Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, су деңгейі 7 метрге дейін көтерілген.
Атбасар қаласында да төтенше жағдай жарияланды
Фото: Ерлан Әбішев
1,237
оқылды

Жылда көктем сайын тасқын судан зардап шегетін Атбасар қаласы биыл да қарғын судың астында қалды. Таңға таяу көтерілген Жабай өзені бойы қойылған дамбаны бұзып өткен су қаланың шеткі аймағындағы ондаған үйлер мен білім ордаларын басып қалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі. 

Жабай өзенінен арқыраған ағын су бүгін шамамен таңғы бес шамасында көтерілген. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, су деңгейі 7 метрге дейін көтерілген. 

«Барлық ескерту жүйелері дереу іске қосылды. Құтқарушылар халықты эвакуациялау сондай-ақ нысандар мен тұрғын үйлерді қорғау бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Атбасар қаласында да төтенше жағдай жарияланды. Қазіргі уақытта мотопомпалардың көмегімен еріген суды сору жұмыстары жүргізілуде. Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің 400-ден астам адамы мен 100 бірлік техникасы жұмылдырылды», – дейді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаев. 

Ведомствоның мәліметінше, қаланың №1 орта мектебі мен коррекциялық білім беру орны және бірнеше жер үйлер суға кеткен. Құтқарушылар адамдарды эвакуациялау шараларын жүргізуде.

Естеріңізге сала кетсек, қалада осыған дейін ең ірі су тасқыны 2017 жылы болған еді.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы