Қарғын су елді жайлағалы бері Жастар қанатының 3 мыңнан аса волонтері отандастарымызға қол ұшын созуда.
Су тасқыны: Ел-жұрт жұдырықтай жұмылып,  іске кірісті
1,029
оқылды

Елімізде ұзақ жылдан бері болмаған табиғи апат болып отыр. Мұндай ел басына күн туған уақытта құтқарушылармен бірге аймақ тұрғындары мен еріктілер жұдырықтай жұмылып, ортақ іске бірікті.

Олардың қатарында апат орнының басы-қасында жүрген «Жастар рухы» Жастар қанатының еріктілері де бар. Қарғын су елді жайлағалы бері Жастар қанатының 3 мыңнан аса волонтері отандастарымызға қол ұшын созуда.  

«Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерованың айтуынша, төтенше жағдай басталғалы бері құтқарушылармен қатар көмек көрсетіп, алдыңғы қатарда жүрген жастар саны артуда.

«Жергілікті органдар мен волонтерлер өзара тығыз жұмыс істеп жатыр. Себебі табиғи апаттан зардап шеккендердің қажеттіліктерін жедел түрде жеткізу керек. Сондай-ақ өздеріңізге белгілі «Жастар рухы» жанынан еліміздің барлық облыстарында жедел әрекет етуші Республикалық волонтерлер штабы құрылды. Штабқа судан зардап шеккен тұрғындар немесе волонтерлер қатарына қосылам деуші жастар хабарласа алады. Еліміздегі барлық республикалық волонтерлік бірлестік бірлесе жұмыс істеп жатқанын айта кеткен жөн. Волонтерлік ұйымдардың жұмысын «Жастар рухы» Жастар қанаты үйлестіруде. Өткен жолы Атырау облысына 30 тонна гуманитарлық көмекті «Жастар рухы» мен Қазақстан студенттері Альянсы волонтерлері қабылдап алып, пункттерге жеткізсе, Солтүстік Қазақстан облысына  Dauletten қайырымдылық қорымен керекті заттарды жөнелтіп, табыстайтын боламыз. Соңғы мәліметтерге сәйкес,  су тасқынының екінші толқыны күтілуде. Оған да біздің еріктілер дайын болады»,  – деді А.Искандерова.

Алапатты су тасқыны басталғалы бері еріктілердің бірлескен күш-жігері су тасқыны салдарын азайтуға, зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек көрсетуге бағытталған. Атап айтсақ, халықты қауіпсіз орындарға көшіру, суды бөгеу, өзен деңгейінің көтерілуіне жол бермеу үшін қапшықтарды құммен толтыру, гуманитарлық көмек жинап, оны үлестіру, құтқарушыларды ыстық тамақпен, шаймен қамтамасыз ету, суға бату қаупі бар үйлердің маңын қардан тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ «Biz Birgemiz» қоғамдық қорының қолдауымен азық-түлікпен қатар электр жарығынсыз қалған ауылдарға генераторлар да жеткізілді. Осы тұста айта кететін жайт, гуманитарлық көмекті тез әрі дереу жеткізуді тікұшақтармен Төтенше жағдайлар министрлігі қамтамасыз етті. Әуе жолы арқылы көмек Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарына жетті. Қарғын судан зардап шеккен аймақтарға жалпы 250 тонна гуманитарлық көмек келді.

Өздеріңізге белгілі, су тасқыны басталған сәтте Абай облысында адамдар жоғалды. Адамдарды іздестіру жұмысына да еріктілер атсалысты. Сонымен қатар Қостанай әкімінің шақыруын да назардан тыс қалдырмады. Олар көпірді нығайту бойынша жалпы іске қосылды.

Ал атыраулық ерікті Жалғас Халелов өңірде су басу қаупі бар аймақтарда бірнеше күннен бері тұрғындармен  иықтаса  жаға бекіту жұмыстарына  кірісіп кеттік деп отыр.

«Өзен суы көтеріледі деген жаңалықты естігеннен бері қала маңындағы ықшамаудандарда қапшықтарды толтырып, тасу, бөгеттерді орнату жұмыстарын істеп жатырмыз. Волонтерлер қатарында жасөспірімдер, егде жастағы тұрғындар, түрлі сала қызметкерлері бар. Уақытпен санаспай апаттың алдын алуға барынша тырысудамыз», – дейді Ж.Халелов.

Облыс орталықтары, қала шеті мен аудан, ауылдарда еріктілер топ-топқа бөлініп жұмыс істеп жатыр. Қыздар ыстық тамақ істеп, гуманитарлық көмекті сұрыптаса, ерлер түздегі жұмысқа қолғабыс етуде. Волонтерлердің барлығы арнайы оқытудан өтіп, оларға бір жыл ішінде қауіпсіздік шаралары бойынша мастер-кластар ұйымдастырылып тұрады.

Жастар қанаты еріктілерінің көмегімен, төтенше жағдай қызметкерлерінің нұсқауымен тұрғын үйлерге судың кіріп кетпеуі үшін 40 мың құм толтырылған қапшықтан бөгеттер тұрғызылды.

Сондай-ақ жоғарыда айтып өткендей, еліміздегі ірі волонтерлік бірлестіктерден Республикалық волонтерлер штабы құрылды. ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Тынымбайұлы жастар ұйымдарымен кездесіп, су тасқынымен күрес бойынша алдағы міндеттерді шегеледі. Штабқа «Жастар рухы» ЖҚ, ASAR-UME,  Dauletten  қайырымдылық қоры, Қазақстан халқы Ассамблеясы, «Ауыл жастары» Жастар қанаты, Қазақстан жастарының конгресі, Қазақстан студенттер Альянсы, Ұлттық волонтерлік желі және Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы жанындағы «Келешек» жастар кеңесі және т.б. ұйымдар кірді. Волонтерлік ұйымдардың жұмысын «Жастар рухы» Жастар қанаты үйлестіруде.

«Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарын эвакуациялау басталғаннан кейін волонтерлермен қажетті заттар тізімін дайындап, жолға шықтық. Қоғамдық қор және Жастар қанатымен облысқа қарасты су басқан ауылдардағы азаматтарға гуманитарлық көмекті табыстап, хал-ахуалымен таныстық. Дәл осындай жұмыстар өзге аймақтарда да қарқынды жүріп жатыр», – дейді штаб қатарына қосылған  Dauletten  қайырымдылық қорының директоры Жасұлан Қуандық.

Айта кету керек, волонтерлердің атсалысуымен гуманитарлық көмек Қызылорда облысынан Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облысына 11 жүк көлігімен  жіберілсе, Түркістан облысынан Ақтөбеге, Шымкент қаласынан Батыс Қазақстан облысына, Астана қаласынан Қостанай облысына жөнелтілді.