Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Арменияға ресми сапармен барды. Қазақстан Президентін Армения Премьер-министрі Никол Пашинян Еревандағы Мемлекеттік резиденцияда қарсы алды.
Мазмұны бөлек сапар
1,200
оқылды

Құрмет қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт берді. Қазақстан мен Арменияның мемлекеттік әнұран­дары орындалған соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Содан кейін Мемлекет басшысы Ар­ме­ния Премьер-министрімен шағын құ­рам­д­а келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ресми са­парына ерекше мән беретінін және оны екіжақты қарым-қатынастарды да­мытудың маңызды кезеңіне жол аша­ты­нын атап өтті.

Қазақстан Президенті екі ел арасын­да­ғы байланыстардың барлық бағыты бойынша ынтымақтастықты арттыру үшін мол әлеует бар екенін айтты. 

Өз кезегінде Никол Пашинян өзара бай­ланыстардың қарқынды дамып келе жат­қанына тоқталып, армян-қазақ қа­ты­настарын жаңа деңгейге көтеру үшін бірлесе әрекет етуге дайын екенін мәлім­деді.

Келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян сауда-эко­но­микалық, көлік-транзиттік, инвести­ция­лық, өңірлік және мәдени-гумани­тар­лық ынтымақтастық мәселелерін тал­қылады.

Тараптар өңірлік тұрақтылық және қауіп­сіздік мәселелеріне айрықша назар аударды.

Шағын форматта өткен кездесуден кейін Қазақстан мен Армения басшы­ла­ры келіссөзді ресми делегация мүше­лері­нің қатысуымен жалғастырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ереванға са­пар­мен келуге шақырғаны және қонақ­жай­лық көрсеткені үшін Никол Па­ши­нян­­­ға алғыс айтты. Сондай-ақ ол Қазақ­стан Президенті ретінде Арменияға ал­ғаш рет ресми сапармен келгенін атап өтті.

– Қазақ-армян әріптестігін жаңа дең­гейге көтеруге қатысты бастамаңызды толық қолдаймын. Біз армян халқының те­рең тарихына, ежелгі мәдениеті мен са­лт-дәстүріне зор құрметпен қараймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті өзінің Арме­ния­ға ресми сапары Достық пен ынты­мақ­тастық туралы шартқа қол қойыл­ға­нына 25 жыл толуына орай өтуінің сим­­­волдық мәні бар екеніне назар ау­дар­­ды. Ши­рек ғасыр ішінде екіжақты қа­тынас­тар­дың берік негізі қаланды. Сая­си диа­лог белсенді дамып, үкіметтер мен пар­ла­менттер арасында байланыс ор­нады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы өзі­нің Ереванға сапары Қазақстан мен Ар­мения арасындағы ынтымақтас-тыққа тың серпін береді деп санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты ық­пал­дастықты одан әрі дамытудың мей­лінше перспективті бағыттарын ай­қын­дап берді. Оның айтуынша, ең өзекті мін­дет – экономикалық қарым-қаты­нас­тарды сапасы мен мазмұны жағынан байы­та түсу. Өзара сауда-саттықты ұл­ғай­ту үшін азық-түлік секторында, ин­вес­тиция, көлік-логистика, IT-индуст­рия және құрылыс салаларында айтар­лық­тай резерв бар.

Өз кезегінде Никол Пашинян Қазақ­стан Президентінің Арменияға алғашқы сапары мол мүмкіндіктерге жол ашаты­нын атап өтті.

– Сіздің бүгінгі сапарыңыздың маңы­­зы зор. Келіссөздер барысында кең ау­қымды мәселелерді қарастырдық. Со­ның ішінде экономикалық және саяси ын­тымақтастықты тереңдетуге, өңірлік ықпалдастықты кеңейтуге баса мән бер­дік. Сонымен қатар біз мәдени-гумани­тар­лық саланы да назардан тыс қалдыр­ған жоқпыз. Биыл Қазақстанда Арме­ния­ның мәдениет күндері, ал келесі жы­лы Арменияда Қазақстанның мәде­ниет күндері өтеді. Жалпы, бүгінгі қарас­тырылатын мәселелер – ауқымды және мазмұнды. Сіздің сапарыңыздың нәти­же­сінде екі ел арасындағы ынтымақтас­тықтың барлық бағытын дамытуды көз­­дейтін нақты шешімдер қабылдай­ты­ны­мызға сенімдімін, – деді Армения Премьер-министрі.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Па­ши­н­ян бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

БАҚ ӨКІЛДЕРІ ҮШІН БРИФИНГ ӨТКІЗДІ

Екіжақты келіссөздердің қорытын­дысы бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Армения Премьер-министрі Никол Пашинян бұқаралық ақ­парат құралдары үшін бірлескен мә­лім­деме жасады.

Мемлекет басшысы Ереванға Қазақ­стан Президенті ретінде ресми сапармен ал­ғаш рет келіп отырғанын атап өтіп, ыс­тық ықыласпен қарсы алғаны үшін бар­ша армян халқына алғыс айтты. Сон­дай-ақ еліміз Арменияның көне тари­хына, бай мәдениеті мен салт-дәстүріне ерекше құрметпен қарайтынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Арменияны Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы өте маңызды әрі сенімді серіктесі ретінде атап өтті.

– Біздің қарым-қатынасымыз мыз­ғымас достыққа және өзара қолдауға негізделген. Екіжақты байланысты жан­дандыру – ортақ мақсатымыз. Біздің ай­­мақтық және халықаралық қауіп­сіздікті, өзара ықпалдастықты нығайту жолындағы мұратымыз – бір. Биыл екі ел арасындағы Достық және ынты­мақтастық туралы шартқа 25 жыл толды. Осы уақыт ішінде Астана мен Ереван арасында ұзақ мерзімге арналған өзара тиімді серіктестіктің берік негізі қалан­ды. Біз Армениямен жан-жақты әріп­тестікті одан әрі дамытуға мүдделіміз. Сондықтан мен үшін бүгінгі сапардың мән-маңызы айрықша, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бүгінгі келіссөздер екі елдің жоғары деңгейдегі ынтымақтастығын сақтауға мүдделі екенін дәлелдейді.

– Бүгін күн тәртібіндегі көптеген өзекті мәселе жан-жақты талқыланды. Біз нақты келісімдерге қол жеткіздік. Пашинян мырза бұл туралы жаңа ғана толығымен айтты. Әсіресе, сауда-эко­номика және инвестиция саласындағы байланыстың ауқымын кеңейтуге ерек­ше назар аудардық. Екіжақты сауда-сат­тықтың көлемі соңғы бес жылда тұрақты өсіп келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы жан-жақты қарым-қатынасты нығайту үшін мол әлеует бар екеніне назар ау­дарды.

– Тауар айналымын ұлғайтуға серпін беретін жаңа бағыттарды іздестіру керек деген ортақ пікірге келдік. Экспорттық-импорттық тауарлар номенклатурасын кеңейту үшін нақты шаралар қабыл­дауы­мыз керек. Ол үшін қолда бар мүм­кіндікті барынша тиімді пайдалану қа­жет. Қазақстан Арменияға шығарылатын экспорт көлемін 350 миллион долларға жеткізуге дайын, – деді Президент.

Мемлекет басшысы өнеркәсіп, құ­рылыс, көлік-логистика, ауыл шаруа­шылығы, қаржы, инновация, туризм және басқа да салалардағы ынты­мақ­тастықты жандандыру маңызды екенін айтып, армян тарапына бірқатар бір­лескен инвестициялық жобаны жүзеге асыруды ұсынды.

–  Бұл, әсіресе, қазіргі күрделі гео­саяси және геоэкономикалық ахуал кезін­де аса өзекті. Осы бағыттағы жұмыс Үкіметаралық комиссияның жіті бақы­лауында болады. Бұған қоса, бизнес-миссиялардың барыс-келісін жандан­дыра түсуіміз керек. Бұл қадам Іскерлік кеңестің тез арада құрылуына ықпал етеді, екі елдің бизнес өкілдері ара­сын­дағы байланысты күшейтеді. Сондай-ақ инвестициялық қарым-қатынасты жақ­сартуға мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өзара тиімді ынтымақ­тастықты нығайту үшін көлік және ло­гистика саласының маңыздылығына тоқ­талып, Қазақстан Арменияның Оң­түстік Кавказдағы көлік байланысын қай­та жандандыруға ұмтылысын жоғары бағалайтынын жеткізді.

– Бұл ретте құрметті Премьер-ми­нистр Никол Пашинянның «Бейбітшілік торабы» бастамасына оң көзқараспен қараймыз. Сонымен қатар біз екі елдің астанасы мен басқа да қалалары арасында тікелей әуе рейстерін ашу туралы бас­таманы қолдадық. Агроөнеркәсіп сала­сын­дағы тауар түрін көбейту және олар­ды жеткізу мәселелерін талқыладық. Сон­дай-ақ Цифрлық технология бойын­ша ынтымақтастықты дамыту қажет. Қазақстан армениялық серіктестерімен осы маңызды салада бірлескен жоба­ларды жүзеге асыруды көздеп отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Ар­мениямен мәдени-гуманитарлық бай­ланысты нығайтуға баса мән беретінін айтты.

– Биыл Қазақстанда Арменияның мәдениет күндері өтеді. Бұл маңызды іс-шара халықтарымызды жақындата түсетіні сөзсіз. Әсіресе, рухани байла­ныстарымызды жандандырмақ. Сондай-ақ құрметті Армения Премьер-минис­трімен Ереван қаласы көшелерінің біріне ұлы Абайдың есімін беру туралы келі­сімге келдік. Ал Астананың бір көшесіне армян әліпбиінің негізін қалаушы, әулие Месроп Маштоцтың аты берілетін бол­ды. Оған қоса, армян қарпімен жа­зылған қыпшақ тіліндегі қолжазбаларды зерт­тейтін ғылыми топ құру туралы бас­тама­ны құптадық. Оны Еуразия ұлттық уни­­­верситеті және Ереван мемлекеттік уни­верситеті бірлесіп жүзеге асырады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев армян спорт­шыларын биыл қыркүйекте Қазақстанда өтетін бесінші Дүниежүзілік көш­пен­ділер ойындарына қатысуға шақырды. 

БЕЙБІТШІЛІК ПЕН ТҰРАҚТЫЛЫҚ МАҢЫЗДЫ

Қасым-Жомарт Тоқаев Армения Пре­мьер-министрімен келіссөздер барысын­да аймақтық және жаһандық күн тәр­тібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасқанын мәлімдеді.

– Қазақстан мен Армения көпжақты құрылымдар аясында тиімді ынтымақ­тастықты жалғастырып келеді. Елдері­міздің өңірлік және халықаралық дең­гейдегі көптеген өзекті мәселелерге қа­тыс­ты ұстанымдары – ұқсас. Бастама­ларымызға өзара қолдау білдіру дәстүрге айналды. Мұны зор ризашылықпен атап өткім келеді, – деді Президент.

Бұдан соң Мемлекет басшысы Оң­түстік Кавказда бейбітшілікке қол жет­кізу жөніндегі күш-жігерге өз үлесін қо­­­­­суға Қазақстанның дайын екенін мә­­­­­лімдеді.

– Біз алдағы уақытта да бірлесе жұ­мыс істеуге, бейбітшілік пен тұрақты­лықты нығайту үдерісіне белсене ат­са­лысуға келістік. Біз Армения мен Әзер­байжанның бейбітшілік шартын жасауға ұмтылысын толық құптаймыз. Құрметті Премьер-министр мырза жаңа ғана айтқандай, Қазақстан барынша қолдау көрсетіп, ізгі қызметтер миссиясын қол­ға алуға дайын. Яғни, екі ел арасындағы келіссөздерді жүргізу үшін өз алаңын ұсынады. Ең басты мақсатымыз – біздің достас елдерімізді жақындастырып, мызғымас тату көршілікке, аймақтағы бейбітшілік пен тұрақты дамуға жол ашу, – деді Президент.

Мемлекет басшысы бүгінгі келіссөз­дердің өзара сенім және түсіністік рухында өткеніне тоқталып, бұл сапар екі елдің қарым-қатынасына тың серпін беретініне сенім білдірді.

Сөз соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Никол Пашинянды Қазақстанға ресми сапармен келуге ша­қырды.

Өз кезегінде Армения Премьер-ми­нистрі бүгінгі келіссөздер барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың маңыз­дылығын атап өтті.

– Біздің жоғары деңгейдегі диа­логымыз жаңа ғана қол қойған бірлескен мәлімдеме арқылы расталды. Мұның екі­­жақты қарым-қатынастарымызды одан әрі дамытуда маңызы зор. Шынайы әрі өзара тиімді байланыстарды нығайту жөніндегі ұстанымы үшін қазақ деле­гациясына алғыс айтамын. Біз көпжақты күн тәртібін одан әрі кеңейту мүмкін­діктерін айқындадық. Сондай-ақ жаңа жобалар­ды, соның ішінде көлік және логистика саласындағы ынтымақтас­тықты одан әрі өркендету перспектива­ларын нақты­ладық. Біз тауар айна­лымы­ның тұрақты өсіміне қарамастан, сауда-экономика­лық ынтымақтастықты да­мы­ту үшін әлеуетіміздің толық пайда­ланылмай отырғанымен келісеміз, – деді Армения Үкіметінің басшысы.

АРМЕНИЯ ПАРЛАМЕНТІНІҢ ТӨРАҒАСЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Қазақстан Президенті Еревандағы Пар­ламент ғимаратында Армения Рес­публикасы Ұлттық жиналысының Төрағасы Ален Симонянмен кездесу өткізді.

Мемлекет басшысы Армения мен Қа­зақстан арасында тығыз қарым-қатынас орнағанын және екі елді ортақ тарих пен ежелгі мәдени байланыстар біріктіретінін атап өтті.

Президенттің айтуынша, Премьер-министр Никол Пашинянмен жүргі­зілген келіссөздер барысында сауда-эко­номика, инвестиция, көлік-логистика салаларында маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілген. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл келісімдерді заңнамалық тұрғыдан тиімді қамтамасыз ету, олардың жүзеге асырылуына парламенттер тарапынан бақылауды күшейту мәселесіне айрық-ша мән беру  қажет екеніне назар аударды.

Кездесуде Мемлекет басшысы елі­мізде өзінің бастамасымен ауқымды саяси жаңғыру үдерісі жүргізіліп жатқа­нын, онда парламентаризмді дамытуға ерекше басымдық берілгенін айтты.

Қазақстан Президенті заң шығару органдары деңгейіндегі белсенді ықпал­дастыққа көңілі толатынын жеткізді. Сондай-ақ екі елдің осынау маңызды ба­ғыттағы қатынастарын дамытуды тұ­рақты түрде қолдап келе жатқаны үшін Ұлттық жиналыс Төрағасына ризашылық білдірді.

Өз кезегінде Ален Симонян Армения мен Қазақстан арасындағы көпжақты және екіжақты форматтағы өзара ынты­мақ­тастық деңгейі жоғары екенін атап өтті. Сондай-ақ ол екі елдің парламент­аралық платформалардағы ықпалдас­тығының маңызына ерекше назар ау­дарды.

Әңгімелесу барысында мәдени-гума­ни­тарлық саладағы ынтымақ­тас­тықты дамыту, Қазақстан мен Армения ай­мақ­тары арасындағы байланыстарды ны­ғайту перспективалары қарас­тырыл­ды.

МАТЕНАДАРАН КӨНЕ ҚОЛЖАЗБАЛАР ИНСТИТУТЫНА БАРДЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ар­менияға ресми сапары аясында Ұлт­тық жиналыс төрағасы Ален Симонянмен бірге Месроп Маштоц атындағы Матена­даран көне қолжазбалар ғылыми-зерттеу институтына барды.

Мемлекет басшысы әлемдегі ең ірі қолжазбалар қорының бірі саналатын ме­кеменің жұмысымен танысып, көне мәтіндерді қарады.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа ғылыми-зерттеу институтында сақтаулы тұрған қыпшақ қолжазбалары көрсетілді. Соңғы жылдары армян ға­лым­дарының көмегімен Матенадаран қорынан Орталық Азия және Қазақстан тарихына қатысты 40 көне еңбектің көшірмелері алынды. Биыл институт қыпшақ тіліндегі қолжазбалар жинағын шығаруды жоспарлап отыр.

Матенадаран ЮНЕСКО-ның Дүние­жүзілік мұралар тізіміне енгізілген әрі армян халқының ұлттық ескерткіштері сақталған маңызды мекемелердің бірі са­налады. Институт – Армения мақ­та­ныштарының бірі.

АРМЕНИЯ ПРЕЗИДЕНТІМЕН КЕЗДЕСТІ

Мемлекет басшысы Армения Респуб­ликасының Президенті Ваагн Хача­турянмен кездесу өткізді.

Қазақстан Президенті Арменияға алғашқы ресми сапарына ерекше мән беретінін атап өтті.

– Армения Қазақстан үшін маңызды, өте мағыналы серіктес болып табылады. Ежелгі өркениет бастау алған тарихы мен мәдениеті бай армян халқының жеріне ыстық ықыласпен, ерекше сезіммен ке­ліп отырмын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Премьер-ми­нистр Никол Пашинянмен жүргізген келіссөздер барысында күн тәртібіндегі мә­селелер жан-жақты әрі нәтижелі тал­қыланған.

– Қазақ-армян қатынастарын жан-жақты нығайтуға қатысты өзара ұмты­лысымызды растадық. Бұл бүгінгі келіс­сөздердің – басты нәтижесі. Біз маңызды уағдаластықтарға қол жеткіздік. Қазақ­стан мен Арменияның көпжақты өзара ықпалдастығын одан әрі нығайту жос­парын нақтыладық. Сондай-ақ халық­аралық және аймақтық күн тәртібіндегі мәселелерді қарастырдық, – деді Мем­лекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ваагн Хачатурян қазақ-армян ынтымақтас­тығына қатысты бірқатар өзекті мәселені талқылап, саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзиттік және мәдени-гумани­тарлық салалардағы өзара ықпал­дас­тыққа баса назар аударды.

Армения Президенті Мемлекет бас­шысының Ереванға сапары тарихи маңызға ие екенін атап өтіп, келіссөз­дердің қорытындысы екі ел арасындағы байланыстарды нығайту үшін берік іргетас қалыптастыратынын, мемле­кет­аралық қатынастарды жаңа деңгейге кө­теретінін жеткізді.

– Сіздің сапарыңыз Қазақстан мен Армения арасындағы қарым-қатынас­тарды одан әрі дамытуға және нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін. Бізді ортақ тарих пен қазіргі қарым-қатынастар бай­ланыстырады. Қазіргідей күрделі кезең­де өзара ынтымақтастықты дамы­тып жа­тырмыз. Сіздің басшылығыңызбен Қазақ­стан барлық бағытта табысқа қол жеткізіп отырғанына куәміз. Мен Сізге және барша қазақ халқына жаңа жетістік тілеймін, – деді Ваагн Хачатурян.

ПРЕЗИДЕНТ КАВКАЗДАҒЫ ҚАТЫНАСТЫ ТЕЗІРЕК РЕТТЕУГЕ ШАҚЫРДЫ

Ереванда өткен келіссөздер бары­сын­да Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Армения Премьер-министрі Никол Пашинян Оңтүстік Кав­казда тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне айрықша  на­зар аударды. 

Мемлекет басшысы Армения мен Әзербайжанның бейбіт келісім жасау жөніндегі қадамдарын жоғары бағалады. Осы орайда Қазақстан Президенті Ере­ван мен Баку арасында тезірек берік әрі ұзақмерзімді бейбітшілік орнағаны маңыз­ды деп атап өтті. Сондай-ақ келіс­сөздер үшін Қазақстан өз алаңын ұсы­нуға дайын екенін мәлімдеді.

Бейбітшілік пен келісімге нақты ке­ліссөздер арқылы қол жеткізуді жақтай­тын Қазақстанның бұл бағыттағы бар­лық іс-әрекетті қолдауға әзір екені ай­тылды. Тараптар Армения мен Әзер­байжан арасындағы уағдаластықтарды нақты жүзеге асыру мүмкіндіктерін қа­рас­тыруға келісті.