Бірыңғай ақпараттық-технологиялық кеңістікті қалыптастыру маңызды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да кәсіби келіссөздерге баулитын кадр бар
1,483
оқылды

Көлік-логистикалық үдерістер қатысушыларының ақпараттар базасы, технологиялар мен ақпараттық жүйелерін интеграциялау талпынысының сәтті болуы әрқилы: ұлттық және аймақтық көліктік логистика жұмысының нормативтік-құқықтық негіздерінің болмауы кедергі жасайды, оның салдарынан үйлестірілген, тиімді қызмет ететін көлік-логистикалық ресурстарды басқарудың механизмінің жоқтығы байқалады.

Қазақстанда осындай интеграциялық міндетті тәжірибелік кешенді шешу мемлекеттің көліктік саясатын жүзеге асыру шеңберінде ірі әрі ұзақ жұмысты қажет етеді. Бұл қолданыстағы отандық және халықаралық заңнамаларға, отандық зерттеушілердің жеткізілімдер тізбегін басқару саласында ғылыми-әдістемелелік зерттеулеріне негізделетін бірыңғай корпоративті ережелерді құру қажеттілігіне тығыз байланысты. Бүгінгі күні отандық логистикада оның дамуын тежейтін көптеген кедергілер бар. Негізгі мәселелер мыналар: кәсіби білім берудің тұрақсыз жүйесі мен білікті кадрлардың жетіспеушілігі. 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетінде бұл бағытта сабақ жүргізу үшін қажетті кадрлық әлеует жеткілікті. Атап айтқанда, халықаралық логистика мен геосаясаттың экономикалық және құқықтық аспектілері бойынша зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрген тәжірибелі профессорлар мен жас ғылымдар аз емес. Сол себепті «Әлемдік экономика» мамандығы бойынша «Халықаралық логистика және сыртқы экономикалық қызмет» саласында жас мамандандарды даярлау жұмысы қарқынды жүруде. 

«Халықаралық логистика және СЭҚ» мамандандығын ашудағы мақсаты – жалпы СЭҚ нарығын, жеке алғанда көліктік кешенді ақпараттық қамтамасыз етуді модернизациялаудың ииновациялық стратегиясын құру, Қазақстанның логистикалық саясатын қалыптастыру, т.б. Халықаралық байланыстар үздіксіз өзгерістерді талап етеді, алайда заңдарды жетілдіру жүйелі сипатта болуы тиіс. Қазақстанды әр түрлі елдер жүктерінің транзиті үшін ыңғайлы етуге бағытталған талпыныстар тиісті нәтижелер бермеді. Мемлекетіміздің 47 ЖОО логистикалық сала үшін мамандарды даярлағанымен, білім беру жүйесі нақты өмірден артта қалған, ал «Халықаралық логистика» пәні оқу бағдарламаларында мүлдем жоқ. Сонымен қатар, қазақстандық ЖОО-ның ешқайсысында СЭҚ саласында логистикалық қызметтер нарығының қажеттіліктерін зерттейтін «Халықаралық логистика және СЭҚ» мамандарын даярлаудың баламасы жоқ. Сондықтан ҚазҰУ-дың бұл бағыттағы қадамдары отандық логистиканы дамытуға үлкен серпін бермек. 

2024 жылғы 15 ақпанда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға 90 жыл толуына байланысты 2, 3 және 4-курстың «Халықаралық логистика және СЭҚ» мамандандығының студенттерімен «Мерейтойлық вернисаж» іс-шарасын өткіздік. «Мерейтойлық вернисаж» іс-шарасында шығыс ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығы, кафедра және факультетіміздің  маңызы мен студенттер үшін мүмкіндіктері, университет тарихындағы ректорлар және елімізді дамытуға үлесін қосып жатқан түлектеріміздің еңбектері дәріптелді. Ой сергітуге арналған «Ел валюталары», карикатура, «4 сурет – 1 сөз», «ҚазҰУ қалашығы» викторинасы, экономикалық жұмбақтар мен ребустар шешу ойындары ойнатылды. Студенттеріміздің университетімізге арнаған өлең шумақтары оқылып, жүрек жарды лебіздері, ой-пікірлері айтылды. Сонымен қатар мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында «Балбырауын», «Ата толғауы», «Қозыбасар», «Баламишка» күйлері орындалды.

Осы салтанатты іс-шарада Сабыржан Аружан университетіміздің тарихы, бастан өткерген маңызды кезеңдері, ғылыми бастамалары, халықаралық рейтингтегі орны мен бүгінгі жаңашылдықтары туралы баяндады. Әрі қарай Ботай Алан мен Биахмет Әлидің университетке есімі берілген Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атағына ие болған, әлемге әйгілі шығыстың ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектері жайлы таныстырды. Сабақ барысында Садриддин Садриддинов университетке деген сүйіспеншілігін қағаз бетіне түсіріп, өлеңімен тәнті етті.

Келесі кезекте Аида Сарсенова бізді сәттілік пен білімге бағыттап, күн сайын дамытып, биікке көтеретін халықаралық қатынастар факультетімен, оның ішінде тарихы, мамандықтар тізімі мен кафедра  құрылымы, қоғамдық, мәдени, спорттық және студенттік өмір, сондай-ақ факультет қабырғасындағы ұйымдастырылып отырған түрлі жобалар жайлы презентацияны таныстырды. Сонымен қатар Оңайбай Іңкәр презентациясында «Әлемдік экономика» мамандығының миссиясы мен құндылықтары, тарихы мен аккредитациясы, ерекшеліктері мен перспективалары, ғылыми қызметі, тәжірибелік мүмкіндіктерімен бөлісті. Әрі қарай Құламқадыр Нұрайлым университетіміздің дамуына зор үлес қосқан ректорлар жайлы презентациясын баяндады. 

Келесі кезекте университетіміздің қабырғаларынан елімізге және әлемге әйгілі талантты түлектеріміз жайлы ақпаратты даярлаған Талғат Жорабековтың презентациясы ұсынылды. Іс-шара барысында 4-курс студенттері әртүрлі викториналар мен ойындар ойнатты. Қос ішекпен қонақтардың құлақ құрышын қандырған Ілияс Нұргазин ортаға өз өнерін паш етті. Іс-шарада шетелдік студентіміз Абдул Сами университет жайлы жағымды ой-пікірімен бөлісті. Келген құрметті қонақтар жылы лебіздерімен бөлісіп, алғысын білдірді. Іс-шара «Мерейлі 90 жыл құтты болсын!» ұранымен мәресіне жетті.

Қорыта айқанда, халықаралық қатынастар факультеті шетелдік ЖОО мен ғылыми орталықтармен әріптестік байланыс орнатып, ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыруда, әртүрлі ғылыми форумдарды, халықаралық конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізуде, ғылыми семинарлар, тренингтер, жаздық мектептер, имитациялық ойындар, оқытудың онлайн-курстары мен видео-конференцияларды өткізуде белсенділік танытып келеді. Факультетімізде болашақ мамандарды даярлау  үшін қажетті кәсіби білімді, шет тілдерін терең меңгерген, кәсіби келіссөздерді жүргізу техникасын  үйрететін қажетті кадрлар бар.

Әсемгүл БЕКМҰХАМЕТОВА, ҚазҰУ аға оқытушысы, экономика ғылымдарының кандидаты