«Барлық жол Римге апарады» деген сөз бар.
Римге жасалған ресми сапар
фото: Нұрсұлтан БАЙБУЛЛИН
687
оқылды

Атақты Коллизей, ежелгі Римнің ең жұмбақ ғимараты – Piazza della Rotonda, яғни Пан­теон, Lungotevere Castello қор­ғаны, Венеция алаңы мен әйгілі Капитолий алаңы, Боргезе гале­реясы, әлем туристерінің наза­рын өзіне тартып тұрған Капи­толий музейі іспеттес қаншама тарихи жәдігері бар көне қала­ның даңқы осы күнге дейін жер жарады. Римге барған да ар­манда, бармаған да арманда! 

Таяуда ғана Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған бір топ Парламент депутаты жұмыс сапа­рымен Ватикан мен Италия Рес­публикасына барды. 

Джорджа Мелони – 2022 жылғы 22 қазаннан бері Италияның үкімет бас­шысы  және ел тарихындағы алғашқы әйел премьер-министр. Осыдан бір жыл бұрын, дәлірек айтсақ, 23 мамырда Италияның премьер-министрі  Джорджа Мелони Қасым-Жомарт Тоқаевқа қоңырау шалып, әңгіме барысында екі ел­дің саяси, сауда-экономикалық, ин­вес­тициялық және гуманитарлық ынты­мақтастықты дамыту перспективаларын талқылағаны белгілі. Энергетика, көлік, өнеркәсіп кооперациясы және ауыл шаруашылығы салаларындағы жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қатысты бірталай мәселе сәулелі сұх­батқа өзек болған.

Қазақстан Президенті биылғы ал­ғашқы сапарын Еуропадан бастады. 18-19 қаңтарда Италияға және әлемдегі ең кішкентай мемлекет Ватиканға барды. Қасым-Жомарт Тоқаев сапары­ның бірінші күні Италия президенті Серджо Маттарелла және премьер-министрі Джорджа Мелонимен жүздесті. Сапар аясында италиялық бизнес өкілдерімен кездесіп, екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың келешегін тал­қы­лады. Мемлекет басшысы  Маттарелла­ны Италияның «Үлкен жетілікке» төра­ғалық қызметіне кірісуімен құттықтап, G7-нің күн тәртібін жүзеге асыру ісінде табыс тіледі. 

Италия – унитарлы парламенттік республика. Мемлекет басшысы – пре­зидент. Атқарушы билік пен үкіметті Италия Министрлер Кеңесінің төрағасы басқарады. Заң шығарушы билік – 5 жыл­ға сайланатын екі палаталы парла­мент. Серджо Маттарелла – Италия президенті. 2022 жылдың шілдесінде елдегі саяси дағдарысқа байланысты Италия үкіметі отставкаға кетті. 2022 жылдың қыркүйегінде  кезектен тыс парламент сайлауы өтті. Осы сайлауда Джорджа Мелони жетекшілік ететін «Италия бауырлары» партиясы Сенатта да, депутаттар палатасында да айтарлық­тай көп дауыс жинады. Оңшыл күш­тердің жеңісі Италияда 1945 жылдан бері бірінші оңшыл үкіметті құруға мүмкіндік берді.

Сапар барысында біздің Прези­ден­тіміз шетелдік инвесторлар үшін ел экономикасының анағұрлым тартымды және перспективті салалары, оның ішін­де «жасыл» энергетика туралы мол мағлұмат бергенін білеміз. Екі елдің бас­шылары Қазақстан мен Италияның әлемдік аренадағы, оның ішінде БҰҰ мен ЕҚЫҰ аясындағы өзара іс-қимыл мә­селелеріне арнайы тоқталып, БҰҰ Жар­ғысының қағидаттарын құрметтеу негізінде халықаралық қатынастар мен жаһандық қауіпсіздік жүйесін нығайту­дың маңызды екеніне тоқталған бола­тын.

Осы сапарда Мемлекет басшысы Қазақстан мен Орталық Азияның Еуропа Одағымен арадағы ынты­мақ­тастығын дамыту перспективаларын талқылап, көлік және логистика сала­сындағы өзара тиімді ықпалдастықтың, атап айтқанда, Транскаспий халықа­ралық көлік бағытын өркендетудің келешегі зор екенін ерекше атап өткен еді.

Италия – Қазақстанның Еуропадағы негізгі сауда серіктестерінің бірі. Қа­зақстанның көпвекторлы сыртқы сая­сатындағы басымдық беретін, маңызды бағыты және стратегиялық серіктесі. Тауар айналымы бойынша 2022 жылғы сыртқы сауда айналымының жалпы көлемінде 11,5 пайыздан астам үлесімен Ресей Федерациясы және Қытайдан кейін үшінші орында. 

Екі мемлекет арасындағы диплома­тиялық қарым-қатынас 1992 жылғы 21 тамызда орнады. 1992 жылдың қаза­нында Қазақстанда Италия елшілігі, ал 1996 жылы Италияда Қазақстан Рес­публикасының елшілігі ашылды. 2009 жылы Италия мен Қазақстан арасында мемлекетаралық стратегиялық әріп­тестік туралы келісімге қол қойылды. Екі ел арасындағы 30 жылдан астам дипло­матиялық қарым-қатынастар барысында сындарлы саяси өзара іс-қимыл жолға қойылды, өнеркәсіп-экономикалық ынтымақтастық және тәжірибе алмасу жөніндегі үкіметаралық жұмыс тобы құрылды. Осы уақыт аралығында мем­лекеттердің басшылары және премьер-министрлері, лауазымды тұлғалар екі тарапқа да  бірнеше рет сапармен барып, тығыз араласып, дипломатиялық қарым-қатынас жап-жақсы орныққан. 2019 жылы Италия Орталық Азиядағы 1+5 үйлестіру бастамасын бастады, оған Қазақстан да қатысып, айтарлықтай үлес қосып келеді.

Бұл күнде өзара сауда-саттық көлемі 14,5 миллиард доллардан асып отыр. Таяу жылдары елдеріміз арасындағы тауар айналымы 20 миллиард долларға жетеді деген оң болжам бар. Италия – Қазақстан экономикасына қаржы сал­ған басты инвесторлардың бірі. Стра­тегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда Италияның қатысуы бар 303 компания тіркелген екен. Негізінен кәсіпорындар құрылыс, сауда және ғылыми-техникалық қызмет салаларымен айналысады. Энергетика саласында Қазақстанның мұнай-газ саласындағы ең ірі серіктесі –  ENI – мұнай мен газды барлау, өндіру, тасы­малдау, өңдеу және өткізу сияқты сала­ларда дамуды мақсат ететін ірі интегра­цияланған энергетикалық компания. Бұл компания біздің елде 1992 жылдан бері жұмыс істейді. Негізгі қызметін Батыс Қазақстан облысындағы Қара­шы­ғанақ кен орнында және Солтүстік Каспийдің таяз суларында, Солтүстік Каспий ӨБК кен орнында жүзеге асы­рады. Әлемнің 79 елінде 80 мың адамды жұмыспен қамтиды. Қазақ­стан­нан Италияға 2023 жылғы қаңтардан қазанға дейін 11,8 миллиард долларға 20,1 мил­лиард тонна шикі мұнай мен шикі мұнай өнімдерін экспорттады. Ита­лияның ауыл шаруашылығы өнімдерін ірі әлемдік өндіруші (шарап өндірісі бойынша 1-орын, зәйтүн майы өндірісі бойынша 2-ші және ірімшік өндірісі бойынша 4-орын) ретіндегі жетекші позициясы айқын танылды. Алдағы уақытта мемлекеттер арасындағы агроа­зық-түлік секторындағы ынтымақ­тастықтың келешегі жақсы болады деген болжам бар.

Бір сөзбен айтқанда, екіжақты қа­тынастардағы жетістіктер өте жақсы.  Президент сапарынан кейін тек эконо­ми­ка бағытына ғана емес, сонымен қатар мәдениет, туризм сияқты басқа да көптеген саладағы ынтымақтастықты дамытуға жол ашылып жатыр. Білім беру саласында қазақстандық және италия­лық жоғары оқу орындары арасында 30-дан астам келісімдер жасалды, соның ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университеті мен Римнің Сапиен­ца университеті, Қазақ ұлттық өнер уни­верситеті және Неапольдегі Салерно және Сан-Пьетро а-Мажелла мемлекет­тік консервато­риялары арасында жақсы байланыс орнатылды. Студенттік алмасу бағ­дарламалары бойынша Сапиенца, Салерно, Касино, Неаполь және Фер­рара университеттерімен  ынтымақ­тас­тық белсенді түрде жалғасып келеді.

Былтырғы жылдың 30 қарашасында Алматыда Орталық Азиядағы жалғыз Италия мәдениеті институты ашылды. Қазан айында Өскемендегі Аманжолов атындағы университет базасында Генуя университетінің филиалын ашу туралы келісімге қол қойылды. Енді қазақстан­дық студенттер италиялық универси­теттің филиалында білім алып, қос диплом ала алады.

Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына орай Италияның Қазақстандағы елшілігі «2050 жылға дейін бірге» бағдарламасын жариялады. Бұл бағдарламаның атауы­ның өзі – біздің байланысымыздың ке­лесі аралық есеп беретін кезеңді, ал «бірге» сөзі – оған жету жолы екенін аң­ғартып тұр. Үш негізгі қозғаушы күш – ын­тымақтастық, инновация және білім бойынша күш біріктіруге әрекет жасалып жатыр.

Жақында Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған бір топ Парламент депутаты жұмыс сапарымен Ватикан мен Италия Республикасына барды. Сапар аясында делегация Рим Папасы Фран­цискпен кездесті. 2022 жылдың қыр­күйегінде Рим Папасы Франциск Қа­зақстанға келіп, Астанада өткен Әлем­­дік діндер мен дәстүрлі діндер көш­бас­шыларының VII съезіне қатысқан еді.

Сондай-ақ Ватиканның Дінаралық диалог жөніндегі Дикастериясының және Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­басшылары Съезінің ұйымдас­тыруы­мен дөңгелек үстел өтті. Осы жиынға Сенат Төрағасы, сенаторлар Нұрлан Бекна­заров, Ольга Булавкина және мен де қатыстым. Италия Рес­публикасы пар­ламент сенатының депу­таттарымен кез­­десіп, парламентаралық ынтымақтас­тық­ты нығайту мәселелерін талқылап қайтқан жайымыз бар.

Мәулен Әшімбаев Рим Папасы Фран­цискке ілтипат танытып, арнайы аудиенция үшін алғыс айтты. Сондай-ақ ол екі ел арасындағы достық қарым-қаты­настың одан әрі нығаюына Қазақ­стан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев­тың биыл қаңтар айында Ватиканға жасаған ресми сапары айтарлықтай серпін бергенін ерекше  атап өтті. Мәу­лен Сағатханұлы өз сөзінде, Қасиетті Таққа Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезіне жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ Рим Папасының VII Съезге қатысуы жаһан­дық дінаралық диалогті арттыруға және халықаралық деңгейде рухани дип­ло­матияны дамытуға зор ықпалын тигіз­генін қадап тұрып айтты.

Жылы шырайлы жүздесуде Рим Папасы Франциск Қасиетті Тақ Қазақ­станның бейбітшілік пен түрлі дін өкілі арасындағы ынтымақтастықты нығай­туға арналған бастамасын қолдайтынын тілге тиек етті. Сонымен бірге ол Ас­танада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезіне қатысқан сәтті еске алды.

– Біздің бүгінгі кездесуіміз Астанаға сапарымды, сол кезде қатысқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезін еске түсірді. Съезд дін лидер­лері диалог құратын, сондай-ақ әлемдік саясаткерлер мен мәдениет және медиа өкілдерін біріктіретін бірегей алаңға айналды. Бұл бастама шын мәнінде, құр­метке лайық және Қазақстанды кез­десулер елі ретінде көрсетеді. Биыл қаң­тар айында Ватиканға сапармен келген Қазақстан Президентімен кездестім. Сол кезде қазақ халқына деген ізгі ние­тімді білдірдім. Біз діндер, мәдениеттер және этникалық топтар арасындағы үй­ле­сімділікке жету жолында бір-бірі­міз­ді қолдауымыз қажет. Қазақстан – осындай жетістікпен мақтана алатын ел, – деді Рим Папасы. Бұл біздің елі­міздің атына айтылған жоғары баға.

Сапар аясында экология, жаһандық жылыну және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шара барысында Мәулен Әшімбаев Қазақстан Президенті жасыл экономикаға көшу мәселесіне баса мән беріп отырғанын айтты. Соған сәйкес ұлттық заңнама, Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен мін­деттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комис­сияның қызметі және басқа да бағыттар аясында кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүріп келеді.

– Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­басшылары Съезі қазіргідей өзекті сын-қатерлер жағдайында дін көшбас­шы­ларының, саясаткерлердің және халық­аралық ұйымдардың күш-жігерін ортақ мүддеге жұмылдыруды көздейді. Рухани көшбасшылар жергілікті жерде ғана емес, халықаралық деңгейде де зор ық­палға ие. Олар бірлесіп, климаттың өзгеруі, теңсіздік, экстремизм сияқты проблемаларды шешуге, қақтығыстар мен соғыстарды тоқтатуға айтарлықтай септігін тигізе алады. Планетамыз бен келер ұрпақтың жарқын болашағы жолында жұдырықтай жұмылу біздің ортақ мақсатымыз екені анық, – деді  Сенат Төрағасы.

Ресми сапар кезінде Мәулен Әшім­баев Италия Республикасы Парламент Сенатының Төрағасы Иньяцио Ла Рус­самен кездесті. Сұхбат кезінде тараптар парламентаралық қарым-қатынасты арттыру мәселесіне кеңірек тоқталды.

– Италия – Қазақстанның Еуро­палық Одақтағы маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі. Біздің елдеріміз ара­сында сындарлы саяси диалог қалып­тасқан. Жыл басында Қазақстан Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ита­лияға ресми сапармен келуі соның жар­қын бір көрінісі. Бұл сапар екі мем­лекеттің экономикалық және мә­дени-гуманитарлық ынтымақтастығын ны­ғайтуға тың серпін берді, – дей келіп, Мәулен Сағатханұлы алдағы уақытта парламентаралық байланысты одан әрі нығайтудың мәні зор екенін айтты.

Иньяцио Ла Русса екпіндеп сөйлей­тін, еркін қимылдың адамы екен. Бас­тап­қыда лапылдап сөйлеп, арыны ба­сыл­май отырғандай көрінген, Мәулен Сағатханұлының байыпты байламы, орнықты сөз саптасы ілезде сабасына түсірді. Ол да екі елдің қарым-қатынасын әрі қарай арттырудың маңызды екеніне назар аударып, Қазақстанда жүріліп жатқан демократиялық жаңғыртулар мен реформаларға қолдау білдірді.

Екіжақты кездесу барысында тарап­тар сауда-экономикалық, мәдени-гума­нитарлық және инвестициялық ынты­мақтастықты кеңейту мәселелерін де талқылады. Бұдан бөлек, екі жақ білім беру және туризм саласындағы серік­тестікті кеңейту жөнінде пікір алмасты.

Осы ретте Қазақстан Президентінің Италияға ресми сапары аясында Италия Республикасы Министрлер Кеңесінің төрағасымен бірлесіп, еліміздің Вене­циядағы 60-шы Халықаралық заманауи өнер биенналесіне қатысуы туралы бір­лескен мәлімдеме жасалғанын еске сала кеткен орынды секілді. Мәдениет және ақпарат министрілігі әлемнің беделді көрмелерінің бірінде елдің Ұлттық па­вильо­нын ұйымдастыру бойынша бар­лық қажетті шараны қабылдады. Пави­льон­­ның комиссары – біздің елдің Мә­дениет және ақпарат министрі. Ме­рей­тойлық өнер биенналесі 2024 жыл­дың 20 сәуірі мен 24 қарашасы аралы­ғында жеті ай бойы Венециядағы Navale тарихи ғимаратында өтеді.

2001 жылы тәуелсіз Қазақстанға 10 жыл толғанда алғаш рет Рим Папасы Иоанн Павел II елімізге келіп кеткен еді. Соның алдында 1998 жылы 24 қыр­күйекте Иоанн Павелдің қолын алған едім. Бұл кісі қазір әулиелер санатына қосылды.

Екінші рет Рим Папасы Франциск 2022 жылы Қазақстанға арнайы келді. Сенат Төрағасының сапары аясында Рим Папасы Францисктің де алақанын ұстап қайттым.

Осының бәрі тегін емес-ау...

Жақында ғана...

Қазақстанда су тасқыны болып жат­қанда, Рим Папасы Франциск біздің елдің амандығын тіледі. Понтифик соң­ғы 70 жыл ішінде ерте еріген қар суынан зардап шеккен Қазақстан тұр­ғын­дарына жанашырлық сезімін жет­кізді. Бұл туралы Vatican News арнайы хабарлады. «Біз Қазақстандағы стихия­лық апаттан зардап шеккен жандар үшін дұғада боламыз».

Дін діңгегі әртүрлі болғанымен Құ­дай – бір. Ел аман, бейбіт заман болғай!

Нұртөре ЖҮСІП, сенатор

Астана – Рим –Астана