Отандық дзюдошылар Олимпиадаға ұпай беретін кезекті жарысқа аттанады. Нұрбол Сүлейменов шәкірттері Гонконгта өтетін Азия біріншілігінде бақ сынамақ.
Олимпиада қарсаңындағы сынақ
2,309
оқылды

Турнирге қатысатын спортшылар қатарында Олимпиаданың екі дүркін жүлдегері, әлем және Азия чемпионы Елдос Сметов те бар. Сары құрлық додасы қарсаңында команда құрамына шолу жасап, өзгерістерге тоқталып өттік. 

Құрлық чемпионатында Париж Олимпиадасына қомақты ұпай беріледі. Атап айтар болсақ, алтын жүлдегер 700, күміс медаль иегері 490, қола медаль еншілеген спортшы 350 ұпай алады. Әрине, ай сайын өтетін Grand Slam турниріндегі секілді көп емес. Десе де, біздің командаға Олимпиада қарсаңында әрбір ұпай ауадай қажет. 

Гонконг төрінде Қазақстан намысын төмендегі спортшылар қорғайды: 

Ерлер:

60 келі:  Елдос Сметов, Нұрқанат Серікбаев

66 келі:  Ғұсман Қырғызбаев, Жанарыс Рахметқали

73 келі: Данияр Шамшаев, Асқар Нарқұлов

81 келі: Абылайхан Жұбаназар

100 келі: Нұрлыхан Шархан

+100 келі: Ерасыл Қажыбаев

Ерлер құрамында айтарлықтай өзгеріс жоқ. Жанарыс Рахметқалиді жаңа есім демесеңіз, қалған спортшылар әлемдік жарыстарда әбден ысылып үлгерген. 

Біздің назарымыз бірден Елдос Сметовке түсті. Отыздан асқан балуан екі Олимпиаданың жүлдесін алса да, алтынға  жетпейінше тоқтамайтынын аңғартқандай. Иә, қазіргі сәтте Сметовтің әлемдік рейтингтегі жағдайы мәз емес. Соңғы жарыстарда да жүлдеге іліккен жоқ. Бірақ ол әлі күнге дейін құрамадағы жас балуандардан кем жаттықпайды. Әдетте отыздан соң үлкен спорттан қол үзетін спортшыларға Елдостың жігері үлгі болатындай-ақ. 

«Олимпиаданың алтынын аламын деп жүргеніме 12 жыл толыпты. Аллаға шүкір, осы аралықта әлем чемпионы болдым, құрлықта көш бастадым. Екі Олимпиаданың тұғырына шығу бақыты да бұйырыпты. Бірақ бала күнгі арманым  әлі маза бермейді. Міне, үшінші Олимпиадаға қатыссам, арман болған алтынды алсам деген оймен алға басып келем. Бұл жолда отбасым, ата-анам мен балаларым да үлкен күш береді. Солардың сенімін ақтау да – менің міндетім. Қазір жарақаттарым айығып келеді. Бұрынғыдай мазаламайды. Үлкен спортта жүрген соң жарақаттан толық айығып кету де мүмкін емес.

Өз салмағымда ізімді басып келе жатқан балуандардың әрбір жеңісіне балаша қуанамын. Бірақ бұқаралық ақпарат құралдары мені басқаларға қарсы қойып, бір-бірімізге жау көрсететіні бар. Шыны керек, менің басты қарсыластарым – шетелдік спортшылар. 60 келіде күресіп жүргеніме қаншама уақыт болды. Осы кезеңде қазақ балуандарын жеңіп жатсам, оған асып-тасып, қуанған емеспін. Ал әрбір жетістіктеріне тілеулеспін. Біздің бәрімізге ортақ мақсат – әлемдегі мықты балуандарды жеңіп, үздіктер қатарынан орын алу. Інілеріме де үнемі осыны айтып жүремін», – дейді Сметов. 

Қазір 60 келіде Сметовтің ізін басып келе жатқан екі спортшы бар. Бірі – Нұрқанат Серікбаев, екіншісі – Мағжан Шамшадин. 

Нұрқанат жақында Тбилисиде өткен Grand Slam турнирінде жеңіске жетіп, ұпай қоржынын молайтты. Ал былтыр жарақатына байланысты қатардан шығып қалған Мағжан құрамаға қайта оралып, мамырда Душанбеде өтетін Grand Slam додасына қатыспақ. 

«Бапкерлерім Азия чемпионатына апар­ғысы келген. Бірақ ақылдаса келе, бұл жарыстан бас тартып, Душанбедегі турнирге күшімді сақтаймын деп шештім. Сәтін салса, Астанадағы әлемдік сынға қатысу да жоспарда бар. Олимпиадаға аз уақыт қалды. Барынша жүлде алып, ұпай жинауға тырысамын», – деді Мағжан Шамшадин. 

66 келідегі Ғұсман Қырғызбаев жаңа салмаққа ауысқалы Азия чемпионатында ғана үштікке ілінді. Жеңіл салмақта әлем чемпионатының финалына жеткен Ғұсман үшін 66 келінің жүгі ауыр боп тұр. 

73 келідегі Данияр Шамшаевқа былтырғы атағын қорғайтын үлкен мүмкіндік туып тұр. Ал Өзбекстанда өмірге келіп, атамекеніне  оралған Асқар Нарқұлов биылғы маусымда мүлде көзге түскен жоқ. Мүмкін, құрлық додасында жолы болар. 

81 келіде команда үздіктерінің бірі Абылайхан Жұбаназар белдеседі. Азия  ойындары мен Grand Slam турнирлерінде жүлдеге ілігіп жүрген балуаннан бапкерлер де үміт күтіп отыр. 

100 келіде ел намысын Нұрлыхан Шар­­хан қорғайды. Бұл салмақтағы қарсы­ластарынан бойы  әлдеқайда кіші болса да, Нұрлыхан қайтпас қайсар­лығымен көзге түскен спортшы. Төбесі­нен қарап тұратын әлем чемпионы Лукаш Крпалектен де қаймықпайды. Сол мінезінің  арқасында былтыр Азиаданың  қола жүлдегері атанса, биыл Париждегі «Үлкен дулыға» турнирінде үштікке енді. Бұл жарыс  Нұрлыхан үшін олимпиадалық рейтингтегі жағдайын жақсартуға үлкен мүмкіндік болмақ. 

Аса ауыр салмақта Ерасыл Қажыбаев бел­деседі. Ерасыл алғашында болашағынан зор үміт күттірген спортшылар қатарында еді. Алайда алыптар айқасында оның жолы болар емес. Енді Гонконг татамиінен сүйінші хабар күтеміз. 

Дзюдодан Азия чемпионаты 20-22 сәуір аралығында өтетінін естеріңізге саламыз. 

Ақырыс СЕЙТҚАЗЫ