Абай облысында тасқын судан зардап шеккен аудандарда жағдай тұрақталып қалды. Өз үйлеріне қайтқан тұрғындарға жан-жақты көмек көрсетіліп жатыр. Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев 17-18 сәуір күндері Ақсуат, Аягөз және Жарма аудандарына барып, жұртшылықпен кездесті.
Апаттан кейінгі жағдай реттеліп жатыр
624
оқылды

Аймақ басшысы Ақсуат ауданына барған сапарында Кіндікті ауылының тұрғындарымен жүз­десіп, олардың өтініштеріне ден қойды. Әкім жұртшылық тарапынан көтерілген мәселелердің орын­­далуын бақылауға алатынды­ғын жеткізді. Сонымен қатар «Қарағанды–Аягөз–Боғас–Кіндікті» тасжолындағы көпірдің жайын көзімен көрді. Қазіргі уа­қытта көпірдің құрылыс жобасына сараптама жүргізіліп жатыр. Сараптама аяқталысымен жобаны жүзеге асыру басталады. Көпір құрылысының жұмыстары биылғы жылдың қараша айында аяқталады деп жоспарлануда.

Аягөз ауданына жасаған жұ­мыс сапарында облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев Бозай ауылының тұрғындарымен кездесті. Бозай­лықтар әкімге көпірді қалпына келтіру мен уақытша айналма жол­дың мәселесін жеткізді.

Ауыл тұрғындарымен кездесуге құрылыс мекемелерінің жетекшілері де шақырылып, Бозай елді мекеніндегі автомобиль көпірін қалпына келтіру мерзімі бойынша өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ көпір құрылысының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу, көпір пайдалануға берілгенге дейін уақытша айналма жол салу мәселелері талқыланды. Облыс әкімі кездесуде айтылған мәселе­лердің барлығын өз бақылауына алатынын жеткізді. Аудан әкімі мен жауапты басқармаларға жұ­мысты жеделдету және айналма жол құрылысына үнемі мониторинг жүргізіп отыруды тапсырды.

Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев Аягөзге жасаған сапары барысында «Қуаныш» ықшам ауданында салынып жатқан 600 орындық мек­тептің құрылыс жұмыстарын тек­серді. Аталған құрылыс «Жайлы мектеп» жобасының аясында жүргізіліп жатыр. Қазір іргетас құйылып, үстіне дайын іргетас блоктары төселді. Сондай-ақ гидроизоляция және сейсмикалық белдеу жұмыстары жүргізілген.

«Жалпы, «Жайлы мектеп» ұлт­тық жобасы аясында облысымыз­да 2025 жылға дейін 5 700 оқушыға арналған 11 мектептің құрылысы жоспарланған. Соның ішінде Семей қаласының Ақсай кентінде 600 орындық, Восточный (оң) кентінде 300 орындық, Қарағайлы ықшам ауданында 900 орындық, Аягөз ауданының Ақтоғай кенті, Ақсуат ауданы Екпін ауылы мен Жарма ауданының Қалбатау ауылында 300 орындық мектептің құ­ры­лысы бар», – деп атап өтті әкім ха­лықпен кездесу барысында.

Облыс әкімі 18 сәуір күні Жарма ауданына қарасты Үшбиік ауы­лына барып, тасқын салдарынан үйлеріне су кірген тұрғындармен жүздесті. Ауыл халқы көтерген мә­се­лелерді тыңдап, елді мекеннің бүгінгі жағдайын соның ішінде су кірген үйлердің бірін өз көзімен көрді. Қазір су тасқыны бойынша аудандағы жағдай тұрақты. Су кірген үйлердің тұрғындарына бар­лық қажетті көмек көрсетілді.

Сапар барысында аудандық маңызы бар «Шар–Көшек» автомобиль жолы да назардан тыс қалмады. Облыс әкімі орынбасары Димитрий Гариков пен аудан әкімі Жарқынбек Байсабыровқа жолдарды қалпына келтіру жұмыс­тарын күшейту жөнінде тиісті тапсырмалар берді.

Аудан орталығы Қалбатауда ескерткіштердің аумағын тазарту, сондай-ақ бірқатар сәулет нысандарын ретке келтіру жұмыстары жүргізілген. Оның ішінде Нұрқа­сым Садықов атындағы саябақтың «Даңқ» аллеясының аумағында, Зере ана, Қалихан Алтынбаев, Тұр­сынхан Әбдірахманова ескерт­кіштерінің жанында жұмыстар атқарылды. Сондай-ақ жазушы Әзілхан Нұршайықовқа арналған сквер тазартылды. Жарма ауда­нын­дағы 400-ге жуық адам қатыс­қан акцияға ауыл тұрғындары, мекемелер, ұйым қызметкерлері, аға буын өкілдері белсене атсалысып, жалпы саны 16 тарихи-мә­дени ескерткіштің аумағы тазартылыпты. Жалпы, Абай облысында жүргізіліп жатқан «Киелі мекен» апталығы аясында барлық ескерткіштің аумағы тазаланып, ретке келтірілетін болады.

Ұлағат БЕКБОЛАТ