Еліміздің бірнеше облысын су басып, бір­қатар өңірде төтенше жағ­­дай жарияланды. Он­дай аймақтарда құт­қару­шылар, жергілікті тұр­ғындар жұдырықтай жұмылып, ортақ іске ат­са­лысуда. Олардың қата­рын­да «Жастар Рухы» жастар қанатының 3 000-нан ас­там волонтері де бар.
3 мың волонтер жұмыла жұмыс істеуде
901
оқылды

«Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерованың айтуынша, су тасқыны басталғалы бері құтқарушылармен қатар көмек көрсетіп, алдыңғы қатарда жүрген жастар саны артуда.

«Жергілікті органдар мен волонтерлер өзара тығыз жұмыс істеп жатыр. Апаттан зардап шеккен тұрғындарға қажет заттарды жедел жеткізу керек. «Жастар Рухы» жанынан еліміздің барлық өңірінде жедел әрекет ететін Республикалық волонтер штабы құрылды. Судан зардап шеккен тұрғындар немесе волонтерлер қатарына қосылам деуші жастар осы штабқа хабарласа алады. Еліміздегі барлық республикалық волонтерлік бірлестіктер жұмыла жұмыс істеуде. Олардың жұмысын «Жастар Рухы» жастар қанаты үйлестіріп отыр. Мәселен, жуырда Атырау облысына жеткен 30 тонна гуманитарлық көмекті «Жастар Рухы» мен Қазақстан студенттері Альянсы волонтерлері қабылдап алып, пункттерге жеткізді. Сондай-ақ Dauletten қайырымдылық қорымен бірге Солтүстік Қа­зақ­стан облысына керекті заттарды жөнелтпекпіз», – деді Ақерке Искандерова. 

Су тасқыны басталғалы бері волонтерлердің бірлескен күш-жігері табиғи апат салдарын азайтуға, зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек көрсетуге бағытталған. Атап айтсақ, халықты қауіпсіз орындарға көшіру, су бөгеу, өзен деңгейінің көтерілуіне жол бермеу үшін қапшықтарды құммен толтыру, гуманитарлық көмек жинап, оны үлестіру, құтқарушыларды ыстық тамақ­пен, шаймен қамтамасыз ету, су астында қалу қаупі бар үй­лердің маңын қардан тазарту жұмыстары атқарылып жатыр.  

Сондай-ақ Biz Birgemiz қоғамдық қорының қолдауы­мен азық-түлікпен қатар элек­­тр жарығынсыз отырған ауылдарға генераторлар да жеткізілді. Осы тұста айта кететін жайт, гуманитарлық көмекті тез әрі дереу жеткізу үшін Төтенше жағдайлар ми­нистрлігі тікұшақпен қам­тамасыз етті. Әуежолы арқылы көмек Атырау, Ақтөбе, Маң­ғыстау облыстарына жетті.

Өкінішке қарай, су тас­қыны басталған сәтте Абай облысында адамдар жоғалды. Оларды іздестіру жұмысына да еріктілер атсалысты. Сон­дай-ақ «Жастар Рухының» 100 волонтері Қостанай қа­ла­сы әкімінің шақыруын қа­был­дап, жағалауды құм салын­ған қаптармен нығайтуға кө­мектесті. Осыған ұқсас жұ­мыс өзге өңірлерде де ұйым­дастырылды.

Ал атыраулық волонтер Жалғас Халелов өңірдегі су басу қаупі бар аумақтарда тұр­ғындармен  иық тіресе  жұмыс істеп, жағаға бөгет қою ісіне көмек көрсетті.

«Өзен тасиды дегеннен бері қала маңындағы ық­шамаудандарда қаптарға құм толтырып, бөгет салып жатырмыз. Волонтер қатарында жасөспірімдер, егде жастағы тұрғындар, түрлі сала қызмет­кері бар. Уақытпен санаспай апаттың алдын алуға барынша күш салудамыз», – дейді Жалғас Халелов.

Атап айтқанда, «AMANAT» партиясының белсенділері мен «Жастар Рухының» во­лонтерлері Атырау маңындағы 7 учаскеде бөгет салуда. Аталған бөгеттердің жалпы ұзындығы 21,2 шақырымды құрайды. Оған 120 бірлік техника мен 1 100-ге жуық адам жұмылдырылды. Бүгінде құм толтырылған 40 мың қап төселді.

Сондай-ақ еліміздегі ірі волонтерлік бірлестіктермен Республикалық волонтерлер штабы құрылды. Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин жастар ұйымдарымен кездесіп, су тасқынымен күрес жұмысының алдағы міндеттерін айқындады. Штабқа «Жастар Рухы» ЖҚ, ASAR-UME қайырымдылық қоры, Dauletten қайырымдылық қоры, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Ауыл жастары, Жастар қанаты, Қазақстан жастарының конгресі, Қазақстан студенттер Альянсы, Ұлттық волонтерлік желі және Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы жанындағы «Келешек» жастар кеңесі және тағы басқа ұйымдар кірді. Волонтерлік ұйымдардың жұмысын «Жастар Рухы» жастар қанаты үйлестіруде. 

«Солтүстік Қазақстан облы­сы­ның тұрғындарын эвакуациялау жұмысы басталғаннан кейін қажетті заттар тізімін дайындап, волонтерлермен жолға шықтық. Су басқан ауыл­дардағы азаматтарға қо­ғам­дық қор және жастар қанатымен бірге гуманитарлық көмек жеткіздік. Дәл осындай жұмыстар өзге өңірлерде де қарқынды жүруде», – деді штаб қатарына қосылған Dauletten қайырымдылық қо­ры­ның директоры Жасұлан Қуандық.

Берік БЕК