Тұрғындар аудан орталығы Макинск қаласындағы эвакуациялық бекеттерге сондай-ақ, туған-туысқандарының үйлерін паналауға мәжбүр болған.
Қайықпен нан, трактормен адам тасып жүр: Бұланды ауданында бірнеше ауыл тасқын судың ортасында қалды
578
оқылды

Су тасқынының салдарынан Бұланды ауданында да бірнеше елдімекенді су басты. Қазіргі уақытта Вознесенка, Капитоновка, Купчанов, Журавлев сияқты бірнеше ауылда ондаған үй су астында қалды, деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі. 

Тұрғындар аудан орталығы Макинск қаласындағы эвакуациялық бекеттерге сондай-ақ, туған-туысқандарының үйлерін паналауға мәжбүр болған.

Әсіресе Вознесенка ауылындағы жағдай аса қиын. Мұнда ауылдың ортасын кесіп өтетін Қайрақты өзені арнасынан тасып, ауылды екіге бөліп тастаған. Өзен суы санаулы уақыттың ішінде ғана таяу орналасқан 17 үйді басып қалған. Ауылдың ортасындағы темірден жасалған үлкен көпір болған. Бірақ апатты жағдайда деп танылған көпірді былтыр күзде мердігер компания бұзып, биыл жаңадан көпір салып бермек болған. Көпірді бұзып жаңасын салуға бюджет қоржынынан 800 миллион теңге қарастырылыпты. Бөлінген алғашқы 300 миллион теңгеге көпір бөлшектеніп алынып тасталған. Ауылдың бір жағында су, екінші жағында нан  жоқ. Жағдай аса қиын болғандықтан жергілікті билік нанды қайықпен жеткізуге мәжбүр болған. 

«Жағдай расында да аса қиын. Былтыр күзде көпірге демонтаж жасалып алынып тасталды. Мен көпірдің бұзылуына соңына дейін қарсы болдым. Бірақ мердігер компания мен ауданнан тапсырыс беруші құзырлы органмен көпір бұзылды. Қазіргі уақытта Қайрақты өзені ауылды екіге жарып тастады. Ауыл қазір ешқайда шыға алмай сыртқы әлеммен байланыссыз қалды. Дегенмен осы уақытқа дейін азық-түлікпен, дәрі-дәрмекті жеткілікті түрде алып қам жасалып қойған. Қалың көпшілік көпірді алып тастағаннан су басқандай көреді. Бірақ ол көпірден емес. Күн кешегі күндері күрт жылынып, сырт жақтардан, орман жақтардан барлық қар суы өзенге келіп құйылды. Салдарынан өзен арнасынан асып кетті. Қазіргі уақытта 17 үй су астында қалды. Абырой болғанда ауыл тұрғындарының малын айдап қауіпсіз жерге айдап үлгердік. Тұрғындар өз күштерімен жаяулап, қария адамдар трактормен туған-туыстарына жеткізілді. Жергілікті кәсіпкерлер көмегімен Купчановка және Вознесенка ауылына 300 бөлке нанды қайықпен әкелген. Бүгін тағы 500 бөлке тегін нан жеткізілді. Дүкенде нан толып тұр. Ауылдың бір жақ бөлігінде су ұңғымасы бар. Екінші жаққа үнемі суды әр сенбі сайын тасымалдап жеткізетінбіз. Айналма жолда кішкене көпір бар. Оны жыл сайын су тасқыныан кейін жан-жағын биіктетіп түзеп қоямыз. Қазір оның үстінен де су өтіп кетті. Қазіргі уақытта тұрғындардың суы жеткілікті. Дегенмен алдағы аптада жергілікті шаруашылықтардың бірімен келісіп су жеткізіп беруін сұрадым. Біреу-міреу ауыра қалса қайықпен жеткізуге мәжбүр боламыз», - дейді Вознесенка ауылының әкімі Юлия Сироткина. 

Қазіргі уақыта Иванков ауылындағы бөгенді ағын су бұзып өткен. Облыстық төтенше жағдай қызметі Бұланды ауданындағы жағдай бойынша құтқарушылар барынша жұмыс жүргізіп жатқанын алға тартты. 

«Бұланды ауданының Вознесенка ауылына Бурабай ауданынан 12 адам, 2 техника мен 1 жүзу құралы, Аршалы ауданынан 5 адам 1 техника мен 1 жүзу құралы тартылды. Жалпы 17 адам жұмыс жүргізіп жатыр. Сондай-ақ Журавлев ауылында мұздарды жару жұмыстары жүріп жатыр», - деді Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінен. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы