Астана қаласында күйші, профессор Құбыш Мұхитовты еске алып, күй кеші өтті.
Ұлағатты ұстазға тағзым
9,282
оқылды

«Ұстаздардың ұстазы» деп аталған жиынды ұйымдастырушы – Құбыш Мұхитовтың шәкірті, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Күйшілер одағының «Халық күйшісі» төсбелгісінің иегері Дүйсен Орынбай.

Концертте орта буын домбырашылар мен ҚҰӨУ студенттері күй тартып, қазақтың күйшілік өнерінің түрлі мектептерін таныстырды. Атап айтқанда, бүгінгі таңда көп тартыла бермейтін Қартбайдың «Күй басы», Қауеннің «Сәнау» секілді біршама күйлерді орындап, көрермен ықыласына бөленді. Кешті жүргізген Күйшілер одағының құрылтайшысы, ҚҰӨУ аға оқытушысы, PhD  Дархан Кожабаев орындалатын күйдің шығу тарихын таныстырып отырды.

 

Кеш соңында сөз алған Орынбай Дүйсен: «Мына концертіміз бекерден -бекер «Ұстаздардың ұстазы» деп аталмайды. Құбыш Әшімұлы қазіргі аға буынның, яғни біздің ұстазымыз. Күйге деген адалдығын өмірінің соңына дейін  сақтады. Бізге аянбай үйретіп кетті. Енді осы жолды біз де ұстап, мына жиналған қауымға, әсіресе, жас буын өнерпаздарға көрсетіп кетсек, ұстазымыздың аманатын орындаймыз. Осындай шара дәстүрге айналғандай. Өткенде ғана осы Астанадағы Тәттімбет атындағы Өнер мектебінде өткіздік. Енді міне, Р. Бағланова атындағы музыка мектебінде шарамыз жалғасын тауып отыр. Алдағы уақытта да осы жолымыз жалғасын табар деген сенімдеміз», – деді.

Жиын соңында жас өнерпаздардың көкейдегі сауалына жауап берді.