікті қажет ететін, жалпы патриар- халды озбырлыққа қарсы тұра­тын азаматтық қоғам қалыптас­тыру өзекті деп білемін. Қазақ халқының ұлттық болмысы, оның сана-сезімі тұрғысынан қа­ра­ғанда, азаматтардың ген­дерлік теңдігін қабылдау, біздің идеологиялық немесе өзіміздің мүддемізге қарсы келмейтінін атап өткім келеді.

– Халқымыздың қалыптасқан отбасындағы қарым-қатынас құндылықтары арқылы қазіргі қоғамдағы зорлық-зомбылық зардаптарымен күресудің тетігін қалыптастыруға болатын сияқты. Осы тұрғыда қандай ұсыныстар қарастырылды?

– Жалпы, қоғамда бір қасаң түсінік қалыптасып қалған. Ол егер әйелдердің құқығын және гендерлік теңдігін қамтамасыз ететін болсақ, қорғап сақтайтын болсақ, қазақтың ұлттық бол­мысына қатер төнеді деген түсінік. Бұл өте қате пайым. Бұл стереотипті және ескі түсінік деп айтқым келеді. Тарихқа үңілетін болсақ, тарихты білсек, Бопай ханым, Айғаным ханым сынды аналарымыздың болмысынан, тау тұлғасынан әйел мен ер аза­маттардың отаршылдық саясатқа дейінгі теңдігі, өзара үндестігі то­лыққанды сақталғанын көре­міз. Сонымен қатар дәлел керек болса, көшпелі демократия, дала демократиясы, әскердің болмауы соған қарамастан, ұланғайыр территорияны сақтап қалуда ер азаматтармен бірге әйелдердің де жауапкершілікті сезінуін, атқа қонып ел қорғауда тайсалма­ғанын айтуымызға болады. 

Өткен жолы профессор, ака­демик Айгүл Ісмақова апайға «Алма Оразбаева туралы, ХХ ғасыр басындағы қазақ әйел­дердің қозғалысы туралы, жалпы қазақ әйелі туралы бірнеше лек­ция оқыңызшы» деп айттым. Мысалы, әйел теңдігі мәселесі 1917 жылы бүкіл Қазақ съезінде он төрт өзекті мәселенің қата­рын­да тоғызыншы тақырып бо­лып талқыланды. Бұл жалпы қа­зақ қоғамындағы әйел теңдігі мәселесіне бұрыннан сұра­ныстың бар екенін, отаршылдық­қа дейін бұл кәдімгі қалыпты норма жағдай болғандығын көрсетеді.

Иә, халқымыздың отбасылық құндылықтарында нақты темір­қазық ұстанымдарымыз бар. Бұл жалпы адамзаттық құндылық­тарға да жатады. Намыс және ар деген үлкен монументалды құн­дылықтарымыз бар. Сонымен қатар халқымызда «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген қалып­тасқан темірқазық ұстаным бар. Жалпы, қазақтың ұлттық болмы­сында отбасында салауатты сый­ластықты дамыту ежелден келе жатқан дәстүр. Осы дағ­ды­ларға жас ата-аналдарды қай­тадан тәрбиелеу, жанжалдарды бейбіт, қол көтермей-ақ, күш көрсетпей-ақ әлдінің әлсізге әлімжеттік көрсетуіне жүгінбей-ақ шешуді де қарас­тыру қажет деп ой­лай­мын. Біз Заңда эмо­цио­налды интел­лект және пси­хо­логиялық көмек көр­сету, отба­сын қолдау орта­лық­тарына көп мән бердік. Себебі отбасылық зорлық-зомбылықты болдырмас үшін эмоционалды көңіл-күй, психо­логиялық ден­саулық өте ма­ңыз­ды. Мәселен, Жүсіпбек Аймауы­тов­тың бұған қатысы үлкен-үлкен еңбектері бар. Соларды педагогика саласы­на, ата-ана, бала тәрбиесі мәсе­ле­сіне енгізу керек деп ойлай­мын.

– Ал Заңда балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау тұрғысында қандай нормалар қарастырылды? Педофилдерге берілетін жаза қандай болмақ? Сонымен қатар әйелдер мен балалар арасындағы суицид мәселесіне қатысты қан­дай ұсыныстар қабылданды?

– Заңда педофилдерге өмір бойы бас бостандығынан айыру нормасы қабылданып отыр. 

Суицидтің алдын алу мақ­сатында Қылмыстық кодексте жаңа 2 құрам бойынша норма енгізілді. Оның бірі – суицидке итермелеу, екіншісі – суицидті насихаттау бойынша. Суицидке итермелегені үшін 5 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге бас бос­тандығынан айыру жазасымен қылмыстық жауапкершілік бел­гі­леу ұсынылса, суицидті наси­хат­тағаны үшін 200 АЕК мөл­шерінде айыппұл түрінде жаңа қылмыстық жауапкершілік ен­гізілді.

Тағы бір қайталап айтатын мәселе, жоғарыда атап өткен зорлық-зомбылыққа, басқа да қатыгездікке немесе адамның қадір-қасиетін қорлауға жол бермеу мақсатында бірқатар норма қарастырылғанын айтып өткен жөн. Баршаңыздың назар­ларыңызды аударғым келетін бір мәселе, бұл баптар тек әйел не­месе бала құқығын қорғаумен қатар, барлық құқығы бұзылған денсаулықтарына қасақана жеңіл зиян келтірілген және ұрып-соғуға тап балған барлық азамат­тар­­дың құқығын қорғауға бағыт­талады. Оның ішінде ер адам­дар да бар. Яғни, ер азамат­тарымыз да аталған бап бойынша өз құ­қықтарын қорғай алады. Заңның тақырыбы ең басында әйелдер мен балалардың құқы­ғын қорғау­ға бағытталғанымен, біз әйел мен баланы бөліп қара­май, қоғамдағы тәртіпті орнық­тыру мәселесіне жіті назар ау­дарып отырмыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Заң үстемдігін және тәртіп қағидатын әділетті қоғам құрудың басты факторы ретінде айқындады. Осыған орай негізгі мақсат – құқықбұзу­шы­лықтар үшін жауапкершілікті күшейту. 

– Уақыт тауып, сұхбаттас­қаныңыз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ