Еліміздегі су тасқыны жағдайы бойынша азаматтық қорғау қызметтері 113 693 адамды, оның ішінде 39 922 баланы құтқарды. 13 543 адам үйлеріне оралды. 107 613 ірі қара мал қауіпсіздік жерге айдалды.
Елді мекендерде жолды су шайып, жарықсыз қалды
1,019
оқылды

Шығыс Қазақстанда ахуал күннен-күнге қиындап барады. Әзірге гидрологтар өзендердің деңгейін күні-түні бақылап отыр. Қазір таудағы қар қарқынды еріп жатыр. Ал әлі де көп жердің қары кетпеген. Сондықтан атқарушы орган өкілдері мен құтқарушылар әуеден бақылап жүр.

Мамандардың айтуынша, өлкеде тасқын қаупінің екінші кезеңін өткеру үшін сақтықты күшейтпесе болмайды. Таулы Үлбі – өлкедегі ірі су артериясының бірі. Өткен аптада су деңгейі 2 м 80 см көтеріліп, қазір арнасына түсті. Гидрологтар мұны жақсы көрсеткіш деп санайды.

– Су деңгейін өлшеп, деректерді жинау да оңай шаруа емес. Таңғы 8-ден түске дейін су деңгейі 1 см төмендеген. Қардың жұқарып, қауіп сейіле бастағанын білдіреді. Ары қарай әр 4 сағат сайын тексерміз. Үлбімен қатар өзге өзендер де назарымызда, – дейді гидролог Елена Кочергина.

Оның айтуынша, Үлбі өзенінің бойында 4 стационарлық бекет бар. Глубочанка мен Красноярка өзендерінде 2 гидробекет жұмыс істеп тұр. Жағдай аяқасты ушығатын болса, 150 эвакуациялық пункт әзірленген.

Ақмола облысындағы Қалқұтан, Аршалы өзендерінің деңгейі көтеріліп, Астрахан ауданындағы 100-ден астам үйді су басты. Әсіресе Колутон, Қаракөл, Ескі Колутон, Еңбек және Ягодная ауылдарында жағдай қиын. Елді мекендердің жолын су шайған. Тұрғындар жарықсыз қалды. Құтқарушылар қажетті дүниені қайықпен жеткізіп отыр.

Оның ішінде Қаракөл ауылы құдды аралға айналып, су ортасында қалған. Тұрғындар бір апта бойы еш жерге шыға алмайды. Ауылға қайықпен жетудің өзі қауіпті.

– Оларға электр станцияларды жеткізіп, жанармаймен қамтамасыз етіп жатырмыз. Оған қоса, қатынассыз қалған ауылдарға керек дәрі-дәрмек, азық-түлік, ауызсу жеткізіп жатырмыз. Бұған бізге құтқарушылар да көмектесіп жатыр. Аудандағы жағдай біртіндеп тұрақталып келеді, – дейді «AMANAT» партиясы Астрахан аудандық филиалының атқарушы хатшысы Құралбек Сүлейменов.

Солтүстік Қазақстан облысындағы жағдай әлі күрделі, ол жақта 2400 үйді су басқан. Жалпы облыс аумағында 12 235 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Оның 2 919-ы – бала.

– Облысымыздағы жағдай әлі де күрделі. Сергеев су қоймасы 149% толып, су бөгет шыңынан 2 метр 61 сантиметр асты. Тәулік ішінде 9 сантиметр төмендеді. Есіл өзенінде су деңгейі көтеріліп келеді. Өзен жағасының маңында орналасқан Қызылжар ауданының елді мекендері мен Петропавл қаласында үйлерді су басу деректері тіркелген. Қазір облыста 2401 үй және 1115 үй маңындағы аумақтарды су басқан, – деді Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Евгений Журавлев.