Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Т.Жүргеновтің рухани мұрасы және білім беру саласының тұрақты даму мақсаттары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
Жүргенов мұрасы насихатталды
156
оқылды

ҚазҰУ-дың  90 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған іс-шара оқу ордасының негізін салушылардың бірі, мемлекет және қоғам қайраткері, халық ағарту комиссары Темірбек Қараұлы Жүргеновтің 125 жылдығына арналды.

Жиынға зиялы қауым өкілдері, белгілі ғалымдар, университет басшылығы, оқытушылар мен профессорлар, білім алушы жастар қатысты. Конференцияның мақсаты – Т.Жүргеновтің өмірі мен рухани мұрасын кеңінен дәріптеу, оның Орта Азия мен Қазақстанның ғылымы мен білімін, мәдениеті мен өнерін дамытудағы еңбегін жаңаша зерделеу.

Конференция ашылуында журналистика факультетінің деканы Темірғали Көпбаев Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың арнайы құттықтау хатын оқыды. «Темірбек Жүргеновтің есімі қазақ халқына ғана емес, тұтас түркі жұртына жақсы таныс. Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының ұйғарымы бойынша 2023 жыл – «Темірбек Жүргенов жылы» деп ресми жарияланды.

Темірбек Жүргеновтің есімі ҚазҰУ тарихымен тығыз байланысты. Халық ағарту комиссары қызметін атқарған кезеңде, 1934 жылдың 15 қаңтарында  С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін  – қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін құрды. Кезіндегі қазақ интеллигенциясының белді өкілі болған тұлғаның мәдениет пен өнерге, білім, ғылым саласына сіңірген еңбегі зор», – делінген құттықтау хатта.

Конференцияға қатысқан ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор, қауымдастырылған профессор Жәмила Айтжанова Темірбек Жүргеновтің елеулі еңбектеріне тоқталды. «Темірбек Жүргенов Алматыда – 18, республикада 400 мектеп салдыртқан халық ағарту комиссары.         Ол әдебиет және театр сыншысы, өткір публицист ретінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған қайраткер қаламгер. Т.Жүргеновтің жеті кітабы, 160-тан аса көсемсөз еңбектері мұра боп қалды. Осындай ұлы тұлғаларды  ұлықтау, тарихымызды тарызылау – біздің басты парызымыз», – деді проректор.

Конференция барысында Т.Жүргенов атындағы қоғамдық қордың төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері Сәпен Аңсат, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары, «Комиссар Жүргенов» романының авторы, белгілі тарихшы, қаламгер Бейбіт Қойшыбаев және т.б. ғалымдар қатысып, мазмұнды баяндамалар жасады.

Б.Бейшеналиева атындағы Қырғыз мемлекеттік мәдениет және өнер университетінің ректоры Түменбай Колдошов шараға онлайн байланыс арқылы қатысып, қайраткер тұлға туралы ой-пікірімен бөлісті.

Іс-шара әрі қарай «Гуманитарлық ғылымдар бағытында жаңаша білім берудің мәселелері» тақырыбында панельдік сессия жұмысымен жалғасты.

 

 

Қарагөз СІМӘДІЛ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің

Баспагерлік, редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының оқытушысы