Жауын кезінде қоғамдық көлік қозғалысы шектеліп, метро жұмысында кедергілер туындаған.
«4 сағат такси күттік»: Дубайда жұмыс істейтін қазақ жігіті суға батқан көліктерді көрсетті
1,196
оқылды

Біріккен Араб Әмірліктерінде 75 жыл болмаған нөсер жауын жауғанын әлемдік БАҚ жазып жатыр. Azattyq Ruhy тілшісі Дубайда жұмыс істейтін қазақ жігітімен сөйлесіп, қаладағы жағдайды білді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

 

Жауын кезінде қоғамдық көлік қозғалысы шектеліп, метро жұмысында кедергілер туындаған. Ел билігі тұрғындарға қажет болмаса, үйден шықпауға кеңес берген. 

Мемлекеттік мекемелер мен көптеген жекеменшік иелері қашықтан жұмыс істеп,  ауа райының қолайсыздығы сақталса, мектептер мен университеттердегі сабақтар онлайн өтетіні хабарланды.

Осы ретте, Дубайда жұмыс істеп жүрген қазақтарды сөзге тарттық. Мәди Дубайға жұмыс бойынша іскерлік кездесулер өткізуге барған. Ол жаңбыр құйған кезде қонақүйге жету үшін такси таба алмай, қиналғанын айтады.

«Кеше қалада қатты жауын болып, Шейх Зайед көшесінде үлкен кептеліс болды. Оның салдарынан такси табу қиынға соқты. Біз қонақүйге жету үшін таксиді 4 сағат күттік. Әрең дегенде қонақүйімізге жеттік», – дейді ол.

Оның айтуынша, қазір ауа райы тұрақты, күн шайдай ашылған. Алайда Дубайда такси қызметі тоқтап тұр, жұмыс істемейді.

Қаланы әлі де су басып жатыр. Көшедегі көліктер судың көптігінен істен шығып жатыр.