Биылғы кібісе жылында Сол­түстік Қазақстан облысын бұрын-соңды болмаған топан су басты. Көнекөз қариялардың айтуынша, мұндай су тасқыны бұл өңірде соңғы рет 1926 жылы болса керек.
Сергелдеңге салған су
932
оқылды

Табиғат апатынан келген шығын шаш етектен. Баспанасынан, мал-мүлкінен жұрдай болған халық эвакуация қосындары мен туған-туысқандарын жағалауда. Күні кеше Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары бары­сында зардап шеккен тұрғын­дармен кездескен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  олардың шығындарын өтеу үшін мемлекет тарапынан барлық тиісті шара қабылданатынын айтты.

Наурыз айының соңында Тайынша ауданынан басталған қарғын су біртіндеп Тимирязев, Есіл, Шал ақын, Қызылжар,  Ақжар және Ғ.Мүсірепов атындағы ау­дан­дарды, ал өткен демалыс күндері об­лыс орталығын да басып, тұрғындарды әбігерге салды. 

Мұның себебін  облыс әкімі Ғауез Нұр­мағамбетов Есіл өзеніндегі мұздың еруімен және көршілес Ақмола облы­сынан ағын судың келуімен  түсіндірді. Табиғат апаты алдын ала болжанғанымен, дәл осындай ауқымда боларын ешкім де күтпеп еді. Бірінші Вице-премьер Роман Скляр алдын ала өңірге келіп, арнайы қызметтердің дайындығын өз бақы­лауына алған болатын. 

Бірақ сең жүрген кезде мұз­дардың кептелісі қосымша қиын­дық туғызды. Сел салдарынан су деңгейі көтеріліп қана қоймай, инфрақұрылым істен шықты. Есіл өзенін жағалай орналасқан елді мекендерді су басты. Күні бұрын дамбалар бекітіліп көте­рілгенімен, Пет­ропавл қаласын да қарғын судан сақтап қалу мүмкін болмады. Облыс орта­лығы­ның тұрғындары да сусыз, жарықсыз отыруға мәжбүр болды. «Қызылжар су» кәсіпорны кейбір аулаларға су тасығыш көлік жібе­руі мұң еді, халық ұзын-сонар кезекте сағаттап тұруға да көнді. Бірақ көпшілігінде су таситын ыдыс та жоқ болып шықты. Ал сау­да нүктелеріндегі шелек, бөш­ке сияқты ыдыс атаулы тез тау­сылды. 

Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиевтің айтуынша, қалалық­тарды сумен қамту үшін стандарттан тыс шешім қабылда­нып, қала шетіндегі Пестрое көлінен су берілді. Мамандардың айтуынша, мұндай әдіс ешқашан қолданылып көрмепті.  Судың ас­тынан құбыр тарту оңай шаруа емес. Бұл жұ­мысқа екі күн кетті. Тіпті, қала әкімі пет­ро­павлдықтардан кешірім сұ­рады. 

Alageum Electric тобына кіре­тін Пет­ро­павл электротехника­лық зауыты қалаға көмек ретінде үш жаңа транс­форматорын ұсы­нып, сорғы стансасын электр жа­ры­ғымен қамтамасыз етуге сеп­тесті.  Петропавлда электр та­ра­ту желілерінің тіректерін мұз зақымдап, сорғы стансасы істен шыққан болатын. Мамандар оны қалпына келтіру мүмкін емес де­ген қорытынды жасаған. Сон­дық­тан баламалы жолдар қарас­тырыл­ды. Энергетиктердің ай­туын­ша, 200-ден астам баған зар­дап шегіп, оны қалпына кел­тіру үшін мамандар күні-түні жұ­мыс істеді. «Севказэнерго» АҚ бас директоры Анатолий Казан­овский кәсіпорын ак­цио­­нерлері де бұл апаттан тыс қалма­ғанын, 100 миллион теңге бөлгенін және мамандар трансформаторлар ор­на­тып, электр желілерін тарт­қанын айтты. 

Жалпы, су тасқыны бастал­ғаннан бері бірқатар ауылдың тұр­ғындары жа­рық­сыз қалды.  Ауылдарда және облыс орта­лығын­­да интернет пен ұялы бай­ла­ныс үзіліп, кейін қалпына кел­­тірілді. 

ҚАТЫНАС ҮЗІЛДІ

Бірқатар елді мекен сыртқы әлеммен қарым-қатынассыз қал­ды. Солтүстік Қазақстан облыс­тық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мәліметінше,  тас­қын басталғалы алты елді ме­кен­мен көлік байланысы үзілген. 17 сәуір күні Ғ.Мүсірепов атын­дағы ауданның Жаркөл ауылы Шал ақын ауданындағы Балуан және Қызылжар ауданындағы При­брежное ауылдары қатынас­сыз қалып отыр. Петропавл қала­сының дәл бүйі­ріндегі Бескөл кентіне қатынаудың өзі қиындап кетті. Бекет арқылы жүк көлік­терімен жолаушы тасымалдау ұйым­дастырылған, бірақ кезек көп. 

Петропавл қаласына кіреберіс жол­дар да жабылды. Омбы жақ­тан кіретін айналма жол ғана ашық-тын. Қалған үш жолды су шайып кеткен еді. Бүгінгі күні об­лыстық Полиция департа­ментінің мәліметінше, Смирново арқылы өтетін жол ашылғанға ұқсайды. Кешке дейін су деңгейі төмендесе, басқа жолдар да ашы­луы мүмкін деген болжам бар. 

 17 сәуір күнгі жедел ақпаратқа сәй­кес, тасқын басталғалы облыс аумағын­дағы 69 жолды су басты. Бүгінгі күні 5  рес­публикалық, 2  облыстық және 4 ау­дан­дық маңыздағы жолды 2 метрге дейін су басқан. Бірқатар жолды су шайып, опырылса, кейбіреуінде еріген суды өткізу үшін жол төсемі қопарылды.  

Облыстық Төтенше жағдайлар жө­нін­дегі департаменттің мәлі­метінше, табиғат апаты бастал­ғалы, 740 мың текше метр су ай­дал­ған. 25 мың метрге жуық дам­ба бекітіліп, 8 500 метрі жаңа­дан тұрғызылған.

Биыл Сергеев су қоймасын­дағы дең­гей әрі кетсе 4 метрге жетеді деп бол­жанған болатын. Бірақ биылғы көрсет­кіш одан да асып түсіп, рекорд орнатты – 4,35 метр. Су қоймасы салынған 1969 жыл­дан бері мұндай жағдай тір­кел­мепті.  Салыстырмалы түрде айтсақ, облыстың елді мекендерін топан су басқан 2017 жылы 3,38 метр болған-тын.  17 сәуір күні Сер­геев су қоймасы 148,92 пайыз­ға, Пет­ропавл  су торабы 114,78 пайызға толып тұр. 

ЖҰДЫРЫҚТАЙ ЖҰМЫЛА БІЛГЕН ХАЛЫҚ

Жанға ең бататыны сол, қан­шама адам өмір бақи жиған-тер­ген мал-мүл­кінен, тіпті басында­ғы жалғыз баспана­сынан айы­рыл­ды. 14 мыңнан астам адам эва­куацияланды. 2 700-ге жуық үй су астында қалды. Қаңырап қал­ған үйлерді полиция күзетуде. Үйі жарамсыз күйге түскен адам­дарға жаңа баспана салынады деп уәде етілді. Сондай-ақ бірреттік кө­мек пен өтемақы төленбек. Сол­түстiк Қазақстан облысы әкiм­дiгiнiң Жұмыс­пен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағ­дар­ламалар басқармасы Ринат Ел­жасовтың айтуынша, қиын жағ­дайға тап болғандарға әлеу­меттік көмек көрсету мақсатына биыл 85 миллион теңге бөлінген. Зардап шеккендерден қазірдің өзінде өтініштер қабылданып жатыр.  Бұл жұмысқа мемлекеттік органдармен қатар «AMANAT» партиясының қоғам­дық қабыл­дау бөлмесі тартылған. 

Сонымен қатар партия фи­лиалы жан-жақтан ағылып келіп жатқан гу­мани­тарлық көмекті қабылдау және бөлу, табиғат апатымен күреске жұмыл­дырыл­ған және эвакуацияланған адам­дарға ыстық тамақ ұйымдастыру, ха­лық­ты эвакуациялау жұмысы­на да белсене атсалысуда. 

Ел Президенті жалпыұлыттық апат деп баға берген су тасқы­ны­мен күрес барысында Қазақстан халқы бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, асқан ұйымшыл­дық танытқанын айта кету керек.  Түркістан, Қарағанды, Павлодар, Ұлытау, Қостанай облыстарынан, Ал­маты және Астана қалалары­ның әскери күші мен құралдары Солтүстік Қазақстан облысына жұмылдырылды. Ұлттық Ұлан академиясының антына адал 400 шақты курсанты қауіпті нысан­дарға жіберіліп, ел басына күн туған сәтте халықпен бірге иық тіресе күні-түні қызмет атқарды. 

Өңірде ашылған гуманитар­лық көмек қабылдау пункттеріне бүгінде 365 тонна керек-жарақ келіп түсті. Еліміздің түкпір-түк­пірінен құрал-жабдық, тех­ника, киім-кешек, азық-түлік, дәрі-дәр­мек, төсек-орын, гигиеналық заттар, тұр­мыстық химия заттары жеткізілуде. Өзге өңірлерден ауызсу, гуманитарлық көмек әке­ліп, көшеде қарапайым тұр­ғын­дарға таратушылар да бар.  

Жедел әрекет ету штабының және еріктілердің жұмысы  жолға қойылған. 

Бүінде облыстың алты ауда­нында төтенше жағдай жариялан­ған. Қауіп әлі сейілген жоқ. Судың беті қайта баста­ғаны­мен, тас­қынның екінші толқыны бо­лады деген болжам бар.

Роза ШӘКЕН,

Солтүстік Қазақстан облысы