Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Жер сағаты» экологиялық акциясына белсенді қатысып, қалашықтағы көше шамдары, оқу ғимараттарының сыртқы жарықтары, Ректорат алдындағы және аллеялардағы шамдар 1 сағатқа сөндірілді.
«Жер сағаты» акциясына қосылды
150
оқылды

«Жер Сағаты - Ұлы сағат, болашақ пен біз» ұранымен өткен дүниежүзілік акция Тұрақты даму мақсаттарының «Қолжетімді және таза энергия» бағытын қамтиды.

«ҚазҰУ  қалашығының аумағы үлкен. Сондықтан сыртқы жарықтарды үнемдеуге қолдау білдіру бойынша Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығынан өтініш келген болатын.

ҚазҰУ халықаралық акцияға жыл сайын атсалысады. Бұл шара дүние жүзіндегі және қаладағы электр қуатын үнемдеуге пайдасын тигізеді», - дейді ҚазҰУ-дың электр маманы Ғалымжан Әріпқожаев.

Айта кетсек Қазақстанда 23 наурыз күні сағат 20:30-дан 21:30-ға дейін «Жер сағаты» дүниежүзілік акциясы өтті. Бұл акция 200-ге жуық мемлекетте өткізілді. Әлемдік бастаманы қолдау мақсатында тұрғындар бір сағатқа жарық пен электр құрылғыларын сөндірді.  Сондай-ақ сәулет ескерткіштерінің және ғимараттардың шамдары  толық өшірілді. Қазақстан үшін «Жер сағаты» биыл 15-ші рет өткізіліп отыр.

Аталған акцияны өткізудегі мақсаты – адамзат назарын ғаламшардағы климат өзгерісіне назар аудартып, экологиялық мәселені бірлесіп шеше алатынымызды көрсету. Жалпы, «Жер сағаты» алғаш рет 2007 жылы Сиднейде (Австралия) өткен болатын. 2008 жылы акцияға 35 мемлекеттен 100 миллионнан астам адам қатысты. Содан бері шараға қатысушылар саны жыл өткен сайын артып келеді.

 

Қарагөз СІМӘДІЛ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің

Баспагерлік, редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының оқытушысы