Енді бөгет, бекініс салу бойынша нақты уақыт режиміндегі жұмыстардың барысы туралы барлық жағдайды бейнебақылау камералары арқылы бақылауға болады.
Енді су тасқыны болып жатқан аймақтардағы жағдайды онлайн режимде көруге болады
879
оқылды

Қазақстандықтар Gov.kz сайтында Sergek VMS кешенді бейнебақылау жүйесінің арқасында Атырау облысы мен Атырау, Орал, Қостанай қалаларындағы су тасқынына қатысты жағдайды онлайн бақылай алады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Нақтырақ айтқанда, бөгет, бекініс салу бойынша нақты уақыт режиміндегі жұмыстардың барысы туралы барлық жағдайды бейнебақылау камералары арқылы бақылауға болады.

«Еліміз үшін осындай қиын кезеңде біз де өз тарапымыздан су тасқынына қарсы шараларға өз үлесімізді қосып жатырмыз. Енді әрбір азамат онлайн-трансляция арқылы Орал, Атырау, Қостанай қалаларындағы су тасқынына дайындық бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды тексере алады. Үлкен суға дайындық бойынша атқарылып жатқан жұмыстар үшін белсенді азаматтарға, компанияларға, төтенше жағдайлар қызметі мен әкімдік қызметкерлеріне алғыс білдіреміз», – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

Қазір gov.kz порталына Атырау қаласы мен Атырау облысы бойынша 22 камерадан, Орал қаласы бойынша 6 камерадан және Қостанай қаласындағы 6 камерадан бейне ағындар шығарылған.

Sergek Group мамандары онлайн түрде хабар таратуды Sergek аппараттық-бағдарламалық жүйелері жұмыс істейтін басқа қалаларда іске асыруға дайын.

«Біздің компания пандемия, Қаңтар, Абай облысындағы өрт кезінде қол ұшын берген. Бұл жолы да шетте қала алмады. Табиғи апат туралы білгеннен кейін бірден: біз қалай көмектесе аламыз деген сұрақ туындады. Қазіргі уақытта ТЖ жедел штабтарында және зардап шеккен елді мекендерде біздің 14 қызметкер жұмыс істеуде. Олардың барлығы өзен арнасының өзгеруін және су ағынының келуін бақылау үшін бейне мониторинг жүйесінің мүлтіксіз жұмысын қамтамасыз етуде», – деді Sergek Group бас директоры Әсет Ахметов.

Ол сондай-ақ Sergek Group мамандары су тасқыны басталғаннан бері зардап шеккен елді мекендерде барынша көмек көрсетіп жүргенін атап өтті.

Компания Freedom Telecom және ҚР ЦДИАӨМ-мен бірлесіп олар Индер ауданының Индер кентінде, Махамбет ауданының бірнеше ауылдарында, Дамба кентінде және Атырау қаласының Зарослый шағынауданында қашықтан мониторинг жүргізу үшін камералар орнатты, сондай-ақ қажет болған жерде сапалы интернетке қол жеткізуді қамтамасыз етті.

Су тасқынына қарсы  шаралар өткізілетін орындардан онлайн трансляция GOV.KZ (орталық мемлекеттік органдар және жергілікті атқарушы органдар) сайтында көрсетіледі. 

Sergek Video Management System (Sergek VMS) – қоғамдық қауіпсіздік камераларынан бейне ағындарды сақтау және олармен жұмыс істеу жүйесі.

Ол қала көшелері мен аулаларында, қоғамдық орындарда, білім беру ұйымдарында, сондай-ақ әуежайларда, вокзалдарда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған. 

Осы жүйенің көмегімен ішкі істер органдарының қызметкерлері әртүрлі жағдайларды бақылап, уақытылы әрекет ете алады.