«AMANAT» партиясы үйін су басқан оралдықтарға 150 тоннаға жуық гуманитарлық көмек берді. Қарғын судан зардап шеккен тұрғындарды қолдау үшін жиналған бұл жәрдемді партияның Астана, Алматы, Жетісу, Шымкент, Қызылорда облыста­рын­­дағы филиалдары жі­беріп отыр.
Гуманитарлық көмек әділ бөлінеді
1,065
оқылды

Оралға жеткізілген азық-түлік сұрыпталған соң, отба­сылардың қажеттілігіне қарай теңдей бө­лініп, таратылады. Бұл үшін зар­дап шеккендер тиісті құжаттарын көрсетсе жеткілікті. Қазір көмек алу­шы­лардың тізімі реттелген. Бұл жолғы көмек үйін су басқан­дардың ішінде пәтер жалдап немесе туыстарын саға­лаған­дарға ғана беріледі. Өйткені эва­­­куациялық орталықты па­нала­ған тұрғындар азық-түліктен өзге де керек-жарақпен толық қам­­тамасыз етілген. «AMANAT» пар­тиясының атсалысуымен бес күнде 2 мыңға тарта отбасы азық-түлікпен қамтылды. Әр отбасына 30 келі ұн, 5 литр сұйық май, қант, қарақұмық пен макарон өнім­дері үлестірілуде. Бұл азық-түлік қоры отбасылар үшін бір аптаға жетеді деп жос­пар­ланған. 

«Бірінші күні біз бұл жұмысты журнал арқылы ұйымдастырып едік. Өкінішке қарай, бір отбасыдан бірнеше адам келіп алып кеткен фактілер тіркелді. Сон­дықтан қазір біздің бағдар­ла­ма­шы­ла­рымыз арнайы база дайындап, бір адрестен тек қана бір отбасыға көмек беру керектігі жө­нінде алгоритм жасап жұмыс рет­теліп, жүйе­ленді», – дейді «AMANAT» пар­тия­сы БҚО фи­лиа­лының атқару­шы хатшысы­ның орынбасары Афиза Семғалиева.

Ал павлодарлықтар Петро­павлға тағы да гуманитарлық көмек жөнелтті. Бұл жолы жалпы салмағы 60 тонна болатын 3 жүк көлігі аттанды. Көмектің негізгі бө­лігін азық-түлік пен көрпе жас­тық құрайды. Одан бөлек, гигие­налық заттар, құрал-сайман, су етік секілді аса қажетті дүниелер бар. Көмектің Солтүстік Қа­зақстан облысына аман жетуін жүк көліктерінің жүргізушілері өз мойнына алған.

Тасқынға тап болған өңір­лерге «AMANAT» партиясы қо­сымша 150 тонна болатын көмек жөнелткен. Көмек қолын созған­дардың қатарында жеке кәсіп­керлер де бар. 

«Өзіміз де көмек көрсетейік деп түгел затты тегін ұсынып отыр­­мыз. Өңірдегі жанар-жағар­май стансалары да бізге шығып, көліктерді жанармаймен тегін қамтамасыз ететіндерін айтты. Бұл да үлкен көмек болды», – дейді жеке кәсіпкер Нұрболат Жайлаубаев.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл, – дейді жұртымыз. Кереку өңірі­нен партияластар, қоғам бел­сенділері, жастар бәрі қо­сылып, Петропавл халқына гу­ма­нитар­лық көмек көрсетіп отыр­­мыз. Бұл іске Павлодар тұр­­ғындары ерекше атсалысты. Мүмкін болса, тағы жіберуге дайынбыз», – дейді облыстық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы фракция­сы­ның мү­шесі Айдар Құрымбаев.

Бердібек ҚАБАЙ