Бүгін Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен Палата отырысы өтті.
Гидротехникалық құрылыстардың 60%-дан астамы тозған
senate.parlam.kz
1,211
оқылды

Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалын жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Сенатор Ольга Булавкина әрбір мемлекеттік органның төтенше жағдай кезіндегі әрекеті үшін жауапкершілігін заңнамалық тұрғыдан бекітуді ұсынды.

Қазақстанның 10 өңірінде бұрын-соңды болмаған табиғи апат болды. Төтенше жағдай тәртібі енгізілді. Сенат депутаттары тасқын судан зардап шеккен өңірлердегі тұрғындарға қажетті қолдау көрсетіп жатыр. Ольга Булавкина өзінің Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында болашақта төтенше жағдай салдарын азайтуға көмектесетін бірқатар шараларды ұсынды.

«Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тасқын судан зардап шеккен азаматтарға шұғыл түрде көмек көрсетуді тапсырды. ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Үкіметке және өңірлерге тасқын судың зардаптарымен күресте қажетті қолдау көрсетуде. Өңірлерде азаматтармен кездесулер кезінде тұрғындар табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай туындаған кезде мемлекеттік органдардың іс-әрекетіндегі сәйкессіздік туралы айтты», – деді сенатор.

Ольга Булавкина төтенше жағдайлардың алдын алуға және уақытылы ден қоюға, адамдардың өмірін сақтап қалуға және залалды барынша азайтуға ықпал ететін тиісті хаттаманы әзірлей отырып, әрбір мемлекеттік органның төтенше жағдай кезіндегі іс-әрекеті үшін жауапкершілігін заңнамалық тұрғыдан бекітуді ұсынды. Сенатор сонымен қатар тасқын судың аграрлық секторға кері әсерін атап өтті.

«Ондаған шақырым құнарлы жер су астында қалды. Тасқын судың ауыл шаруашылығына келтірген залалы әлі бағаланбады. Ауыл шаруашылығы алқаптары мен мал шаруашылығына ауқымды залал келді, өсімдік шаруашылығы үшін елеулі зардаптар елдің азық-түлік қауіпсіздігінің нашарлауына, ал жайылым жерлерінің батпақтануы жемшөп базасының жетіспеушілігіне әкелуі мүмкін. Бұл кейіннен мал басына әсер етеді. Тасқын судан кейін топырақтың құнарлылығын қалпына келтіру, тасқын судың өсімдік шаруашылығына зиянды әсерін азайту бойынша ғылыми зерттеулерге негізделген кешенді бағдарлама әзірлеуге көмектесетін шұғыл шаралар қабылдау қажет», – деп атап өтті Ольга Булавкина.

Сенатор осыған байланысты Үкімет басшысынан Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция, Денсаулық сақтау, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрліктеріне, барлық деңгейдегі әкімдерге жедел әрекет етуді және ел азаматтарына уақытылы кешенді көмек көрсетуді тапсыруды сұрады.

Серік Шайдаров: Гидротехникалық құрылыстардың 60%-дан астамы тозған

Министрліктер мен әкімдіктердің су қоймаларын салу, еріген қар суын жинау және өзен арналарын тазарту жөніндегі он жыл бұрынғы орасан зор жоспарлары қағаз жүзінде қалды, – деді сенатор Серік Шайдаров.

Депутаттың айтуынша, елімізде жылда су тасқыны болып жатыр, ал билік олардың алдын ала алмайды және тек салдарымен күреседі. Тасқын суға қарсы шаралар тиісті деңгейде жүргізілмейтіні айдан анық.

Сенатор Премьер-Министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында гидротехникалық құрылыстарға қатысты мәселеге тоқталды. Олардың көпшілігіне 50 жылдан астам уақыт бойы күрделі жөндеу жасалмаған және қайта жаңғыртылмаған. Олардың 60%-дан астамы тозып біткен.

«Жыл сайын көзбен көріп, тексерудің қорытындысы бойынша 537 гидротехникалық құрылысты жөндеу қажет екені анықталды, оның ішінде 427 гидротехникалық құрылыс коммуналдық меншікте болып отыр. 2024 жылы коммуналдық меншіктегі бөгеттерге көп факторлы тексеру жүргізуге және қауіпсіздік декларациясын ресімдеуге өңірлер бюджеттерінде 20 өңірдің тек 5-еуінде ғана қаржы көзделген. 2025-2026 жылдарға ешқандай облыста қаржы көзделмеген. Жағдай неге бұлай? Ең алдымен, қолданыстағы заңнаманың жетілмегендігі себеп болып отыр», – деп есептейді сенатор.

Сенатордың айтуынша, мұндай құрылыстарды пайдалану, күтіп-ұстау және жөндеу үшін қаржы керек. 2010-2012 жылдары иесіз бөгеттерді анықтау қорытындысы бойынша олардың барлығы сот шешімі бойынша аудандық коммуналдық меншікке өтті. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, оларды басқару үшін аудандар облыстық коммуналдық меншікке беруі керек еді, ал олар өз кезегінде қаржы жұмсамау үшін қарамағына қабылдамады.

«Гидротехникалық құрылыстардың шамамен 75%-ы аудандық коммуналдық меншікте. Мәселені қысқа мерзімде зерделеп, заңнамаға өзгерістер енгізу, аудандар мен қалаларға өкілеттік беру керек. Облыстағы жергілікті атқарушы органдарында да гидротехникалық құрылыстарды күтіп-ұстау және пайдалану жөніндегі мемлекеттік кәсіпорындар құру құқығы функциясы бар, гидротехникалық құрылыстарды облыстық және аудандық коммуналдық меншікке жатқызу шарттарын айқындау қажет деп санаймыз», – деді сенатор.

Сенатор әрбір елді мекеннің бас жоспарында аумақтарды табиғи құбылыстардың қауіпті әсерінен қорғау жөніндегі шараларды тіркеуді және дайындауды, сондай-ақ осы шаралардың болуын және оларды іске асыруды, сондай-ақ елді мекендерді инженерлік қорғау жөніндегі инвестициялық жобалардың қанша және қай жерде іске асырылғанын тексеруді ұсынды.

Руслан Рүстемов: Қызылордада ирригация жүйесінің нашарлығына байланысты жыл сайын шамамен 2 млрд текше метр су жоғалады

Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары Қызылорда облысында болған кезде Сырдария су объектілерін республикалық меншікке беру қажеттігін атап өткен болатын. Сенатор Руслан Рүстемов Палата отырысында Үкімет басшысының атына сол туралы сауал жариялады.

«Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағдайы Сырдария өзені бассейнінің кепілді сумен қамтамасыз етілуіне және суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайына тікелей байланысты. Суармалы каналдардың, қашыртқылардың және гидротехникалық құрылыстардың тозуына байланысты суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайы нашарлаған, бұл суармалы судың жоғалуына әкеледі. Суару жүйесінің пайдалы әсер коэффициенті өте төмен. Ирригациялық жүйелер әртүрлі органдарға бекітілгендіктен басқару жүйесі бұзылған. Суару жүйелерінің қанағаттанарлықсыз жағдайына байланысты, өңірде жыл сайын шамамен 2 млрд м3 метр су жоғалады, бұл еліміздегі жыл сайынғы су шығынының тең жартысы», – деді сенатор Рүстемов.

Депутат облыс аумағындағы ішкі шаруашылық каналдар «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру» жобасына енгізілгенін атап өтіп, Сырдарияның су объектілерін беру процесі 2016 жылы іске қосылуы тиіс екенін атап өтті. Алайда, бүгінгі күнге дейін су объектілері республикалық меншікке әлі қабылданбаған.

Сенатор осыған байланысты Премьер-Министрден ирригациялық жүйелерде қалыптасқан техникалық-мелиорациялық жағдайды жақсарту және Қызылорда облысында су тапшылығы жағдайында суды реттеудің бірыңғай жүйесін қалыптастыру үшін осы объектілерді республикалық меншікке қабылдауға жәрдемдесуді сұрады.