Сенаторлар әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғауды күшейту туралы заңды мақұлдады.
Енді әйелін ұрғандар қылмыстық жауапқа тартылады
senate.parlam.kz
784
оқылды

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғауды күшейту туралы заңды мақұлдады.

Отырыс төтенше жағдайға байланысты Сенат депутаттарының өңірлерде атқарған жұмысының аралық нәтижесін қорытындылаумен басталды. Осы мәселеге тоқталған Мәулен Әшімбаев бірқатар сенатор облыстарға арнайы барып, су тасқынына қарсы күреске белсенді қатысып жатқанын атап өтті. Депутаттар тиісті мемлекеттік органдармен бірге табиғи апаттың зардаптарын жоюға қатысып жатыр. Сондай-ақ зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, оларды алаңдатқан өзекті проблемаларды шешуге қолғабыс көрсетуде. Сенат Төрағасы мұндай сын-сағатта бүкіл ел болып жұмылу аса маңызды екенін айтты.

Сонымен қатар Палата отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды екі оқылымда қарап, мақұлдады. Заңдардың басты мақсаты – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіру, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстардың алдын алу және жолын кесу.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үнемі баса мән беріп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында арнаулы заңдар әзірленді. Осылайша, әйелдер мен балалардың заңды мүдделерін қамтамасыз ету және елімізде отбасы институтын нығайту үшін қосымша құқықтық тетіктер енгізіліп отыр. Сондай-ақ отбасылық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат Төрағасы осы заңдар аясында өмірде қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдауға арналған ережелер де қарастырылғанын атап өтті. Заң нормалары арқылы тиісті уәкілетті органдардың өкілеттіктері айқындалады. Отбасын қолдау орталықтары және «111» байланыс орталығы сияқты ұйымдардың құзыреттері де заңнамалық деңгейде белгіленеді.

«Мақұлданған заңдарға сәйкес енді денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені және ұрып-соққаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылады. Өз кезегінде сот қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның тәртібіне қатысты ерекше талаптар белгілей алады. Сондай-ақ буллинг, кибербуллинг балаларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіріп кету әрекеттері үшін әкімшілік жауапкершілік көзделіп отыр. Алдағы уақытта бұл заңдар әйелдер мен балалардың конституциялық құқықтары мен мүдделерін қорғауға тың серпін береді деп сенеміз», – деді Палата Спикері.