Ауа райының тұрақсыз сипаты сақталады, жаңбыр мен найзағай, екпінді жел ай бойы, ал бұршақ айдың кей күндері жаууы мүмкін.
"40 градус ыстық": мамырға ауа райы болжамы жарияланды
Фото: triptonkosti.ru
6,245
оқылды

Мамыр айында жазғы атмосфералық процестерге көшу жүзеге асырылады,  – деп хабарлады «Қазгидромет» РМК.

Көпжылдық мәліметтерге сәйкес, оңтүстік аймақтарда үсік айдың бірінші жартысында, ал солтүстік аймақтарда   айдың соңына қарай аяқталады, бірақ кей жылдары ең соңғы үсік айдың соңында, тіпті маусым айында болуы мүмкін.

Ауа райының тұрақсыз сипаты сақталады, жаңбыр мен найзағай, екпінді жел ай бойы, ал бұршақ айдың кей күндері жаууы мүмкін.

Айдың көп бөлігінде жоғары температура көрсеткіші басым болады деп күтілуде: республикамыздың солтүстік жартысында күндіз ауа +25+35°C дейін ысуы мүмкін, оңтүстік жартысында +30+40°C дейін.

Суық толқындар әсерінен ауа температурасының төмендеуі күтіледі:

солтүстік, шығыс және орталық аймақтарда, сондай-ақ елдің оңтүстік-шығысындағы таулы аймақтарда түнде -5+5°C дейін, күндіз +10+15°C дейін;

еліміздің батысында және оңтүстік жартысында  түнде +5+15°C дейін, күндіз +16+26°C дейін.

Мамыр айында республиканың басым бөлігінде орташа айлық ауа температурасы нормадан 1-2° жоғары, батыс аймақтарда норма шамасында күтілуде.

Мамыр айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде норма шамасында, елдің қиыр батысында нормадан жоғары, Қазақстанның оңтүстік, орталық өңірлерінде нормадан аз болады деп болжануда.