Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Түркістан облысында ауыр қыл­мыс жасағаны үшін халықаралық іздеуде жүрген күдіктілер ұсталды
686
оқылды

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қылмыстық қудалаудан жасырынған адамдарды іздестіруге ерекше назар аударып келеді. Осы ретте Бас прокуратурамен бірлесіп, ҚР Сыртқы істер министрлігінің және ҚР ІІМ Интерполының қолдауымен халықаралық іздеуде жүрген күдікті Корея Республикасынан елге жеткізілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Күдікті жәрдемдесу, қылмысты арандату және психотроптық заттармен заңсыз қарым-қатынас жасады деген күдікке ілінді (ҚР ҚК-нің 28-бабы 5-бөлігі, 296-бабы 4-бөлігі және 412-бабы 1-бөлігі 3-тармағы 1) Атап айтқанда, 2022 жылы Түркістан облысы полиция қызметкерлерімен сөз байласып, жергілікті тұрғынды анықталмаған адамдардан «Мефедрон» психотроптық затын сатып алуға арандатқан. Осы жылдың 29 наурызында күдікті Алматы қаласының тергеу изоляторына қамалды.

«Аталған қылмысқа қатысты облыстық Полиция департаментінің Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бөлім басшысы мен жедел уәкілі үй қамақта. Осыған ұқсас қылмыстарға күдікті іс бойынша тағы бір қылмысқа қатысушы бұдан бұрын ұсталып, Корея Республикасынан жеткізілді», – делінген Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ақпаратында.

Сонымен қатар Шымкент халықаралық әуежайында халықаралық іздеуде жүрген күдікті ұсталып, тергеу изоляторына қамалды.

Ол Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасының бас маманы лауазымын атқара отырып, адамдар тобында өзінің басқарма басшысымен алдын ала сөз байласу арқылы заңсыз баю мақсатында COVID-19-ға байланысты карантин кезінде іс-шаралар өткізуге бөлінген аса ірі мөлшердегі сеніп тапсырылған ақшалай қаражатты ұрлаған.

«Биыл 29 наурызда күдікті Кентау қаласының тергеу изоляторына қамалды. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабы ережелеріне сәйкес, өзге де ақпарат таратылуға жатпайды. Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқықбұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрқайсысы кінәсіз деп есептеледі», – делінген Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ақпаратында.

Айта кетейік, аталған қылмысты іздеуде жүрген күдікті тобында жасаған облыстық басқарма басшысы 8 жылға бас бостандығынан айыруға сотталған болатын.