Оған су деңгейінің шамадан тыс мөлшерде көтерілуі себеп болған.
Ақмола облысының үш ауданында төтенше жағдай жарияланды
1,271
оқылды

Ақмола облысының үш ауданында жергілікті масштабта төтенше жағдай жарияланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. 

Атбасар, Жарқайың және Есіл аудандарында төтенше жағдай жариялануына Жабай, Есіл, Жаныспай және Қызылсу өзендерінде су деңгейінің шамадан тыс мөлшерде көтерілуі себеп болған. 

«Адамдарды эвакуациялау үшін арнайы эвакуациялық бекеттер әзірленді. Мал қауіпсіз жерлерге жеткізілді. Жалпы облыс бойынша су тасқынына қарсы кешенді шаралар жүргізіліп жатыр. Оның ішінде өзен арналары мен арықтарда ағын судың кептелісін туғызбас үшін мұздар жарылуда. Елді мекендердің қорғау мақсатында 38 шақырым бөгендер мен дамбалар, 18 шақырым жағалау желісіндегі су нысандары, 5 шақырым қорғаныс дамбалары нығайтылды. Жалпы су тасқыны басталғалы бері 2 миллион текшеден астам су сорылып, 150 мың қапшыққа құм толтырылған. 200 шақырымнан астам арықтар мен каналдар кеңейтіліп, 1442 су өткізу құрылымдары тазартылды», – делінген Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәлімдемесінде.  

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы