Алматыда Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығының қолдауымен, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында Кеңес Одағының батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына арналған «Әскери ғылымдар дамуының өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Сағадат аға Нұрмағамбетов бізді ұлы жорыққа өзі шығарып салып еді – Бақытбек Смағұл
1,982
оқылды

Конференция әскери ғылымды дамыту мәселелерін кең ауқымда талқылау үшін ұйымдастырылды. Халықаралық жиынға ғалымдар, әскери институттың оқытушы-профессорлар қауымы, әртүрлі әскери және күш құрылымдарының өкілдері қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Жиында Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл баяндама жасап, Сағадат Нұрмағамбетовтың бұл жүзжылдық мерейтойы тікелей Мемлекет басшысының тапсырмасымен республикалық деңгейде атап өтіліп жатқанын айтты.

"Осы жиынымыз үшін Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығымен бірлесіп, арнайы түсірілген деректі фильмде батырдың тұлғасы жайында көп жайт айтылды. Сағадат Нұрмағамбетовтың жеткен биіктігі, артына қалдырған ұлы мұрасы кейінгі жас толқынға үлгі-өнеге. Сол асыл мирас негізінде ары қарай да Тәуелсіз Қазақстан әскерилерінің жас толқынын тәрбиелей беруіміз қажет. 

Мен бір естелігімді бөлісе отырайын. Қазақстанда жасақталған, Ауған жеріне алғаш болып кірген барлық жасақтар 1979 жылдың желтоқсанының аяғында, Алматыдағы Сарыөзекте эшелонға тиеліп, Өзбекстанның Термез қаласына жеткізілді. Соның ішінде мен де болдым. Ортаазиялық әскери округ әскерлері қолбасшысының орынбасары, генерал-лейтенант Сағадат Нұрмағамбетов біздің – жас жауынгерлердің қауіпсіздігін қадағалап, Термезге дейін өзі ілесіп барды. Сағадат аға плацта сап құрған біздің алдымызда сөз сөйлеп, майдан даласынан аман-сау қайтуымызды тілеп, ұлы жорыққа өзі шығарып салды", – деді баяндамашы.

Ол Ауғанстандағы сұрапыл соғыста генералдың ағасының баласы да қаза тауып, қайғысы Сағадат ағаға ауыр тигенін атап өтті, қабырғасын қайыстырды. 

"Кейін бейбіт өмірге оралған соң Сағадат Қожахметұлымен жақын араласып тұрдық. 2006 жылы мен Қазақстанның Қарулы күштеріндегі сәлемдесу рәсімін «Армысыңдар, айбынды сарбаздар!» деп өзгерту бастамамды жүзеге асырдым. Сонда әскери ғылымдардың докторы, профессор Ким Серікбаев мені Сағадат Нұрмағамбетовтың алдына алып барып, бірге ақылдастық. Ертесіне профессор Ким Серікбаев менің бастамамның мән-маңызын түсіндіріп, «Казахстанская правда» газетіне арнайы мақала жазды. 

Содан соң да Сағадат ағамен талай кездестік. 

Біз Qazaqstan Arfagerleri Қауымдастығында «Сағадат Сардар» атты арнайы төс белгісін, медалін тағайындадық. Туған жеріне сапарлап, Сағадат Нұрмағамбетовке арналған «Қазаққа қымбат есім» атты деректі фильмді түсірдік", – Бақытбек Смағұлов. 

Оның пайымынша, тәуелсіз мемлекетіміздің тұңғыш Қорғаныс министрі Нұрмағамбетов қайнарында тұрған Әскери доктрина еліміздің қауіпсіздігі мен қорғанысын қамтамасыз етуге сүбелі үлес қосты. Осы аса маңызды құжатта жастарды әскери қызметке даярлау, жаудың ақпараттық-психологиялық ықпалына қарсы іс-қимыл жүйесін дамыту міндеті де атап көрсетілген.

"Генерал Нұрмағамбетовтің әскери дәрістерінен Отан қорғаушыларды қайратты әрі жігерлі етіп тәрбиелеу тағылымына қанығамыз. Бұл дегеніміз – әскердегі темірдей тәртіп, бұйрықтың мүлтіксіз орындалуы екені түсінікті. Әскери қызметті таңдайтын жастар осыны санаға мықтап сіңіруі керек. Сондықтан олардың отбасыдан, балабақшадан ар-намыс рухында өсіп, ер жетуінің маңызы ерекше.

Ақылды және қайратты жастар еліміздің қауіпсіздігі мен қорғанысын сенімді әрі біліктілікпен қамтамасыз етуі үшін олардың жүрегінде Отанға деген сүйіспеншілік сезімі лаулап тұруы керек. Ұлы Абайдың ақыл мен қайратты жүрекке жүгінтуі де осыдан. Біздің жас сарбаздарымыздың жүрегі Отан деп соққанда ғана олардың білімі мен  жігері, қуаты мен қайраты ұлтқа қызмет етпек.

Сондықтан Сағадат аға айтқандай, жігерлі, жүректі жастардың әскери-патриоттық тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу – мемлекеттің, қоғамдық ұйымдардың, әрбір ата-ананың ардақты борышы. Бұл тұрғыда: 

• қолбасшылықты взвод командирлігінен бастап, рота, батальон, полк, дивизия, корпус командирлігіне дейінгі сатылардың бәріне көтеріліп, ақыры генералдыққа жеткен, 

• 20 жасында-ақ Кеңес Одағының Батыры атанған;

• соғысты Берлинде аяқтаған;

• Тәуелсіз Қазақстанда, жалпы бүкіл қазақ тарихында тұңғыш Қорғаныс министрлігінің іргесін қалаған;

• саналы ғұмырын туған елінің қауіпсіздігі мен қорғаныс саласын нығайтуға арнаған әскери ірі қайраткер, халқының нағыз зиялысы, қадірменді ақсақалы, қазақ батыры – Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов әрбір қазақ ұланына үлгі-ұлағат болып, атқарған ұлы ісімен, ірі тұлғасымен, асыл мұрасымен тағылымды тәлім-тәрбие береді", – деп жазылған баяндамашы.