Бұған дейін де су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 900 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жіберілген.
Елордалықтар Атырау қаласына гуманитарлық жүк тиелген  көлік жіберді
590
оқылды

Елорда тұрғындары 2 сәуірден бастап тасқыннан зардап шеккен Қостанай, Орал, Ақтөбе облыстарына үздіксіз гуманитарлық көмек жіберуде. Күні кеше 13-ші жүк көлігі Атырау қаласына жолға шықты. Зардап шеккендерге көмек жинау әлі жалғасады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

AstanaTV-ның мәліметінше, «Зекет және қайырымдылық» қорының қолдауымен азық-түлік, дәрі-дәрмек, көрпе-төсек, киім-кешек секілді қажетті заттар жиналды. Бұған дейін де су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 900 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жіберілген.

– Астана қаласының осы мешіт жанынан ашылған штаб құрылған болатын. Сол аймақтарға қазір, осы күнге дейін екі күнде, тіпті бір күнде, үш күнде көптеген жүк көліктері жолға шығып жетіп қойды. Астана халқы, Астана елі болып су тасқынынан зардап шеккен отандастарымызға қажетті заттарды әкеліп беруде, – деп атап өтті Әзірет Сұлтан мешітінің наиб имамы Омар Салимбеков

Небәрі 10 жастағы Әкімбек те күнде осында. Қолынан келгенше аянбай ерікті қызметін атқарып жүр.

– Су тасқыны болып жатқанда, мен үйде қарап жата алмадым. Содан мешітке келдім, адамдарға су тасқыны болып жатқан жерлерге көмектесіп, волонтер болып жүрмін. 5 жасымнан бастап  кішкентай заттарды көтеріп үлгердім. Қазір 10 жасымда үлкен заттарды көтеріп жүрмін, – дейді ерікті Әкімбек Құралбаев

Ел басына іс түскенде қарап жатпағандардың бірі – «Сауап» қайырымдылық қорының мүшелері. Олар өз ішінен қаражат жинап, 13-ші жүк көлігін Атырау қаласына жіберді. Онан кейінгі меже – Петропавл қаласы.

– Ақтөбе және Орал өңіріне гуманитарлық көмек жібердік. 1 тоннадан жіберіп жатырмыз және осы жерден жамағаттар жіберіп жатыр. Осы Атырау халқына су апатынан зардап шеккендерге 1 тонна өзіміздің адамға  гуманитарлық ең керекті деген  заттарды қазір тиеп жібереміз, – деді «Сауап» тобының жетекшісі Абзалбек Сұлтанбек.

Елордада гуманитарлық көмек қабылдайтын 9 пункт жұмыс істеп тұр. Күн сайын 200-ден астам ерікті қажетті заттарды сұрыптайды және жібереді. Ниет білдірушілер жылы киім, азық-түлік, дәрі-дәрмек, қажетті заттарды әкеледі. Еріктілер қаржылық көмекті қабылдамайды.