1966 жылдың күз мезгілі болатын. Ол кезде Қызылорда облысының Жосалы кентінде тұрамыз. Бір күні үйімізге ерлі-зайыпты қонақ келе қалды. Әкем Айтбай мен анам Мамық меймандарды аса қуанышпен қарсы алып жатты. Бізге «Алматыдан агроном мамандығын бітіріп келген Жұмағали деген ағаларың осы», десті. Келіншегінің есімі Раунақ екен.
Еңбегімен елге танылған
1,288
оқылды

Үйде үйелмелі-сүйелмелі жеті баламыз, мен үшіншісімін, жасым 10-да. Үлкеніміз – Әзиза 8-сы­нып­ты бітіріп, Қызылор­дадағы М.Мәметова атындағы қыздар пе­­дагогикалық училищесінде оқып жатқан. Әзиза әпкеміз жаңа түс­кен Раунақ жеңгемізге арнап, ман­долина аспабымен «Ке­лін­шек» күйін орындады. Өзгеміз үлкен шаһардан келген қонақ­тар­ды үйірсектеп, «қашан осы кі­сі­лердей есейіп, маман болар екен­біз» деп тамсанып қарап қоямыз. Мен Жұмағали ағамен алғаш осы­­лай танысқан едім.

Жұмағали Қасымовтың еңбек жолы сол кездегі Ленин атындағы сов­хозда агроном қызметінен бас­тал­ды. Ал Раунақ жеңгеміз мед­пункт­­те медбике болып жұмысқа кірді.

Жұмағали аға әуелгіде агро­ном, кейін бас агроном қызметін абыроймен атқарды. 1980 жылы  Ленин атындағы совхоздың Карл Маркс атындағы бөлімшесін өз ал­­­дына жеке совхоз етіп құрды. Қар­мақшы аудандық партия ко­ми­теті оны сол өзі құрған «Май­лыө­зек» совхозына директор қы­лып бекітеді. Іскер азаматтың ұйым­дастырушылық қабілетінің ар­қасында жаңадан құрылған кең­шарға агроном, су маманы, есеп­ші-экономист, мал шаруашылығы ма­мандары жан-жақтан жиылып ке­ле бастайды. Жұмағали Қасы­мов­тың қоластында қызмет еткен Нұрдәулет Маханов ағамыз сол кезде шаруашылыққа қажетті МТМ, қоймалар мен қырмандар са­лынып, егістік жерлер аг­ро­те­х­ни­­­калық жағдайға келтірілгенін айтады. Жаңа үлгідегі үйлер де сол жыл­дары салынып, совхозға кел­ген мұғалім мен дәрігерге және бас­қа да мамандарға беріледі. Мек­тептің директоры болған Ел­дес Ермаханов пен оқу ісінің мең­герушісі Жүрсін Қаймақбаевтың естелігінде бұрын 100 шақты бала оқыған шағын мектепте оқушы саны 300-ге жеткені жазылыпты. Ба­лабақша ашылып, ауылдық кеңес, клуб, медпункт жұмыс іс­тей бастаған.  

Кеңшардағы егістік көлемі ұл­­ғайып, агротехникалық талап­тарға сәйкес жүйеленді. Әр үйдің жа­нындағы бақшаға аяқсу жет­кі­зі­ліп, алма, алмұрт, сары өрік, қа­ра өрік, жуа, сәбіз, сияқты қа­жетті же­міс-жидектер мен көкө­ніс­тер егу қолға алынды. Үй ірге­сіндегі учас­кеден бөлек тұрғын­дар­ға кең­шар аумағынан қауын-қарбыз, қы­­­­рыққабат т.б. дақылдар егіп өз қа­жеттерін қамтамасыз етуге жер бөлінеді.  

Жұмағали ағамыздың (1939 ж. ту­ған) балалық шағы да ашар­шы­лық­тан кейін ел есін жия қойма­ған, одан кейінгі қасіретті Отан со­ғысы жылдарымен тұспа-тұс ке­л­іп түрлі қиыншылықты бастан өт­керді. Әкесі Қасым атамыз май­данға кетіп қайтыс болса, анасы 1950 жылы өмірден өткен. Ағасы Ер­тай екеуі жастай жетім қалады. Кеңес үкіметі екеуін балалар үйіне жібергелі тұрған жерінен ағайын­дары Алмасбай ата бас болып, ауыл ақсақалдары алып қалған екен. Екі бала Алмасбай атаның қы­зы Шәри апаның қолында өсе­ді. 1970 жылы Шәри апа дүниеден өткенде Ертай мен Жұмағали аға­лар өз қолынан арулап, жер қой­ны­на тапсырған. 

Осындай қиыншылықты кө­ріп өскен екі бала атпал азамат бо­лып қалыптасты. Ертай ағамыз Ле­нин атындағы совхоз бен Қуаң­дария кеңшарында ірі қара мал фермасында ферма меңгерушісі болып өмірінің соңына дейін қыз­мет атқарды. Ертай ағамыз бен Сұлу жеңгеміз өмірге 11 бала әке­ліп, білім мен тәрбие берген. Ал Жұмағали ағамыз бен Раунақ жең­­геміз 6 ұл, бір қызды өсіріп, жет­­кіз­ді. Көпке үлгілі, өнегелі от­басы бол­ды.  Бүгінде Раунақ жең­ге­міз сол өмірінің жалғасы ұрпақ­та­ры­ның қызығын көріп, батасын бе­ріп жүрген тілекші ана, немере­ле­рі­­нің асыға күтетін асыл әжесі.

Айрықша еңбегі мен іскерлік қа­білетінің арқасында елге та­ныл­ған Жұмағали Қасымов 1986-1992 жылдары Дауылкөл ауылдық кеңе­сінің төрағалығына сайла­нып, Тұрмағамбет, Алдашбай ахун ауылдарының әлеуметтік-мә­дени дамуына елеулі үлес қос­ты. Оның еңбектегі табысы үшін 1970 жылы «В.Лениннің туғанына 100 жыл» медалімен, «КСРО шаруашы­лы­ғын дамытудағы жетістігі үшін» қо­­ла медаль және 1977 жылы «Со­циа­листік жарыс­тың жеңімпазы» төсбелгісімен марапатталған.

Биыл елінің өсіп-өркендеуіне ерек­ше еңбек еткен Жұмағали Қа­­­сымов ағамыздың туғанына 85 жыл, дүниеден өткеніне 30 жыл то­лып отыр. Осы орайда ауданы­мыз­да, шаруашылықтағы мәдени ошақ­тарда мектептер мен клуб­­тарда ол кісінің еңбегін, азаматтық бол­мысын ұрпаққа үлгі етерліктей шаралар өткізілсе деген тілегім бар. Мұндай игілікті іс-шаралар ер есімінің ел есінде мәңгі сақ­талуы­на үлес қосар еді.  

Мұсахан БАСШЫБАЕВ,

 Білім беру ісінің үздігі