Қазір 350 арнайы техника, 2 мыңға жуық адам тасқынға тосқауыл қоюға жұмылдырылған.
Су тасқыны: Орал қаласы әкімдігі тұрғындарға ескерту жасады
Фото: БҚО әкімдігі
3,101
оқылды

Орал қаласының әкімдігі қауіпті аумақ тұрғындарына көшуге дайын болу керектігін ескертіп, үндеу жасады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ресми мәліметке сәйкес, облыс орталығында су тасқыны қаупіне орай күрделі жағдай қалыптасып отыр. 

Мамандардың айтуынша, Ресей Федерациясынан судың мол көлемі 2-3 күнде қалаға жетеді. Жалпы қауіпті деңгей 8,5 метр болса, қазір Жайықтың деңгейі 8 метрге жуықтаған.

Су тасқынына қарсы жұмысқа жергілікті атқарушы органның және төтенше жағдай қызметінің барлық ресурсы тартылды. Қазір 350 арнайы техника, 2 мыңға жуық адам тасқынға тосқауыл қоюға жұмылдырылған. Сондай-ақ өзге өңірлерден, облыс аудандарынан келген әскери қызметшілер, төтеншеліктер және еріктілер бұл жұмысқа белсене атсалысып жатыр.

«Ең бастысы – адамдардың амандығы. Сондықтан Жайық жайылымындағы саяжайлардың, су басу қаупі жоғары Курени, Старица, Коминтерн аудандарының тұрғындары көшуі қажет. Судың мол көлемі кез келген уақытта жетіп, үйіңізді су басуы мүмкін. Өзіңіздің және жақын адамдарыңыздың өмірін қауіпке тікпей, шұғыл түрде тума-туыс, достарыңыздың үйіне орналасыңыз. Уақытша баратын үй болмаса, қалада эвакуациялық пункттер жасақталған. Олар тұрғындарды күні-түні үздіксіз қабылдайды. Сұрақтар бойынша қалалық штабқа 8-711-2-24-05-70 және 24-01-94 телефон нөмірлері арқылы хабарласуға болады. Эвакуацияны қазірден бастаңыз!», – деп хабарлады ведомстводан.