Мәжіліс Спикері Ерлан Қоша­новтың төрағалығымен өткен жал­пы отырыста депутаттар «Масс-
ме­диа туралы» және «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңдарды ілеспе түзетулерімен екінші оқылымда қабылдады.
Мәжіліс «Масс-медиа туралы» заңды қабылдады
764
оқылды

Сондай-ақ Мәжіліс жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйым­дас­тыру және жол қауіпсіздігін ци­фр­лан­дыру туралы заң жобасы мен оған ілеспе Әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы кодекске енгізі­летін түзетулерді бірінші оқы­лымда ма­құлдады. 

Жалпы отырыста депутаттар «Қа­зақ­стан Республикасының Мемле­кеттік наградалары туралы» заңға өз­гер­тулер енгізу жобасын да қабыл­дады.

«Жол жүрісі туралы» заң мен Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы кодекске жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіп­сіздігін цифрландыру мәсе­лелері бо­йынша заңнамалық түзетулер бойынша жұмыс тобының жетекшісі, депутат Ека­терина Смышляева баян­дады.

Оның айтуынша, депутаттардың бастамасымен әзірленген заң жоба­лары – шағын электрлі және жекелеген көлік түрлерінің қозғалысын реттеу жұмысы­ның жалғасы.

 – Жолдардағы мопедтер санының көбеюі және олардың қатысуымен болатын апаттар көліктің осы түрінің қозғалысын реттеу қажеттілігін туын­датып отыр. Тек 2023 жылдың өзінде 750 жазатайым оқиға орын алды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 4 есеге көп, – деді Екатерина Смышляева.

Мәселені шешу үшін мопед жүр­гізушілеріне автокөлік жүргізуші­лерімен тең талаптар белгілеу ұсы­нылады. Қозғалтқыш көлемі 50 текше санти­метрден аз мопедтерді мемле­кеттік тіркеу де енгізіледі. Әкімдік­терге электр самокаттардың жұмыс тәртібін анықтау құзыретін беру жос­парланып отыр. Жол қауіпсіздігін ци­фр­ландыру стандарттары да ен­гізіледі.

Түзетулер көлік құралдарын жүр­гізу­ге құқығы жоқ және оны алмаған адам­дарға да қатысты. Заң жобасы қа­был­данғаннан кейін жүргізуші куәлігі жоқ және оны алмай тұрып көлік құралын басқарған, оның ішінде алкоголь немесе есірткі қол­данған мас күйінде жауапкер­шілікке тартылған тұлғалар жеті жыл­ға дейін емтихан тапсыруға жі­берілмейді. 

Қазақстан Республикасының Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы ко­дексіне енгізілген заңнамалық тү­зетулер де бірінші оқылымда мақұл­данды. Әділет министрі Азамат Ес­қара­евтың ай­туынша, заң жобасы «қоғамдық жұ­мыстарға тарту» әкім­шілік жазасының жаңа түрін реттеуге және оны жүзеге асыру тетігін анық­тауға, сондай-ақ заң­наманы одан әрі жетілдіруге бағыт­тал­ған.

– Заң жобасында қоғамдық жұ­мыс­тарды 9 бап бойынша қолдану ұсы­нылады. Мысалы, ұсақ бұзақылық (434-бап), алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу (440-бап), қоғамдық орындарда тиісу (449-бап) сияқты құқықбұзушылық­тар. Қоғамдық жұмыс түрлерін және қоғамдық жұ­мыстар орындалуы тиіс ұйым­дардың тізімін әкімдіктер ай­қындайды. Өз кезегінде ұйымдар тоқсан сайын жергілікті атқарушы органдарға қоғамдық жұмыстардың орындалуы ту­ралы есеп беретін болады, – деді Әділет министрі. 

Сондай-ақ белгілі бір құқық­бұзу­шылықтар, атап айтқанда, табиғи ре­сурстарды пайдалану саласындағы заң­сыз мәмілелерді тіркегені және кли­никалық зерттеулер жүргізу тәртібін бұзғаны үшін қамауға алуды айыппұлмен алмастыру жоспар­ланған. Денсаулыққа зиян келтір­мейтін жазатайым оқиға үшін жүр­гізуші куәлігінен айырмау ұсынылды. Әкімшілік жауапкершілікке тар­тылған адам шақыруға дәлелді себеп­сіз келмеген кезде күштеп әкелу тәр­тібі, құқықбұзу­шылықтың сара­лануын тек құқық бұзу­шының жағ­дайын жақсарту бағытында өзгерту, құқықбұзушылықтарды соттан мем­лекеттік органдардың құзыретіне беру бойынша жұмысты жалғастыру сын­ды өзгерістер де ұсынылды.

Мәжіліс «Масс-медиа туралы» заң мен оған ілеспе түзетулерді екінші оқы­лымда қабылдады. Жұмыс то­бы­ның жетекшісі Жанарбек Әшім­жанның ай­туынша, БАҚ қызмет­керлерінің құқық­тарын қорғау үшін құқықтардың бұзы­луына байланысты БАҚ материалдарына талап қоюдың ескіру біржылдық мерзімі енгізіледі. БАҚ өтініштеріне жауап беру мерзімі бес жұмыс күніне дейін қыс­қартылды. Желілік басылымдар мен ақ­параттық агенттіктер біртұтас «интер­нет-ба­сы­лым» ұғымына біріктіріліп, интернет-басылымдар БАҚ түрінің бірі болады.

2025 жылдан бастап мемлекеттік тілдегі теле-, радиобағдарламалар мен отандық өнім олардың жалпы көлемі­нің кемінде 55 пайызын, 2027 жылдан бастап 60 пайызын құрауы тиіс. Бұл талап «Масс-медиа туралы» заңға енгізіледі. Шетелдік теле-, радио­арналардың бағ­дарламаларын қайта­лап көрсету отандық арналардың апта сайынғы хабар тарату көлемінде 20 пайыздан 10 пайызға дейін қысқарады.

– Жекелеген журналистерге оңай­латылған аккредиттеу құқығын беретін баспасөз картасын енгізу жөніндегі норма ұсынылды. Ашығын айту керек, бұл норма жұмыс тобында, жалпы қо­ғамда үлкен пікірталас тудырды. Жұмыс тобы мүшелерінің басым көпшілігі бұл норманы – де­мократиялық принциптерге қайшы, журналистерді алалау, жан-жақты ақпарат таратуға кедергі келтіретін норма деп бағалады. Сондықтан бас­пасөз картасы туралы норманы жою бойынша нақты шешім қабылданды, – деді Жанарбек Әшімжан.

Сондай-ақ депутаттар «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң мен оған ілеспе түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Жұмыс тобы­ның жетекшісі Таңсәуле Серіковтің айтуынша, ұлттық ғылыми жүйені дамыту тетіктері қарас­тырылып, Ұлт­тық ғылым академия­сының құқықтық мәртебесі бекітіледі. Зерттеу универ­ситеті мәртебесін беру және оны дамыту бағдарламасын бекіту тәртібі де реттеледі. 

Құжатта кәсіпкерлерді ғылыми же­тістіктерді өнеркәсіптік пайда­лануға енгізу, оның ішінде тәжі­рибелік-кон­структорлық жұмыстарға байланысты шығыстар бойынша салық салынатын кірісті азайту жо­лымен ынталандыру шаралары, сондай-ақ зерттеу универ­ситеттері жанынан ғылыми орталықтар құру кезінде салықтық преференциялар беру көзделіп отыр.

Мәжіліс «Қазақстан Респуб­лика­сының мемлекеттік наградалары туралы» заңға енгізілетін түзетулерді қабылдап, Сенатқа жолдады. Жұмыс то­бының же­текшісі Бақтықожа Із­мұхам­бетов Мем­лекет басшысы «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» Ұлт­тық құрылтайының үшінші отыры­сында сөйлеген сөзінде «Айбын» орденінің әртүрлі дәрежесіне Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момыш­ұлы және Рахымжан Қошқарбаев есімдерін беруді тапсырғанын атап өтті. Заңға тиісті өзгерістер мен толық­тырулар енгізілді.

Жалпы отырыста мәжілісмендер мемлекеттік органдарға 10 депутаттық сауал жолдады, оның басым бөлігі елдегі су тасқынының зардаптарына қатысты. Мәселен, депутат, «AMANAT» фрак­циясының мүшесі Нар­тай Сәрсенғалиев қазір су тас­қынымен қабаттаса қате ақпараттың да қауіп төндіріп тұрғанына тоқталды. Премьер-Министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған депутаттық сауалында ол бұрынғы жүйенің бай-бағландары қазіргі табиғи апаттан ұпай жинау үшін жанталасып жатқанын мәлім­деді. «Қазіргі су тасқынының бетін қайтаруы тиіс болған бөгеттер мен бөгендердің салынбауы, каналдардың ретке келтірілмеуі 30 жыл бойғы сал­ғырттық екенін, 30 жыл бойғы жемқор­лық екенін тәуелсіздік алғалы қазақты қан қақсатып тонағандар мойындағысы келмейді, әрине. Қазақ­стандағы су қоймалары мен бөгеттер 50-70 жылдары салынған. 1990 жылдан ол жерлер жөндеу көрмеген. Жаңа су қоймалары салын­баған. Осынша олқы­лыққа, яки қыл­мысқа жол бер­ген 30 жылдық ескі жүйе­нің шабар­мандары, бүгінгі жаңа буынға қарсы ақпараттық соғыс ашып әлек. Олар жалған ақпараттың жарға жыға­тынын білсе де, ағайынды арандату үшін барын салып әлек. Бірақ қазақтың бірлікті бірінші орынға қоятынын және ұлтының қамын құлқынының қамынан артық қойғандарды ұмыт­пайтынын білу керек олар»,– деді Н.Сәрсенғалиев. Басты міндет елдің талабын орындау екенін ескерткен депутат жұмысына салғырт қараған мем­лекеттік қызмет­керлердің ешқай­сысының лауазымына, тегіне қара­мас­тан жазаға тарту қажет екенін айтты.

Ал мәжілісмен Еділ Жаңбыршин Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында өңірлерді су басып жатқанда билет бағасын негізсіз көтеріп жіберген әуе және теміржол компания­ларының әрекетін сынады. 

«Мәселен, баспасөз беттерінде жа­рия­ланған деректерге қарағанда, Аты­раудан Ақтауға ұшақпен жеткісі келген жолаушылар, бір билет үшін 170 780 теңге төлеуге мәжбүр болды. Ал Атыраудан Алматыға билет бағасы 675 мың теңгеге дейін көтерілген. Алматы, Астана қалаларынан осы өңірлерге қатынайтын әуе рейстерінің де бағасы шарықтап кеткен. Мұны «Жығылған үстіне жұды­рық» демегенде, басқаша не деуге болады?!» – деп сауал тастады Е.Жаң­быршин. 

Тасқын зардабынан туындаған мә­селелерді еске салған депутат шұғыл түрде шешілуі қажет түйт­кілдерді атап көрсетті. «Біріншіден, әуе, теміржол, автомобиль көліктері тасымалдау­шыларының бағаларын тұрақты ба­қылауға алып, оның негізсіз көтерілуіне жол берілмесін. Әсіресе, топан судан зардап шеккен өңірлерді жалғайтын көлік қаты­насына ерекше назар аудар­сын. Екінші, әуе қатынастары тариф­терінің өспеуін тек 24 сәуірге дейін ұстап тұрмай, одан кейін де билет бағасының жыл он екі ай тұрақты болу мәселесін қарастырсын. Үшіншіден, су тасқыны орын алған өңірдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, жанар-жағар­май, құрал-сайман, құрылыс мате­риал­дарының және тағы да басқа тауар түрлерінің бағасын тұрақтандыруды қолға алсын және өсуіне жол бермесін. Сонымен қатар Үкімет тиісті министрліктер мен ведомстволарды ұйымдастырып, жүйелі түрде жұқ­палы ауруларға қарсы жедел кешенді шаралар қабылдасын», – деді Е.Жаңбыршин.

«AMANAT» фракциясының тағы бір мүшесі Ринат Заитов та Премьер-Ми­нистрдің атына жолдаған депутаттық сауалында тасқын суды табиғи құбылыс дегенімізбен, апатқа кінәлі адами сал­ғырттықтар бар екенін ескертті. «Дәлелі­мен айтсақ, Атырау облысы мен Құлсары қаласы­ның маңынан заңсыз салынған су бөгеттері, жергілікті биліктің көктемгі су тасқынына әлсіз әзірленгені, сын сағатта абдыраған жұрттың әрекетін үйлестіре алмауы да осындай салдарға әкеліп соқты. Жергілікті билікпен жауапты министр­ліктер оған дейін дабыл қаққан әріп­тестерім Д.Тұрғанов, Б.Базарбек, Жылой аудандық мәсли­хатының депутаты С.Сәр­сенбаевтардың депутаттық сауал­дарына бей-жай қара­ғаны да бұл апаттың бір себебі деуге әбден болады. Сондықтан Президентіміз айтқандай, жауапкершілік алудан қашып, жұмысты бір-біріне сілтеп отыратын қызметкерлер мен жергілікті ірі компаниялар әрекеттері жазалануы тиіс», – деді ол.

Сондай-ақ Р.Заитов апат салдары­нан зардап шеккен халық өз шығын­дарының қалай есептеліп, қалай өтелетінін әлі де толық білмейтінін жеткізді. Оның айтуынша, шара­лардың нақты алгоритмі жасалмаған, «Комиссия қалай құрылып, қалай жұмыс жасайтыны жайлы халыққа дұрыс хабарланбаған. Сол себептен комиссия жұмысын жеңілдетіп, халық­пен тікелей байланыстыру мақсатында оның құрамына ел сеніміне ие болған жергілікті белсенді азаматтарды қосу керек деп есептейміз. Үшіншіден, апат болған аймақтардың тұрғындарына уақытша несиелік каникулдарды жан-жақты қарас­тыруды сұраймыз», – деді депутат. 

Бұған қоса, жалпы отырыста Мәжіліс жаңа заң жобаларын жұмысқа қабыл­дады. Олар: нысаналы капитал қорлары (эндаумент-қорлар) туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер; экономикалық құқықбұзу­шылық­тарды одан әрі қыл­мыстық сипаттан арылту және заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қар­жыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы; Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жо­балары. Бұдан бөлек, биологиялық материалмен алмасу туралы келісім мен Қазақстан Үкіметі мен Ресей Үкіметі арасындағы Қазақстан мен Ресейдің біртұтас энергетикалық жүйелерінің қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету жө­нін­дегі шаралар туралы келісімді рати­фикациялау жо­баларын да жұмысқа алды.

Ұлағат БЕКБОЛАТ