Petrelli Previtera ұйы­мының биылғы жаңар­тылған мәліметіне сәйкес, Қазақстан ажырасу көр­сеткіші бойынша әлемде Мальдив аралдарынан кейінгі екінші орында тұр – мың адамға шаққанда 4,6. Былтыр елімізде мың некенің 333-і ажырасқан. Неке ұзақтығы бойынша ажырасудың көп үлесі (34,9%) 1-4 жыл некеде өмір сүрген отбасыларда, тағы 26,7% 5-9 жыл отас­қандар арасында болған.
Жалғыз өзі жабырқап...
897
оқылды

Ұлттық статистика бюросы жақында жаңа деректер ұсынды: былтыр 120,8 мың неке тір­келген, 2022 жылмен салыстыр­ғанда 5,9%-ға аз. Жалпы коэф­фициент – мың адамға шаққанда 6,07. Өңірлер арасында былтыр астаналықтар көп некелескен (7,46), ал ең төменгі көрсеткіш Түркістан облысына тиесілі (5,55). Алғаш рет некеге тұрған­дардың орташа жасы ерлер үшін 27,8 жас, әйелдер үшін 25,2 жас болды. Тіркелген некелердің 82,3% моноэтникалық, яғни бір ұлт арасындағы жұптардың отасуы, ал қалған 17,7% – этно­саралық. Ал ажырасу статисти­ка­сына көз жүгіртетін болсақ, олардың саны 2022 жылмен салыстырғанда 9,6%-ға азайып, 40,2 мыңды құрады. Қалада 29,4 мың жұп (73,1%), ауылды жер­лерде 10,8 мың отбасы (26,9%) некесін бұзған. Жалпы коэффи­циент – мың адамға шаққанда 2,02. Ажырасудың ең жоғары деңгейі ШҚО-да (3,14), ал ең төменгі көрсеткіш тағы Түр­кістан облысына (0,89) тиесілі. Осылайша, 2023 жылы мың некеден 333-і ажырасқан (2022 ж. – 347). 

Сарапшылар еліміздегі ажы­расудың негізгі себебі деп туыс­тарының араға түсуін (61%), моральдық шектеулердің бол­мауын (41%), ажырасу проце­сінің жеңіл болуын (25%) атап өтті. Сондай-ақ қазіргі заман­дағы қазақстандық әйелдер мен ерлерге сәйкес келмейтін қатал гендерлік рөлдердің сақталуы және некеге деген көзқарастың өзгеруі де проблемалардың қа­та­рында. Отбасы институты өс­келең ұрпақты тәрбиелеу және әлеуметтендіру процесінде негізгі жауапкершілікке ие және еліміздің әлеуметтік-экономи­калық дамуында маңызды рөл атқарады дейтін болсақ, өкі­нішке қарай, ажырасу статисти­касы да, себебі мен салдары да көңілде алаң тудырады. 

Ажырасудың салдары...

Ажырасудың ең ауыр сал­дары – жалғызбасты отбасы және ондағы баланың жай-ахуалы. Қазақстандық қоғамдық даму институтының әлеуметтік зерттеуі толық емес отбасындағы көп проблеманы айқындап көр­сетті. 2023 жылы жүргізілген зерт­теуге сәйкес, елімізде жал­ғызбасты жанұялардың ба­сым бөлігі ажырасудың салдарынан қалыптасады (73,3%), содан кейін тіркелмеген неке (13,3%), ата-анасының бірінің қайтыс болуы (6,7%) және «өзі үшін ту­ғандар» (6,7%). Қоғамдық инс­титуттың зерттеуіне сүйенсек, жалғызбасты ата-ана мате­риал­дық-экономикалық проблемаға жиі ұшырайды: қаржы тапшы­лығы, тұрғын үй (тұрғын үй құ­ны, жалдау құнының қымбат­тығы, ипотека). Әдетте отбасы бұзылған кезде ресурстар күрт азаяды. Жалғызбасты ата-ана барлық шығынды: бала оқыту, өмір сүру, денсаулықты сақтау және басқа да барлық өмірлік қажеттілікті өзі көтеруге тиіс. Жал­ғызбасты жанұя толық отба­сыларға қарағанда экономика­лық жағынан осал, «Қазақстан­дық отбасылар-2022» ұлттық баян­дама деректері бұл гипо­тезаны растайды. Онда жалғыз­басты отбасы үшін экономика­лық проблема 1-орында болса, толық жанұя үшін бұл мәселе 6-орында тұр. 

Балалар психологі Жадыра Бекетованың айтуынша, отба­сының экономикалық қиынды­ғы балалардың эмоционалды жағдайына әсер етеді. «Ата-ана отбасы шығынын жабу үшін көбіне үстеме жұмыс алады, бұл балалармен қарым-қатынасқа кесірін тигізбей қоймайды. Ақша жетіспеушілігіне үнемі алаң­дау ата-ананы қатты күй­зеліске түсіреді, оны ашушаң, ұрысқақ, жылауық қылады. Бұл орайда баланың да уайымы күшейеді: өзіне деген сенім­сіздік, адамдармен қарым-қа­тынастан қорқу, жалғыздық және денсаулыққа байланысты көптеген басқа мәселе. Ажырас­қаннан кейінгі алғашқы бірнеше жыл ішінде балаларда екі ата-анасы бар құрдастарына қара­ғанда мазасыздық, агрессия, мектептегі қиындықтар және қоғамға жат қылық көрсету деңгейі жоғары болады. Балалар үшін ата-анасының болуы ғана емес, сонымен бірге бос уақытты дұрыс өткізуі маңызды», – дейді маман. 

Қаржы мәселесімен қатар, жал­ғызбасты ата-ананың әлеу­меттік-психологиялық проб­ле­ма­лары жиі кездеседі: балалар­мен қарым-қатынастың күрде­лілігі, психологиялық қолдау­дың қажеттілігі, бір ата-анасы бар отбасыларға қатысты стиг­матизация және оны қабылдау­дағы қате түсінік.

«Серіктес болмаған кезде ата-ана бала тәрбиесінде қиын­дыққа жиі тап болады. Жал­ғыздық, қолдаудың болмауы нәтижесінде оларда қоғамнан оқшаулану сезімі пайда болады, бұл әрине, психологиялық жағ­дайға теріс әсер етеді. Олар көбіне өз проблемасымен жал­ғыз қалғандай сезінеді. Со­нымен қатар балаларды жалғыз тәрбиелеп отырған ата-аналар өзін кінәлі сезінумен өмір сүре­ді. Балаларын екі ата-анасы бар толық отбасында өсіре алма­ғаны үшін өздерін жиі айып­тайды», – деп атап өтті психолог. 

Қоғамның баласын жалғыз тәрбиелейтін жанұяға әділетсіз, айыптаумен және кемсітуші­лікпен қарауы.

Жалғызбасты отбасына көмек бар ма?

Институт сарапшыларының зерттеуінше, жалғызбасты отба­сында экономикалық қиындық­тар, балаға көңіл бөлу мен уа­қыттың жетіспеушілігі, ба­ланың әлеуметтік бейімделуіне бай­ланысты проблемасы бар. Бірақ қоғам мұндай жанұяның өте қамқор және сүйіспеншілікке толы, сенімді, табысты бала­ларды тәрбиелейтінін көбіне мойындағысы келмейді. Ұзақ уақыт бойы жалғызбасты от­ба­сын әлеуметтің кемсітуі ба­ла­лардың психологиялық және фи­зикалық саулығының нашар­лауына, сондай-ақ олардың әлеуметтік бейімделуіне және табысқа жетуіне кедергі келтіруі мүмкін. 

«Жалғызілікті ата-ананы балаларын серіктессіз тәрбие­леуге қабілетсіз дегенге сүйене оты­рып, қоғам көбіне әділетсіз айып­тайды. Әдетте ерлерге қара­ғанда әйелдер әлеуметтік стигматизацияға жиі ұшырайды. Қазіргі уақытта баласын жалғыз тәрбиелейтін ана көп. Олар қанша жерден табысты, тәуелсіз болса да, «тіркемесі бар», «ажы­расқан» деген сияқты сөздерді жиі естиді. Жалғызбасты аналар көбіне әлеуметтік алалаушы­лықтың құрбаны», – дейді зерттеу авторлары.

Зерттеуге қатысқан алма­тылық респонденттің бірі бала­сын қоғамның теріс стерео­типі­нен қорғауға тырысып, бас­қа­лардың айыптауынан қорқып, әріптестерін «некелімін» деп алдағанын айтқан. 

Отбасы бұзылған сайын ол кей­бір заң тұрғысындағы проб­лемаға тап болады, мысалы: жәр­демақы мен АӘК ресім­деудің күрделілігі, қамқор­шы­лық, алимент, баламен қарым-қатынас жасау құқығы және т.б. Мұның бәрін әкімшілік-бюро­кратиялық сипаттағы мәсе­лелердің жиынтығына жатқы­зуға болады. Жалғызбасты ата-ана баланың заңды құжаттарын рәсімдеуде де көп қиындыққа кездеседі. Мұндай істер бойын­ша сот бірнеше айға, тіпті жылға созылуы мүмкін. Бұл процесс үшін ата-ананың жұмыстан және басқа да үй міндетінен уақы­тын алып қана қоймай, көп қаражат жұмсауын талап етеді. Сондай-ақ бүкіл процесс ба­рысы балада да, ата-анада да психологиялық проблемалар тудырады. 

Қазақстандық қоғамдық даму институтының зерттеуінде жалғызбасты отбасылар тап бо­ла­тын тағы да көптеген проблема көтерілген. Өкінішке қарай, елімізде ажырасудың себепте­рімен де, салдарымен де күресе­тін тиімді әрі жүйелі тетіктер керек. Мамандардың айтуынша, ажырасу статистикасының азаймай тұрғанын ескеріп, біз оның салдарын жеңілдетудің жолдарын қарастыру керегін ұсынады. Мәселен, Отбасын қолдау орталықтарын дамыту жалғызбасты ата-ананың көп­теген психологиялық мәселесін шешуде тиімді болар еді. 

«Қорғау Астана» қоры дағ­дарыс орталықтарын құрумен айналысады. Зерттеуге қатысқан ондағы мамандар ажырасқан ата-ана, алдымен өз күйзелісімен күресе алса ғана баламен жақсы қарым-қатынас орнататынын алға тартады: «Мұндай адамда (психологке жүгінген жалғыз ата-ананың) екінші отбасын құру мүмкіндігі жоғары, ал ба­ланың психологиялық жағ­дайы жақсы болар еді». 

Сондай-ақ дамыған елдердің тәжірибесі мемлекеттік құры­лымдар мен үкіметтік емес ұйым­­дар қаржылық және әлеу­мет­тік қолдау көрсету арқылы жал­ғызбасты отбасылардың өмі­рін едәуір жеңілдетуге бола­тынын көрсетеді. Бұл отбасы­ларға балаларды дұрыс тәр­биелеу мен оқытуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, сондай-ақ жанұяның өмір сүру сапасын жақсартады. Жалғызбасты от­басылар санының өсуіне бай­ланысты дамыған елдер ата-аналарға психологиялық және білім алуға қолдау көрсету, ком­муналдық төлемдер үшін бо­нустар, сондай-ақ тұрғын үй алуға көмек көрсете отырып, арнайы бағдарламалар мен жәр­демақылар арқылы осындай отбасыларды қолдауға көп назар аударады. Ал елімізде ажырасқан  көп­балалы ата-ана ғана ай сайын әлеуметтік жәрдема­қы­мен қам­тамасыз етілген, сон­дық­тан олар  жұмыс істемеуі мүмкін. Жал­ғызбасты ата-анаға мұндай әлеуметтік көмек жоқ, тіпті бала тәрбиесі мен жұмыс бабын қатар алып жүргендер үшін тіптен еңбек режимі рет­тел­меген. Ал жалғызбасты әке­лер мемлекеттің үй кезегіне де тұра алмайды, бес және одан көп баланы жалғыз тәрбиелеп отырғаны үшін ерте зейнетке де (бұл санаттағы әйелдер 53 жас­тан зейнетке шы­ғады) шыға ал­май­ды екен. Тіпті, ҚР заңна­малық актілеріне «көпбалалы әке» ұғымын енгізу биыл ұсынылыпты.

Айдана НҰРМҰХАН