Астанада Назарбаев университетінде «Шектеуден тыс: Аутизм жолындағы мүмкіндіктерді кеңейту» атты аутизмге арналған Халықаралық конференциясы өтті.
Аутизм туралы халықаралық конференция өтті
636
оқылды

Конференцияға инклюзивті білім беру және оңалту саласындағы АҚШ, Франция, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің сарапшылары қатысты. Ұйымдастырушы – «Болашақ» корпоративтік қоры.  

Конференцияның мақсаты – аутизм спектрінің бұзылыстары (АСБ) туралы қоғамның хабардарлығын арттыру, диагностикалау және аутизм бар балаларды қолдау саласындағы тәжірибе алмасу және озық практикаларды үйрету, сондай-ақ аутизм бар балаларды қоғамға қосу және олардың дамуына және өз қабілеттерін шыңдауда тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету бойынша бастамаларды ілгерілету. 

Ресми деректерге сәйкес Қазақстанда аутизм спектрінің бұзылуы бар 16 700 бала тұрады. АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының деректері бойынша әрбір 36-шы балаға және 45-ші ересек адамға аутизм диагнозы қойылған.

Конференцияда сөз сөйлегендер: философия докторы, BCBA-D, IBA, Халықаралық мінез-құлықты талдау ұйымының атқарушы директоры Майкл Мюллер (АҚШ), педагогика ғылымдарының докторы, Францияның Психомоторлық терапевттер федерациясы бас хатшысының орынбасары Николя Райнал (Франция), Autism Speaks, ЮНИСЕФ халықаралық ұйымдарының өкілдері, ТМД елдерінің сарапшылары: «Мотивация және ынтымақтастық академиясы» АВА-орталығының директоры, ВСВА, IBA, CBA-S супервизоры Сергей Балашев (РФ), психология магистрі, сертификатталған мінез-құлық талдаушысы және СВА-S супервизор Дарья Браженкова (РФ), сертификатталған BCBA, IBA, CBA-S мінез-құлық талдаушысы, ресурстық сыныптар супервизоры Наталья Фощунова (РФ), Арнайы білім беру магистрі, АВА-инструктор, ассистент-педагог Наталья Фролова (РФ). Сертификатталған мінез-құлық талдаушысы және СВА-S супервизор Зухра Саттарова аутизм бар балалар мен ересектерді қолдаудағы Өзбекстанның тәжірибесі туралы айтып берді, ал сертификатталған ВСаВА, IBA, CBA-S мінез-құлық талдаушысы Бегимай Капарова Қырғызстанның тәжірибесімен бөлісті.

Конференцияға қатысу үшін 150-ден астам ата-ана және 900 маман тіркелді. Қазақстанның 6 қаласынан, сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстаннан шамамен 820 адам конференция тыңдаушысы болды. Шараның онлайн көрсетілімін 250 адам тамашалады. Олардың арасында: АВА-терапистер, мемлекеттік және жеке білім беру және медициналық орталықтардың басшылары, ЕДШ, БДШ инструкторлары, әдіскерлер, әлеуметтік қызметкерлер, бастауыш сынып мұғалімдері, тәрбиешілер, логопедтер, дефектологтар, ассистент-педагогтар, инклюзивті білім беру үйлестірушілері, кураторлар, супервизорлар, жалпы практика дәрігерлері, педиатрлар, резидент дәрігерлер, невропатологтар, психиатрлар, балалар психиатрлары, нейропсихологтар, нарколог-дәрігерлер, реабилитологтар, сенсорлық терапевттер, сурдопедагогтар, нутрициологтар, олигофренопедагогтар, эрготерапевттер, студенттер.

Конференцияға қатысушылар аутизм бар балалар мен ересектерді қолдау саласындағы жаһандық тенденцияларды және АҚШ, Еуропа және ТМД елдерінің тәжірибесін, әртүрлі елдердің денсаулық сақтау жүйелеріндегі аутизм проблемасына қолданыстағы тәсілдерді, ерекше балалармен жұмыс істеуде ғылыми дәлелденген әдістемелерді қолданудың маңыздылығын, инклюзивті білім беруді дамыту, АСБ бар балаларды жыныстық тәрбиелеу ерекшеліктерін және басқа да тақырыптарды талқылады. Ата-аналарға арналған секцияда алғашқы белгілер кезінде ерте араласу, ата-аналарды мінез-құлықты қолданбалы талдаудың негізгі қағидаттарын оқытудың маңыздылығы, Қазақстанда инклюзивті білім беруді адвокациялау мәселелері, сондай-ақ АСБ бар балалардың ата-аналарын психологиялық қолдаудың рөлі талқыланды.

 

«Болашақ» қорының Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан: «Аутизм бойынша халықаралық конференцияны өткізіп отырғанымыз бірінші рет емес, бірақ осындай ауқымды шараны бірінші рет өткізіп отырмыз. Біз 5 елдің  сарапшыларын жинадық. Бізге 1400-дей адам тіркелді, оның 1000-ы білім саласының, сондай-ақ денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау саласының мамандары. Конференцияда ерекше балалармен жұмыс істеуде ғылыми дәлелденген әдістерді қолдану тақырыптары, әртүрлі деңгейдегі білім беру ұйымдарындағы білім беру бағдарламаларын бейімдеу мәселелері, кәсіптік білім беру мәселелері, аутизм бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың құқықтық сауаттылығы, ерте диагностика, оңалту және түзету мәселелері және көптеген басқа мәселелер қозғалатын болады. Алыс шетелдерден және ТМД елдерінен келген қонақтарымыз өз елдеріндегі инклюзияны дамыту тәжірибесі туралы әңгімелейді. Біз аутизм тақырыбына қызығушылық танытатын барлық адамдар үшін диалог, білім беру алаңын ұсынуға қуаныштымыз. Бұл конференция аутизм бар адамдарды қолдау саласындағы маңызды оқиға болатынына сенімдіміз».

Директордың инклюзия және клиникалық қызметтер бойынша орынбасары Люсия Мурилло Чако, Autism Speaks (АҚШ): 

«Autism Speaks-те біз аутизм бар адамдар үшін инклюзивті әрі әділ әлем құруға тырысамыз және олар өз әлеуетін толық аша алуы үшін жұмыс істейміз. БҰҰ мәліметіне сәйкес дүние жүзінде 80 миллион адамда аутизм бар. Аутизм бар адамдар қауымдастығын қолдау үшін біз бәріміз өмір бойы жауапты боламыз. Балаларға да, ересектерге де жоғары сапалы, ғылыми негізделген көмек көрсетуді қамтамасыз ету үшін біз бірге жұмыс істеуіміз керек. Бүкіл әлемде аутизмнің таралуы артып келе жатқанына қарамастан қызметтерге қол жеткізу көптеген адамдар үшін әлі де қиынға соғады. АҚШ Еңбек министрлігінің жұмыссыздық туралы есебінде дамуында бұзылыстары бар, оның ішінде аутизм бар әрбір бесінші адамның ғана жұмыс орны бар деп көрсетілген. Біз Workplace Inclusion Now жұмыс күшін дамыту бағдарламасын құрдық, бұл бағдарлама аутизм бар адамдарға жұмысты, ал жұмыс берушілерге жұмыс орындарындағы инклюзивтілікті қолдау құралдарын ұсынады. Біз аутизм және адам құқықтары қызметтерін ілгерілету бойынша көшбасшы құқық қорғаушылар желіміз арқылы 40-тан астам елдің құқық қорғаушылары мен үкімет министрлерін біріктіреміз. 

Біз сіздерді аутизм бар адамдар қауымдастығы үшін теңдік пен нәтижелерді қамтамасыз ету үшін өмір бойы жұмыс істеуге шақырамыз. Сондай-ақ аутизм бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін ұлғайтуға келетін тиімді шешімдерді ұсынуға шақырамыз».

Люсия Мурилло Чако атап өткендей, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Autism Speaks-пен серіктесіп, балаларға күтім жасау дағдыларын үйрету бойынша CST (Caregiver Skills Training for Families of Children with Developmental Disoders) тренингті әзірледі. Тренинг балаларға күтім жасайтын адамдарға көмектесуге, әлеуметтік қарым-қатынас, күнделікті өмір дағдылары және жағымды мінез-құлық саласында олардың дамуына ықпал ету үшін үйде балаларымен күнделікті іс-әрекетте қолдана алатын дағдыларды ұсыну арқылы олардың мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған. Қазіргі таңда CST 35-тен аса елде, ресурстары мен қажеттілік деңгейлері әртүрлі елдер мен қауымдастықтарда енгізілді. Айта кетейік, «Болашақ» қоры CST тренингінде ата-аналарды тегін оқытады. Қор Алматы, Орал, Көкшетау қалаларынан 40-қа жуық ата-ананы оқытып шықты.

Сондай-ақ, қор аутизм және басқа да менталдық бұзылыстары бар балалардың ата-аналарына қолдау көрсету мақсатында эмоционалдық шаршау бойынша психотерапиялық топтар жүргізеді. «OI SANA» менталдық денсаулық жобасы аясында 40-тан астам ата-ана мен мамандар қордың қолдауына ие болды. Қор сонымен қатар 200-ге жуық ата-ананың қатысуымен «Аutism Talks: ерекше балалы ата-аналардың шабыттандырар әңгімелері» өткізеді. Қоғамды кеңінен ақпараттандыру және инклюзивті қоғам құру мақсатында қор аутизм туралы ақпараттық стенд әзірледі. Стендтер Астана қаласының 20 емханасында орналастырылды. 

«Болашақ» корпоративтік қоры 2015 жылдан бері аутизм және басқа менталдық бұзылыстары бар балаларға арналған инклюзивті білім беруді дамыту бойынша «Әр бала мектепке баруға лайықты» бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Бағдарламаның негізгі бағыттары: инклюзияны қолдау кабинеттерін ашу, мамандарды мінез-құлықты қолданбалы талдау әдістеріне оқыту, кәсіби әдебиетті қазақ тіліне аудару, инклюзивті білім беру саласында заңнаманы жетілдіру.

Қор әзірлеген инклюзивті білім беру моделі 700-ден астам ұйымдарда мемлекеттік білім беру жүйесіне енгізілді. Жергілікті атқарушы органдармен серіктесіп, Қазақстанның 22 қаласында 57 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. ерекше білім беруді қажет ететін, оның ішінде мінез-құлық бұзылыстары бар 800-ден астам бала жалпы білім беретін ортаға сәтті қосылып, білім алып жатыр.