11 сәуір күні Бақсұқ өзені арнасынан асып, жоғарыда аталған елді мекендер тұтастай тасқын судың астында қалған.
Шығын өтеледі: Ақмолада облыс әкімі су басқан ауыл тұрғындарымен кездесті
633
оқылды

Бірнеше ауылы су астында қалып, төтенше жағдай жарияланған Бұланды ауданында халықтың жағдайы аса ауыр. Бүгін Журавлев және Капитонов тұрғындарымен облыс әкімі Марат Ахметжанов кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі. 

Естеріңізге сала кетсек, 11 сәуір күні Бақсұқ өзені арнасынан асып, жоғарыда аталған елді мекендер тұтастай тасқын судың астында қалған. Эвакуациялық бекетке 400-ге тарта адам жеткізілді. Халықтың негізгі бөлігі туған-туысқандарының үйіне орналасты. Үй жануарлары қауіпсіз жерге көшірілді. 

Қазіргі уақытта жағдай біршама тұрақталғаны байқалады. Тұрғындар су басқан үйлеріне қайта бастаған. Жергілікті атқарушы органдар қажетті көмек мен шығын көлемін анықтау мақсатында тұрғындармен хабарласып жатыр. Ауылдарға азық-түлік пен төсек-орын сияқты гуманитарлық көмек жеткізіліп жатыр. Журавлев ауылдық округының әкімі Татьяна Гильгербергтің айтуынша, әкімдік тұрғындарға алдын ала ескерткен. Дегенмен тасқын су жазық даладан ауылға санаулы минуттардың ішінде ғана жеткен. 

Тұрғындармен кездескен облыс әкімі жапа шеккендерге шығын көлемі өтелетінін жеткізді. 

«Барлық шаралар қабылданып жатыр. Жергілікті масштабта төтенше жағдай жарияланды. Аудан әкіміне техникалық тексеріс жүргізуді жүктедім. Апатты жою жөнінде комиссия құрылды. Комиссия ауылдарға барып оқиға орнында жедел бәрін жүзеге асыруы керек. Көмек көрсетіліп, шығын өтелетін болады. Тұрғындардың түсіністік танытқанына алғыс білдіремін», – деді облыс әкімі Марат Ахметжанов. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы