«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Ақшұқыр елді мекенінде орналасқан «Қошқар ата» қорымының маңайын тазалады.
Маңғыстауда «Қошқар ата» қорымы аумағында сенбілік өтті
648
оқылды

Сенбілікке М. Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясы қызметкерлері мен Қ.Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасының ұжымы атсалысты. 

– 18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күніне орай «Таза Қазақстан» республикалық акциясына өз үлесімізді қосып, сенбілік өткіздік. Көктем мезгілі жаңару мен жаңғыру, күл-қоқыстан тазару маусымы. Табиғатты аялайық. Өңір келбетін көркейтуге әрбір тұрғын атсалысуы керек, – деді М. Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясы директоры Данияр Сағынғалиұлы. 

Сондай-ақ, Қ.Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасы директорының орынбасары Ынтымақ Божанов тарихи орындарды күтіп, сақтау маңызы жөнінде айтты. 

 

– Өздеріңізне мәлім ел аумағында 25 мыңнан тарихи-мәдени ескерткіш бар. Соның бірегейі – «Қошқар ата» қорымын қоқыстардан тазартып жатырмыз. Болашақ ұрпақ үшін тарихи орындарды күтіп ұстауға баса мән беру керекпіз. Көтеріңкі көңіл-күймен сенбілікті өткердік, киелі, тарихи-табиғи орындардың құндылығын дәріптеуге атсалысып жүрміз деп ойлаймын, – деді Ынтымақ Божанов. 

«Қошқар ата» қорымы Ақтау қаласынан 17 шақырым қашықта солтүстік-батыс бағытта орналасқан. Қорым жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне, сондай-ақ  Маңғыстау облысы бойынша өңірлік маңызы бар қасиетті нысандар тізіміне енгізілген. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде қорымнан 81 ескерткіш есепке алынған.

Бұған дейін өңірлерде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғанын хабарлаған болатынбыз.