Мәжіліс депутаттары су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы жұмысын жалғастыруда. Кейбір елді мекендерде су тартылып жатса, кейбірінде тағы да тасқын су келе жатыр.
Депутаттар аймақ­тар­ды аралады
989
оқылды

Халықпен кездесуде депутаттар табиғи апаттан келген шығынның қалай қалпына кел­тірілетінін түсіндіріп, алдағы су тасқынына дайын­дыққа көмектесіп жатыр.

Мәжіліс депутаттары Еділ Жаңбыршин, Абзал Құспан, Ринат Заитов, Мақсат Толық­бай, Нартай Сәрсенғалиев Атырау облысына барып, бө­гет соғылып жатқан аймақ­тар­ды аралады. Алдымен Соко­лок каналы аумағындағы тас­қын судың алдын алу бойынша ат­қарылып жатқан жұмыстармен танысты. Бұл учаскеге Атырау қала­сындағы Жұлдыз ық­шам­ау­даны және Ақсай, Ақжар, Талқайраң, Бесікті ауылдары­ның маңай­лары кіреді. 

Мұнда ұзындығы 15 шақы­рымды құрайтын дамба салынып жатыр. Бүгінде оның 8 ша­қырымы аяқталған.

Кездесу барысында депутаттар су тасқынынан зардап шек­кен тұрғындарға көрсе­тілетін мемлекеттік қолдау ша­ралары туралы айтты. Мемлекет тарапынан жасалатын мате­риалдық көмек, өтемақы және басқа да қолдау түрлерін алу тәртібі жан-жақты түсін­дірілді.

«Көріп келе жатырмыз техникалар, тұрғындар жұмысқа білек сыбана кіріскен. Сондық­тан су келмей тұрып Жайықтың жағасын бекітіп алуға әлі де мүмкіндік бар деп ойлаймын. Осы уақытқа дейін кеудемізден келетін суды кешіп жүргенде қаншама нәрсе көрдік. Алда өтемақы төлеу, баспаналар мен мал-жанды қалыпқа келтіру секілді мәселелер күтіп тұр. Тө­тенше жағдайға қарсы жұмыс істейтін бір ізді алгоритм жоқ екенін көріп отырмыз. Біз тәуелсіздік алғалы бері барлық апаттың салдарымен күресіп келеміз. Себебімен күрескен жағдайды мен әлі кездестірмеппін. Атырауға әлі су келе қойған жоқ. Сондықтан іргелерді бекітуді пысықтау керек. Бұл ең өзекті мәселе. Судың келе жат­қанын көріп отырмыз. Осыны көре отырып қам жасамайтын болсақ, онда ертен тілсіз жау деп табиғатқа жабу­дың қажеті жоқ. Сондық­тан қазір жұды­рық­тай жұмы­ла­тын кез», – деді Қазақстан Республи­касы Парламенті Мәжілісі­нің депутаты Нартай Аралбайұлы.

Депутат Вера Ким Павлодар облысындағы жұмысын жалғастыруда. Ол Атамекен және Кенжекөл ауылындағы бөгеттердің, бекіністер мен жа­­ғалаулардың техникалық жағ­дайымен танысты. 

Мұнда су тасқынының бірінші кезеңі апатсыз өтті. Ертіс өзенінің бойында орна­лас­қан Жоғары Ертіс су қой­маларынан Шығыс Қазақстан облысына судың екінші тол­қы­ны келуі мүмкін. Тасқын­ның алдын алу үшін жаға­лау­ларды нығайтуға топырақ әке­лініп жатыр. Атамекенге 2 мың тонна, Кенжекөлге 6,5 мың тонна құм жеткізілді.

Тасқын Ақсу қаласына да қауіп төндіріп отыр. Қаланың оңтүстік-шығыс жағына жер үсті бөгеттері тұрғызылды. Сон­­­­дай-ақ Ертіс өзенінің жа­ға­­лауында ұзындығы 1 020 метр, биіктігі 4,5 метр қор­ға­ныс құ­рылысы салынып, 3 мың тоннадан астам топырақ жұм­салды.

Сарапшылармен және ве­домс­тволық құрылымдардың өкілдерімен әңгімелесу барысында Вера Ким ескерту жүйе­лерін тексеру, эвакуациялау орындарын анықтау және жағ­дайды үнемі бақылауда ұстау қажетіне назар аударды. Қазір құтқарушылар елді мекендерде тәулік бойы кезекшілік етіп, мамандар бекіністерді тексеріп жатыр.