Тасқын судан зардап шеккен ағайынға қаржы жинау 30 сәуірге дейін жалғасады.
Су тасқыны: «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына қанша қаражат жиналды?
Фото: ТЖМ-нен алынды
2,927
оқылды

Мемлекет басшысы кәсіпкерлер мен ірі компанияларды табиғи апаттан зардап шеккен өңірлерге барынша көмек көрсетуге шақырған болатын. Ешбірі аянып қалмады. Бүгінде «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына 80-нен астам заңды тұлға мен 500-ге жуық жеке адамнан 2 млрд 400 млн теңгеден аса қаражат түскен, – деп хабарлайды Aikyn.kz Qazaqstan ұлттық арнасына сілтеме жасап.

Еліміздегі ірілі-ұсақты кәсіпорындардың ешбірі сырт айналған жоқ. Қаржылай көмектен бөлек, қолда бар техникасы мен қызметкерлерін бөгет салу жұмыстарына да үздіксіз жұмылдырып жатыр. Ал мына кестеде көріп тұрғаныңыз тек танымал 10 шақты компания мен мемлекеттік және жекелеген қорлардың, сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға көрсеткен көмегі. Әлі дәл осындай 70-тен аса кәсіпорын миллиондап қаржы аударып жатыр. Оларды «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының ресми сайтынан көруге болады. Кәсіпорындардың атауы мен жіберген қаражатына дейін ашық көрсетілген.

- Көмекті, ең алдымен, құрылыс және көлік-логистика секторларының компаниялары көрсетті. Бұл Eastcomtrans, B&A Contractors, KazVagonBuilding, Mabсо конструкциялары. Біз бұрынғы серіктестерімізді бөлек атап өтуге болады – бірінші кезекте 950 миллион теңге қосқан Қазақстан Халық банкі, «Достар» ЖШС, «KBI Energy Group», «Гаклия-Инсан», – деп нақтылады «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының ресми өкілі Марат Мұхамедсалиев.

Ал бүгін ғана «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы тасқын салдарын жою үшін 15 млрд теңге бөлді. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының дерегінше, кейбір жекелеген және мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлері де бір күндік жалақыларын көмекке деп жіберіп жатыр. Олардың қатарында, «ҚазТрансОйл»-дың 5 мыңнан аса қызметкері жинап берген 80 миллион теңгесі бар. Ал күні кеше Астанадағы іскер азаматтар қауымдастығының 300 кәсіпкері 25 тонна гуманитарлық көмекті тасқыннан зардап шеккен өңірлерге жөнелтті.

– Біз ақша жинауды тоқтатпаймыз. Себебі, тасқынның кесірінен үйсіз қалған қанша отбасы бар. Шамамыз келгенше соларға да қол ұшын созуды жоспарлап отырмыз. Ойлаңызшы, 25 тонна гуманитарлық көмекке жұмсалған 30 млн теңгені Астанадағы кәсіпкерлер 5 күн ішінде жинады. Біз енді жалпы Қазақстандағы іскер азаматтарды да осы игі іске жұмылдырсақ деп отырмыз, – деді кәсіпкерлер қауымдастығының директоры Дарижан Кушебин.

Бүгінде су тасқынына қарсы күресте бүкіл ел жұмылды. Атымтай жомарт жандардан бөлек қарапайым халық та қоғамдық қорға 100 млн теңге аударған. Тасқын судан зардап шеккен ағайынға қаржы жинау 30 сәуірге дейін жалғасады. Жиналған көмектің барлығы табиғи апаттан қираған үйлердің құрылысына жұмсалмақ.