Бұл – Шалва Папуашвилидің Астанаға алғашқы ресми сапары.
Грузия парламентінің спикері Мәжіліске келді
608
оқылды

Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов Қазақстанға ресми сапармен келген Грузия парламентінің төрағасы Шалва Папуашвилимен кездесті.

Бұл – Шалва Папуашвилидің Астанаға алғашқы ресми сапары. Грузия парламенті делегациясын қарсы алған Ерлан Қошанов қазақ және грузин халықтарын тығыз тарихи қарым-қатынас пен мәдени дәстүрлер байланыстыратынын атап өтті. Екі ел арасында дипломатиялық қатынас орнағалы тиімді саяси диалог жолға қойылды.

Қазақстан Грузиямен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға үлкен мән береді. Бүгінгі кездесу парламентаралық әріптестікті одан әрі дамыту мәселелерін кеңінен талқылауға мүмкіндік береді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде ауқымды саяси және экономикалық реформалар жүзеге асырылып жатыр. Сапар барысында осы өзгерістермен кеңірек танысасыз деп ойлаймын. Олар биліктің барлық тармақтарының жұмысын толығымен қайта жандандырды және қоғамның саясатқа араласуын арттырды, – деді Мәжіліс Спикері.

Кездесу кезінде Ерлан Қошанов конституциялық реформа, Президент пен Парламент сайлауларының қорытындылары және Конституциялық соттың қызметі туралы ақпарат берді. Сонымен қатар жаңарған Мәжілістің заңнамалық қызметімен таныстырды.

Өз кезегінде Грузия парламентінің төрағасы Қазақстан тарапына қонақжайлығы үшін алғысын білдіріп, бұл ресми сапар парламентаралық қатынастың дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.

– Әрине, парламенттерде атқарушы биліктің тетіктері жоқ, бірақ олардың қолында екі маңызды құрал бар. Біріншісі – елдің даму саясатын айқындау, екіншісі – осы саясатты іске асыру үшін құқықтық база құру. Үкіметтеріміз екіжақты ынтымақтастықты табысты дамытуы үшін біз – депутаттар көп нәрсе жасай аламыз, – деді Шалва Папуашвили.

Грузия делегациясының басшысы Қазақстан өңірлеріндегі су тасқынын тез арада еңсеруге тілектестік білдірді.

Тараптар гендерлік теңдік, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, бюджет және салық заңнамасын реформалау, сәулет-құрылыс қызметі сияқты мәселелер бойынша екі ел парламенттері  күн тәртібінің ұқсас екенін атап өтті. Спикерлер осы бағыттарда тиісті комитеттердің депутаттары арасында тәжірибе алмасуға келісті.

– Әріптес ретінде Сіз заңнаманы жаңарту уақыт талабы екенін жақсы түсінесіз. Ал депутаттардың міндеті – түрлі салада болып жатқан өзгерістерге дер кезінде заңнамалық тұрғыда назар аудару, – деді Мәжіліс Спикері.

Тараптар Қазақстан мен Грузия арасындағы экономика, агроөнеркәсіп, көлік-транзит, туризм және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады. Сонымен қатар Ерлан Қошанов грузиялық серіктестерді ынтымақтастықты нығайтудың бір мүмкіндігі ретінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысымен мұқият танысуға шақырды және Қазақстандағы грузин инвестицияларының құқықтық тұрғыда қорғалатынына сендірді.