Ырғыз ауданында Қорғаныс министрлігінің ұшқыштары су тасқынынан зардап шеккен 9 адамды құтқарды.
“Үш айлық баламен мұнараға шықтық”: Ырғыз ауданында бір отбасы тасқын судан қашамыз деп адасып кеткен
Фото: видеодан алынды
780
оқылды

Ырғыз ауданында Қорғаныс министрлігінің ұшқыштары су тасқынынан зардап шеккен 9 адамды құтқарды. Олар интернет пен телефон байланысы жоқ, мұнарада болған, – деп хабарлайды Aikyn.kz Stan.kz-ке сілтеме жасап.

 

Жергілікті адамдар көлігімен ең жақын ауылға жетуге тырысқанмен ол суға батып кеткен. Балалармен, қолындағы үш айлық нәрестесімен олар әупірімдеп мұнараға жеткен. Отбасы Ырғыз ауданының жергілікті мектебіне орналастырылды.

“14 сәуір күні ұшып шығып, адамдарды құтқардық. Сол кезде тоғыз адамды тауып алғанымыз есімде. Оларда байланыс жоқ, су басып қалғанда үйлерінен қашып шығып, адасып кеткен. Бағананың астынан қол бұлғап, оларды көріп қалып, құтқару операциясын бастап кеткенбіз. Бес баламен далада қалған. Күшіміз таусылса да көмек көрсетуден тайынбаған экипажыма рахмет”, – дейді майор Бейбарыс Ибраев. 

 

Отбасы бала-шағасымен таудың төбесіне көтерілген. Олар таңертең үйлерінен қашып шыққаннан кешке тікұшаққа бір-ақ мінген.

“Тікұшақ бұрылып келе жатқанда қатты қуанып кеттік. Таңғы 11-де шыққаннан кешке 4-те міндік тікұшаққа. Үстімдегі куртқамды шешіп, үш айлық баламды орадым. Бала тұрмақ, өзіміз де шаршадық. Тауға шыққан оңай болмады. Балалар құлап, жығылып зорға шықтық. Балаларды тікұшақ келеді, сусын, тамақ алып келеді деп алдадық”, – дейді құтқарылған келіншек.