Театрда режиссер жұмысы мен актерлік шеберліктің үндесуінен туған қойылым көрерменнің көңілін бір серпілтеді. Елордамыздағы Қаллеки театрында мұндай қойылымдар санын санап көрсету мүмкін емес шығар.
Қуандық Қыстықбаев, актер: Сахна қателікті кешірмейді
1,323
оқылды

Аталған театрда бұған дейін көркемдік жетекші қызметін атқарған Қуандық Қыстықбаевпен сұхбаттасқан едік. Ол қазақ театрына қазір бірқатар өзгеріс қажет екенін айтты. Әңгіме барысында Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының бүгінгі ахуалы, жалпы театр актерлерінің шығармашылық және қаржылық мәселелері және театр саңлақтарының қазіргі күйі жайында сөз қозғады.

– Театр әлемінде жүргеніңізге біраз жыл болды. Сіздің түсінігіңізде театрға, өнер­ге адалдық деген не?

– Театр сахнасы қалт жіберіп алған қа­телікті кешірмейді. Сахна киелі дейміз ғой, шынында солай. Қазір есепсіз қа­латын дүние жоқ. Өнердегі адалдықтың жас­тық шақта білінуі қиын, орта буынға кел­генде театр алаңында жүріп өткен жо­­­лыңызға қарап адал болғаныңызды ба­ғамдауға болады. Неге? Қазіргі актер­лер театрды көбіне екінші орынға қояды, түрлі рөлді де байқамай ойнай береді. Мен оны басшылыққа келгенде жүріп өт­кен жолыма, өткеніме қарап түсіндім. Өне­рін бірінші орынға қоятын заман­дас­тарым да болды. Еңбегі еленіп, ұсы­ны­латын марапат та ойнаған рөлінің са­­­­па­сына, адалдығына байланысты бе­рі­леді. Ал кейде өзі жіберіп алған ол­қы­лы­ғын түсінбейді, түсінсе де мойын­да­ғысы келмейтін өнер адамы да кездеседі. Алдыңғы аға буындардың өміріне қарап сах­наға, өнерге адал болғанын бай­қай­мыз. Адалдық деп айтып отырмыз, оның ба­сында ең бірінші тәртіп тұрады. Театр­да біреудің уақытын ұрлау – ең үлкен қа­телік. Біз әлі осыған бейімделе алмай жүр­міз. Өнерді шетке қоя тұрайық, мұ­ның бәрі, алдымен өз жұмысыңызға адал болудан келіп шығады. Жасырмаймын, театрда небір таланттар берілген рөлін де өз деңгейінен жоғары алып шығады. Бі­рақ олар тәртіпке бағынбаса дым шық­пайды. 

Театрымызға талантты режиссер Барзу Абдураззаков «Ләйлі-Мәж­­нүн» спектаклін қойды. Шәкірт­тері­не «Көзіме қарап сұрақ қойыңдар, кө­зіме қарап тыңдаңдар» дейтін. Оның бір сөзі маған өмір бойына сабақ болып қал­ды. Егер бір жұмыспен айналысатын бол­саңыз, басқа жаққа алаңдаудың кере­гі жоқ, зияны өзіңіз­ге тиеді. Сол сияқты спек­такльге беріл­ген уақытты тек дайын­­дыққа арна­ған жағдайда жақсы нәтижеге қол жет­кізуге болады. Кейде әріп­тес­тері­ме қар­ным ашатыны содан. Бірақ бәрін тәр­­­­тіпке тіреп қоюға да болмайды. Бей­сен Құранбектің керемет сөзін оқығаным бар. Ең жақын адамы деп бірі анасын, бірі жарын айтуы мүмкін. Жоқ, жақын ада­мың – дәл сол сәтте жаныңда отырған адам. 

– Театрдың актерлерге қойған басты талабы қандай?

– Әрине, актерлердің талантын құр­меттеу керек. Дегенмен тәртіптің аты – тәртіп. Жақында ғана менде де осындай оқи­ға болды. Алдыңғы буын ағаларымызды да білеміз ғой, Әзекең 30 жыл театр бас­қа­рып тұрған кезде атақты Әнуар Мол­да­бе­ковтің өзін сахна жұмыскері етіп қойған. Неге? Репитицияға кешіккені үшін. Тәртіп талантқа қарамайды. Бойдағы талантты сахнада көрсетеді. Ал оған дейін қаншама жұмыс бар. Талантты адам кейде белгілі бір шең­берге сыймайды, оған түсіністікпен қараймыз. Бірден жаза берілмейді, шегінен шыққаннан кейін ғана шара қолданамыз. Оған дейін ескертулер, сөгіс жарияланады. Актер дайындыққа түрлі себеппен қатыса ал­мауы мүмкін, кешігуі мүмкін. Егер теат­р­дың атынан үлкен жобаларға қатысатын бол­са, қолдау көрсетуге тырысамыз. Шын та­ланттардың аяғынан шалу, оларды бұғып қою тәжірибемде болған емес. 

– Әңгімемізді Қаллеки театрының ға­жайып әлеміне бұрайықшы. Бұл театрдың бас­ты ерекшелігі неде? 

– Ең басты ерекшелігі – актерлердің театры. Театрды Жақып Омаров ағамыз өзі ашып, өзі басқарды. 1996 қайтыс болған соң орнына бірге оқыған досы Қадыр аға кел­ді. Ол Ақмола Астана болып жатқан кез­де театрдың бір гримеркасында тұрды. Өзі­не берілген үйде тұра алмай дүниеден өтті. Одан кейін 1999 жылы отыз жыл бас­қар­ған театрынан қуылып, он жыл өнер ай­дынында жоғалып кеткен Әзірбайжан Мәм­бетовті Президент шақырып алып Ха­лық Қаһарманы атағымен қоса осы театр­дың тізгінін берген еді. Ол кезде театр­дың ескі ғимаратының аядай жерінде жұ­мыс істеді. Басында істей алмаймын дегенінде Н. Назарбаев «Халық Қаһарманы бо­лып сіз жыласаңыз, басқалары не де­мей­ді. Қане, жұмыс істеңіз, болашақта салы­на­ды театр» деген. Сол ғимаратта қоймаған спек­таклі жоқ. Иә, «М. Әуезов театрында қойыл­ған классикаларды қайталады» деп сөзге де қалған. Бірақ қайталаған жоқ. Осын­дай ұлы режиссерлермен жұмыс істе­дік. Кейін театрға драматург әрі театр сын­шысы Еркін Жуасбек ағамыз келді. Ол театр­дың директоры мен көркемдік жетек­ші қызметін қатар алып жүрді. Өзі басқар­ған бес жылдың ішінде белгілі бір деңгейге кө­те­ріп тастады. Осындай тұлғалардың ізі қал­ған театрдың басқа театрдан ерекшілігі – на­ғыз талантты актерлердің шоғырын жинауы. Марқұм Әшірбек Сығаев біздің театрды, әр актерлерді жанындай жақсы көрді. Қай­тыс бо­лар шағында осы театрда дирек­тордың кеңесшісі қызметін атқарды. Со­нымен қа­тар Асанәлі ағамыз театрымызды әлі күн­ге дейін жақсы көреді, себебі әр ак­тер­дің бойынан өз заманы, сол кездегі тұл­ға­лар­ды көретінін айтады. 

– Қалибек Қуанышбаев театрындағы соңғы жаңалық – көркемдік жетекшілікке Гүлсина Миргалиеваның тағайындалуы. Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрынан шақыртудың себебі не деп ойлайсыз? Осындай лауазымға ұжым ішінен лайықты адамның табылмағаны ма?

– Талғат аға қызметтен кеткен кезде ор­нына мені лайықты деп тапқанда өзім бас тартқан едім. Өзіміз эмоцияның ада­мы­мыз. Алдымдағы аға-апаларымнан ак­тер­дің директор, көркемдік жетекші болуы­ның ақыр аяғы немен бітіп жатқанын кө­ріп, білгенмін. Олар да бұл қызметке кел­меуімді айтып, ақыл-кеңес берген. Бір­ақ, өзіңіз айтпақшы, лайықты адамның бол­мауы және әріптестерімнің маған арт­қан сенімі, өзімнің өнерде атқарған еңбегім осыған лайықты деп әкелген шығар. Жаратушы сүйген құлына көтере алмайтын жүк бермейді ғой. 

Ал енді қазір қызметке ұжымның іші­нен емес, сырттан алып келу лайықты еш­кімнің болмағанынан шығар. Не деген­мен оны министрлік таңдайды, солар ше­шеді. Біз де таңдауымызды ұсына аламыз. Өкінішке қарай, қазір оны айтатын адам да, біріккен ұжым да болмай тұр. Гүлсина Мир­галиева тәжірибесі бар, 20 жыл театр­ды басқарған маман, осы жұмысты да ары қарай дөңгелетіп алып кете алады. Оған қоса, біздің жұмыстың ішінде сәл бұзылған ауа райын реттеу үшін, ұжымды біріктіру үшін келіп жатқан шығар деп ойлаймын. Өйткені шынында сан саққа бөлініп, істеп жатқан ісімізге ризашылық білдірмеу көбейіп кетті. Сондықтан осының жарасын жазу үшін келіп отыр деген ойым бар. Мен де шамам келгенше жұмыс істедім, енді ол ары қарай басқа біреулердің құзырында. Күре­с­тім, шамам жетпеді, үстімнен арыз-құрыз жазылып, маған риза еместер кө­бейіп кетті. Содан ақырын өзім де кеткенім дұрыс деп шештім. Мұндай шешімге бір жыл бұрын да келген едім. Бірақ ұжымым жі­бермей, бас­қалардың пікіріне мән бер­меуімді ай­тып, мені алып қалған болатын. Бұл қыз­мет­те жүргенде көбіне шығарма­шы­лық ер­кіндік бердім, қозғалмаған тақы­рып­тар­ды қозғадым. Мысалы, «Алтайдан ауған ел» деген керемет тақырыптарды ұсын­ға­ным бар. 

– Өткенге өкпеңіз бар ма?

– Өкпем жоқ. Мен алалау емес, баға­лау­ды дұрыс жасамаған шығармын. Мыса­лы, бір спектакльдің дайындығы үстінде күні-түні жұмыс істеп жатқандарға үсте­меа­қы беріп отырдым. Өзім ол жұмыстан бос болсам да, үстемеақы жазбаушы едім. Үлкендер бізді алалап, шеттетіп жатыр деп ойлады. Үстемеақы нақты күндіз-түні ты­нымсыз жұмыс істеп жүргендерге беріл­ді. Сол кезде өзіме көп ескерту естідім. «Неге алалап жатырсың, баяғыдан істедік қой» дейді. Олар баяғыдан істеп жатыр, дұрыс. Бірақ қазір жұмыс істеп жатқандарды да бағалау керек. Сол жағынан түсінбестік бол­ған ғой. Неге маған риза емес деп өзіме де жиі есеп бердім. Тағы бір түсініспеушілік жағ­дай болды. Алдағы үш жылға репер­туар­лық саясат жоспарын құрған кезде Нұрлан Жұманиязов пен Болат Ұзақовты биылғы жылдың спектакліне қоспаған едім. Неге? Жас буындарды шақырайық, олардың қолтаңбасын көрейік, қазақ ерте­гілерін қояйық, тың тақырыптарды көте­рейік деген ұсыныс айттым. Бірақ олар өз­де­рінің жоспарға неліктен енбей қалға­нын менен келіп сұрамады. Егер келіп сұра­са, «Биыл демалыңыздар, сырт жаққа қойып келіңіздер, жалақы болса жүріп оты­рады» деп айтар едім. Бірақ олар бұған жет­кізбей, басқаша іс-әрекет жасады. Ақыры осындай бір кикілжіңге алып келді.

– Театрда артынан із қалдырған ре­жис­серлердің бар екенін жоққа шығар­маймыз. Олардың қойылымдары әлі күнге дейін көрерменімен қауышып отырады. Ал солар­дың ізін жалғайтын бүгінгі жас режиссерлер жайлы не айтасыз? 

– Театрда бір режиссермен шектеліп қалуға болмайды. Осындай жағдаймен алы­сып та жүрмін. Жас режиссер Әлібек Өмір­бекұлын жұмысқа ала алмай жүргенім де осы. Қалибек Қуанышбаев атындағы театр 1991 жылы құрылған болса, 1996 жыл­­ға дейін марқұм Жақып аға қызмет ат­­қарды. 1997-1999 жылдар арасында Қа­дыр Жетпісбаев ағамыз қызмет етті. Содан 1999 жылы Әзірбайжан Мәмбетов келген кез­де ең жас режиссер болып, Болат Ұза­қов пен Нұрлан Жұманиязов жұмысқа қабыл­данған. Олар әлі күнге дейін істеп келе жатыр. Олардың өзі қазір зейнет жа­сында. Ойлаңызшы, 26-27 жылдың ішін­де жас режиссер алынбады. Аға буындар берерін берді, қазақ өнеріне сіңірген ең­бек­тері көп, әлі де береді. Дегенмен театрға жаңа қан керек, мен осымен күресіп жүр­мін. Кез келген салада мықты тұлғалар бе­ре­рін беріп болған соң ары қарай сарқы­лады, сондықтан бұл кісілердің де қазір сарқылған жерлері бар. Заман ағымына, көрермен сұранысына, театрдың алған бағытына сай келмей жататын тұстары бо­лады. Бұрынғы көзқараспен қалып, өзін-өзі дамытпау, ізденбеу осыған кеп тірейді. Қазір театр актерлерін даярлайтын мектеп жоқ. Ұстаздар Кеңес үкіметінен келе жатқан қалыпта интуициямен сабақ өтеді, бірақ бұрынғы қалыптасқан қағидаларды өз­гертуден аулақпын. Айтайын дегенім, сол деңгейде, бір ұйықта тұрып қалмай, жас таланттарды тарту керек. Қазір театр­лар­ға сырттан режиссерлер шақырып, қойы­лымдарын қоюдың да себебі сол. Ше­тел­дік театрлар туралы айтсам, олар, тіпті режиссер түгілі актердің өзін штатта ұстамайды. Ал бізде 80-90 актерды жинап алады, екі-үш режиссер штатта отырады, жы­лына жоспарланған спектакль қою керек. Бізде әлі өнер саласында өзгертетін дү­ние көп. Ол оқу саласынан басталады. Тек бір адамның қолтаңбасымен жұмыс іс­теп отырған, сырттан режиссер шақыр­май, өз қазанында өзі қайнап жатқан театр­лар да бар. Оның да өз пайдасы бар. Бірақ басқа жақтан қан кіргізу – ол да бір тәжірибе. 

Болат Атабаев қандай күрескер ре­жис­сер еді. Таланттарды сыйдыру қиын ғой. Олар қоғамда болып жатқан дүние­лер­ге бейжай қарамайды, ондай тақырыптарды сахнаға алып келеді. Театрда еркіндік бар, бірақ бәрібір кішігірім кедергілер болып жатады. 

– Театр тақырыбы қозғалғанда драма­тург­терді міндетті түрде атап өтеміз. Қазір көрермен танымына, заман ағымына сай жа­затын драматургтер бар ма? 

– Қазір драматургтер өз әлінше жа­зып жатыр. Ең көп қойылатыны – Қанат Жүнісовтің жазғандары. Жәнібек Әлкеннің де шығармалары біраз театрларда қойылды. Бірақ драматургия саласы сәл кенжелеу қалып тұр. Бұрынғымен салыстыруға кел­мейді. Бұрынғы драматургтердің еңбектері, тақырыптары қазіргі заман талабына сай ескіріп қалады, оны заманауи етіп өзгертіп қойып жатамыз. Кейде жақсы нәтижесін берсе, кейде бермейді, бермей қалуы мүм­кін. Қазір керемет жазатын драматургтері­міз саусақпен санарлықтай. Роза апалары­мыз бен Дулат ағаларымыздан басқа ауызға іліп алып айтатын адам аз. 

– Қазіргі қазақ театрында қандай жанр басымырақ болуы керек?

– Өкінішке қарай, қазір біздің киномыз да, театрларымыз да кейде жеңіл тақы­рып­тарды толқындатып жатады. Бірақ театр әле­мінде дәл бір бағыттағы тақырып басы­мырақ болуы керек деген қағида жоқ. Өйт­кені 600 орындық болатын болса, сонша түр­лі пікір айтылып жатады. Бірі коме­дия­ны, бірі драманы, трагедияны жақсы кө­реді. Сондықтан театрда репертуарлық сая­сатты ұстанған кезде балансты сақтау маңыз­ды. Солардың арасында заманауи, клас­сикалық шетелдік және отандық туын­дылардың бір жағы басым болып кет­пеуі керек. Тек классиканы қойған театр – бола­шағы жоқ театр, өлетін театр. Негізі, қан­дай тақырып болса да ойланатын, ой сала­тын тақырыптар болғаны дұрыс. 

– Театр мен кино екі бөлек сала болға­ны­мен, бір-бірімен тығыз байланысты. Театр­да шыңдалып, киноға кетіп жатқан ак­тер­лер қаншама? Оның басты себебі неде? Бұл театр актерлерінің әлеуметтік жағдайы­на байланысты туындап отыр ма?

– Иә, ең бірінші жалақыны айтып өтер едім. Театрда жалақының жағдайы сорақы. Ауылда тұратындар мұғалім, дәрігерлер Астанадағы актердің жалақысынан бірне­ше есе артық алады. Театр актерінің бір ай­да алатын еңбекақы мөлшері – 130 мың тең­ге. Одан сорақысы, театрдағы өзге де қыз­меткерлердің жалақысын айтуға кел­мей­ді. Енді ұлттық театр болып жатырмыз, ол кезде өсетін шығар деген ойдамын. Күні кеше Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев ке­ліп кетті. Жалақымыздың мөлшерін естігенде осы мәселені қозғайтынын айт­­қан болатын. Әзірге тыныш. Бұған қарап мәдениетке деген көзқарасы­мызды аң­ғаруымызға болады. Бірақ нағыз өнер­сүйгіш таланттар жалақыға қарамай театрға келеді.

Өзім бір сұхбатымда да айтқан едім. Ма­ған медицина жайында түсіріліп жатқан сериалға бір рөлді ұсынды. Мен күніне 1000 доллар төлеуін сұрадым. Олар менің түс­кенімді қалап тұрғандарын айтып, 700 дол­лар ұсынды. Мен келіспедім. «Сіз театр­да жүріп айына ондай жалақы ал­майсыз, мойындаңызшы» дейді. Мен нағыз өнерде жүрген адаммын, өз-өзімді сатқым келмейді деп бас тарттым. Яғни, ки­ноға келгенде театрды айырбастап ке­тетін жағдайлар да болады. Менің өнер жо­лымда екі жағдай болды. Бірі «Сәкен Сұң­қар» спектаклі қойылатын кезде кино­дан да ұсыныс түсті. Амал жоқ, Сәкен бо­лып ойнайтын рөлімді Сырымға беріп, «Жат» фильміне кеттім.

Екіншісі «Зере» спектаклі мен Эмир Бай­ғазиннің «Өзен» фильміне таңдау қатар ке­ліп қалды. Сол кезде де рөлімді Сы­рым­ға беріп, киноға кеткенім бар. Кейін көрермен де «Өзіңіз бірінші театр дейсіз, театрды тастап, киноға кеттіңіз ғой» деп жат­ты. Оның бәрі жаңағы тұрмыстық, әлеу­меттік жағдайға кеп тіреледі. 

– Қоғамда театр актерлерінің орны қан­дай? Болашақта қазақ театрының ахуа­лын қалай елестетесіз?

– Біріншіден, театр актерлері қазір қо­ғамда бағаланбайды. Иманғали Тас­ма­ғамбетов қала әкімі боп тұрған кезде бір жылда, бір айдың ішінде Қаллеки теат­рына 17 үй берген болатын. Бұл өнер­ді бағалағаны ғой. Ал қазір жаста­ры­мыздың бәрі үйсіз жүр. Қазір театр актерлерін белгілі бір шаралар болса ғана іздейтін болды. Тіпті, Өнер университеті, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлт­тық өнер академиясын ақылы етіп қой­ды. Ақылы болған өнер ешқашан оң­бай­ды. Ақысын төлесе, таланттысы да, та­­­лантсызы да бірдей оқи береді. Ал та­ланты бар, қаржысы жоқтар оқи алмай қалуы мүмкін. Өнерді сүйген талант­тар­дың көбі шеттегі облыстарға да барып жа­тыр. Бірақ ол жақта да жағдай мәз емес. Ержан Қауланов бауырымыз Қос­танайға, Павлодарға барды. Қазір қайда жүр­генін білмеймін. Шет аймақтарда не ре­­­­жиссер жоқ, не өнер жоқ. Елесте­тіңіз­ші, қай облыста режиссер бар? Маң­ғыс­тау театрында жалғыз Гүлсина бар еді, оның өзі бізге келді. Енді сол жақтағы театр­дың жағдайы не болады? Иә, көпке топырақ шашып айтуға болмайды, мысалы, Қарағандыда Айдын Салбанов, Аты­рауда Мұқанғали Томанов, Гүлназ Қа­мысбаева, Жанат Тельтаев бар. Қос­танайда Батырбек Шамбетов актерлікті бітіріп, режиссер болып жүр. Кәсіби режиссерлер саусақпен санарлық.

Қазақ театрының ахуалы құлдырап ба­ра жатыр. Бұл мәселені Барзу Абдураз­за­ков бірнеше жыл бұрын қозғаған. «Құтқаруға болады» деген пікірін айтқан. Кейбір мемлекеттермен салыстырғанда әлдеқайда деңгейіміз жоғары, бірақ жас та­ланттарды қолдамасақ, былыққа бата­мыз. Спорт әлемінде қаржы бөлініп, шет­елден маман, бапкер шақырып жа­тады. Мәдениетте де солай болуы керек. Досжан Жанботаев ағалар актерлік курсты оқып алып, бірінші Арқалықта, кейін Жезқазғанда театр ашқан. Содан, міне деңгейін қалай көтерді. Бүкіл фес­тивальдарды озық шықты. Орыстың бі­лімі – білім, мойындауымыз керек. Екін­ші жоғары біліммен тегін оқытқан орыс­тар қазақтың талантты тұлғасын өзі­не алып қалмақ болғанда «қазағым» деп еліне келді. Ал біз мұндай таланты бар адамды сыйдырмаймыз. Осындай ащы шындық айтылуы керек. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ