Мемлекет басшысының 2020 жылғы 24 қарашадағы №456 «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия құру туралы» жарлығына сәйкес, қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып, осы уақытқа дейін «аса құпия», «құпия» белгілері соғылған көптеген құжатпен тарихшылардың танысуына жол ашылды.
Қуғын-сүргін құрбандарының асыл жары барлық құрметке лайық!
829
оқылды

Архив қойнауындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының жеке істерінде тек олардың ауыр қайғы-қасіреті ғана емес, сонымен бірге, олардың жұбайының да ауыр-қайғы қасіретіне қатысты көптеген материал бар. Солардың бір парасы жөнінде сөз қозғап өтсек...

Сталиндік сұрқия кезеңнің «Үлкен терроры» халқымыздың басына қаншама қайғы-қасірет әкелді. Халқымыздың жан-жүрегіне сол сталиндік жүйе салған жара жуық арада жазылып та кете қоймас. Өйткені әкімшіл-әміршіл жүйенің халыққа қарсы жасаған қылмысы мен зорлық-зомбылығының ауқымы орасан зор болғаны соншалықты, ол кесапат халқымызды бірнеше ғасырға және бірнеше ұрпақ ауысқанша созылатын ауыр дертке ұшыратты. Әсіресе сол кезеңнің айықпас дертінің ауыр зардабын тартқан аналарымыздың тауқыметті тағдыры – ерекше назар аударуды қажет ететін үлкен тақырыптың арқауы.

Күйеуі жазықсыз жазаланып «халық жауы» деген ауыр айып тағылса да, өз күйеуінен бас тартпай, олардың кінәсіз екеніне кіршіксіз сеніп, ошағының отын өшірмей, жан-жарларынан зарыға бір хабар күтумен ауыр азапты күндері өткен асыл апаларымыздың алдында бас имеске шараң жоқ. Сонымен бірге олардың өз басына төнген қауіп-қатерге қарамай, күйеуін ақтап алу жолындағы әрекеттеріне тәнті боласың. Бұған архив қойнауларын ақтара отырып, өз ерлеріне деген адалдығынан айнымай өткен халқымыздың асыл аналары мен адал жарларының жалған жаланың құрбаны болып отырған күйеулерін ақтап алу жолындағы жоғары билік өкілдеріне, заң орындарына жазған хаттары арқылы көз жеткізуге болады. Ал бұл сарғайған парақтар көп жайдан сыр шертеді!

ХХ ғасырдың 20 жылдарының аяқ кезінен бастап, Қазақстанда Сталиндік-Голощекиндік ауыл шаруашылығында ұжымдастыруды жүргізу науқаны басталып кетті. Науқан Қазақстан орталық атқару комитеті мен ҚАКСР Халық комиссарлары кеңесінің 1928 жылғы 27 тамыздағы «Бай шаруашылықтарды тәркілеу туралы» қаулысынан басталғаны белгілі. Осы қаулы негізінде 1928 жылы қазан айында мал-мүлкі тәркіленіп, үш жылға Ресейдің Троицк қаласына жер аударылған Қарқара өңіріне аты мәлім, болыс басқарушысы болған Ыбырай Ақпаев еді. Ыбырай Ақпаев жазасын өтеп келгеннен кейін Алматы қаласында тұрған. Ол жаппай қуғын-сүргін жүргізілген кезде тұтқындалып, 1937 жылы 15 қазанда Алматы облыстық УНКВД үштігінің шешімімен: «Қазақ ұлтшыл ұйымының мүшесі болды, сол ұйымның тапсырмасымен контрреволюциялық жұмыстар жүргізді. Байшыл-ұлтшыл элементтермен байланыста болды, Воронеж қаласындағы ұлы Ақпаев Абдулхамитке және Москвадағы күйеу баласы Нығмет Нұрмақовқа жиі барып тұрды» деген секілді негізсіз айыптар тағылып, ату жазасына кесіледі. Ату жазасы 1937 жылдың 9 қарашасында орындалған.

Осы Ыбырай Ақпаев атамыздың асыл жары Мария Ибраева 1939 жылы мамыр айында КСРО-ның бас прокуроры Вышинскидің атына жазған шағымында былай деген еді: «Менің күйеуім Ыбырай Ақпаевты 1937 жылы 19 тамызда НКВД тұтқындады. Қамауда отырғынына бір жыл, тоғыз ай болды. Оған тағылған айып бізге белгісіз. Шамалауымызша, ол да басқалар сияқты контрреволюциялық қылмыстар үшін айыпталып жатыр. Тұтқындалғаннан бері, оның қайда екенін біз білмейміз. Қазақ Республикасы ішкі істер наркомына жазған бірнеше өтінішіміз өз нәтижесін бермеді. Мен оның тірі ме, оған қандай айып тағылып отырғанын да біле алмадым. Ыбырай Ақпаев қазір 70 жаста, ауру, сауаты жоқ. 1928 жылы тәркіленді және сотталды. Жазалау мерзімін ол өтеді. Еңбекке жарамсыз үлкен адам ретінде және ауру болуына байланысты баласының асырауында болды. Оны білетін адамдардың бірде-біреуінің ойына ол қандай да бір қылмыс жасады деген ой келмес. Бастысы ол – сауаты жоқ адам. Ол саяси мәселелермен айналысты деп ешкім де ойламайды. Оны РКФСР қылмыстық кодексінің 58-статьясының 1,2,3,4,7,8,9,10,11 тармақтары, яғни бандалық қарулы көтеріліс ұйымдастырды, шет мемлекеттердің өкілдерімен байланыста болды, оларға көмек көрсетті, мемлекеттік өнеркәсіпті қиратты, лаңкестік әрекеттер жасады, темір жолдарды қиратты, кеңес өкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізді, контрреволюциялық мақсаттарды жүзеге асыру үшін ұйым құрды және басқа да қандай да бір қылмыстарға қатысы болды деп айыптау тіпті де мүмкін емес. Бұл қателік және шынайы өмірде олай болған емес. Қазақ Республикасы ішкі істер наркоматының кейбір қызметкерлерінің адам өміріне деген мейірімсіз қатынасының салдарынан, бір жыл, тоғыз айдан бері жазықсыздан-жазықсыз азап шегуде. Міне, сондықтан да менің күйеуімнің ісін тезірек шешіп, тиісті шаралар қабылдау туралы сізге өтініш жасауға мәжбірмін және ол осы уақытқа дейін тірі ме, соның да хабарын берсеңіз. Революциялық заңдылықтың атынан сізден менің өтінішімді аяқсыз қалдырмауыңызды өтініп сұраймын».

Бұл хат Сталиндік «үлкен террордың» қызу оты лаулап жанып тұрған кезінде жазылған. НКВД-ның жендеттерінің атына қарай айтылған бір ауыз сөз үшін айдалып, атылып, әртүрлі жаламен жаппай жазаланып жатқан кез. Бірақ апамыз қаймыққан жоқ. Күйеуінің жазықсыз жазаланып отырғанын мына сұрқия жүйеге ашып жазды. Ең ауыры, өзінің өмірлік қосағын қайтсем де тар қапастан босатып алам деп, «отқа да күйіп, суға да түсіп» ізденіп жүргенде, Сталиндік сұрқия жүйе өмірлік қосағын тұтқындағаннан кейін үш айға жеткізбей-ақ атып тастағанын қайдан білсін!

Жалпы «Үлкен террор» Ақпаевтар әулетіне орны толмас қайғы-қасірет әкелді. Ы.Ақпаевтың туған інісі Жақып Ақпаев –  «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметін құрған қоғам қайраткерлерінің бірі. Белгілі заңгер 1930 жылы Алашордашыл ретінде тұтқындалады. Түрмеде бір жарым жыл отырғаннан кейін 1932 жылы бес жылға сотталып, жазасын өтеуге Воронеж қаласына жер аударылады. Айдауда жүргенде, ауруына байланысты елге қайтарылып, 1934 жылы Алматы қаласында аурудан қайтыс болады. Ы.Ақпаевтың баласы Ақпаев Абдулхамид Ыбырайұлы ОГПУ-дың үштігінің шешімімен 1930 жылы бес жылға сотталып, Ресейдің Воронеж қаласына жер аударылады. Жазасын өтеп шығып, сонда тұрып жатқанында қайта тұтқындалып РКФСР қылмыстық кодексінің 58-статьясының 10,11 тармақтары бойынша айыпталып, 1938 жылы қазан айында ату жазасына кесіледі. Нұрмақова Зүпнұн Ыбырайқызы (Мемлекет және қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақовтың әйелі) халық жауының әйелі ретінде сотталып, жазасын 1937-1946 жылдар аралығында «Алжирда» өтеді. Бұл әулеттен қуғындалмаған бірде-бір жан қалмаған.

Күйеуі «Халық жауы» деген жаламен атылып кеткен келесі асыл апаларымыздың бірі – Дивеева Фатима Қадырқызы. Фатима Қадырқызы – Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары әртүрлі жауапты қызметтерді атқарумен қатар, 1934-1937 жылдары аралығында ҚазақКСР ішкі сауда Халық комиссары болып істеген мемлекет және қоғам қайраткері Дивеев Шәкір Ғалиұлының жұбайы. Фатима Қадырқызы 1957 жылдың сәуір айында өзі тұрып жатқан алыстағы Магадан облысы, М.Горкий атындағы поселкадан Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің төрағасына былай деп хат жолдайды:

«Құрметті, жолдас төраға! Сізге өтінішпен жасы келген егде әйел хабарласып отыр. 1937 жылы маусым айында Алматы қаласында менің күйеуім Дивеев Шәкір Ғалиұлы тұтқындалды. Ол Қазақ КСР ішкі сауда наркомы болып істеген. 1938 жылы сәуір айында мен де тұтқындалдым. 8 жыл жазаны Ақмола лагерінде өтедім. Маған түсіндіруі бойынша, мені халық жауының әйелі болғаным үшін тұтқындаған. Күйеуім жөнінде мен ештеңе білмедім. 1946 жылы лагерьден босап шыққаннан кейін мен Алматы қаласындағы ішкі істер министрлігіне күйеуім туралы хабар беру жөнінде өтініш жасадым. Мен Шымкент қаласында тұрып жатқан кезімде ішкі істер министрлігінің Шымкент басқармасы арқылы күйеуім Ш.Ғ.Дивеевтың 1944 жылы жүрек талмасы ауруынан қайтыс болғанын хабарлады. Ұлым майданда қаза тапты. Осы уақытқа дейін 110 рубль зейнетақы алып келдім. Енді 160 рубль алуым керек. Сізден, өзіміздің кінәсіз екенімізге көз жеткізу үшін, өмірімнің соңғы жылдарында алаңсыз өмір сүру үшін, оның нағыз Кеңес елінің азаматы екенін, кінәсіздігін біліп өту үшін күйеуімнің және өзімнің істерімізді қайта қарауды өтініп сұраймын. Мен күйеуімді ешқашанда кінәлі деп ойлаған емеспін, оны тек жақсы отағасы ретінде ғана білдім. Көп жылдар өтсе де, күйеуім туралы білуді және өзімнің кінәсіз екенімді дәлелдеу үшін маған көмектесуіңізді, құрметті төраға, сізден тағы да өтініп сұраймын. Мен сауаты нашар әйелмін, қалай және тағы да кімге жазу керек екенін білмеймін, сондықтан осы өтінішпен өзіңізге хабарласып отырмын».

Осылайша ізденіп жүріп адал жарына деген адалдығынан айнымаған Фатима Қадырқызы 1938 жылы ақпан айында бүкіл дүние-мүлкі тәркіленіп, ату жазасына кесілген күйеуі Ш.Дивеевтің толық ақталуына 1958 жылы маусым айында қол жеткізеді. Фатима Қадырқызының өзі де құрамында қылмыстың жоқтығына байланысты, бұрынғы тағылған айыптар негізсіз деп табылып, 1958 жылы наурыз айында ақталады.

Күйеуіне таңылған «халық жауы» деген жалған жаланың кесапатынан күйеуінен айырылып, өзі де сегіз жыл «Алжирдің» азапты лагерінде айдауда болып, көп қиыншылық көрген апамыздың аянышты тағдыры осындай. Көңілге бір медеу болатыны өмірінің соңына дейін адал жарының жазықсыз екеніне сенді және соны дәлелдеп, ақтап алып, өмірден өтті. Асыл апамыздың жатқан жері жәннаттан болсын дейміз!

Күйеуі «халық жауы» деген ауыр жазамен сотталып және атылып кеткен қайраткерлердің арттарында қалған жұбайларының тартқан азабы мен көрген қиыншылықтары біршама ұқсас. Мәселен, 1937 жылы қазан айында тұтқындалып, 1938 жылы ақпан айында ату жазасына кесілген, 1933-1937 жылдар аралығында Қазақ КСР егін шаруашылығы халық комиссары болып істеген Сырғабеков Нығметулла Сырғабекұлының жары Бакшилова Бибіжамал апамыздың Қазақ КСР жоғарғы кеңесінің төралқасына жазған хатына назар салайық: «1937 жылы Алматы қаласында НКВД органы тарапынан Қазақ КСР егін шаруашылығы Халық комиссары күйеуім Сырғабеков Нығмет тұтқындалды және содан бергі аралықта ол жөнінде менің еш хабарым жоқ. Мен Қазақ КСР ішкі істер министрлігіне хабарластым, олар маған КСРО-ның жоғарғы әскери трибуналына хабарласуды ұсынды. Мен оларға 1956 жылы сәуір айында хат жаздым, бірақ олардан осы уақытқа дейін жауап алмадым. Өзім 1938 жылдан 1946 жылға дейін Карлагта (Ақмола облысындағы №26 бөлімшесі) болдым. Менің балаларым (олар үшеу еді) ата-анамның қарауында болды. Барлық дүние-мүліктерімізді НКВД органдары тәркіледі. Менің күйеуімнің тағдыры туралы хабар беруіңізді және мүмкіндік болса дүние-мүліктерімізді қайтаруыңызды өтінемін. Менің кенже ұлым, 1934 жылы дүниеге келген Сырғабеков Екпін Кеңес армиясы қатарынан II топтағы мүгедек болып оралды. Ол әскерден оралғанға дейін Алматы қалалық кеңесінде үй кезегінде тұрған. Қазіргі уақытта ол өте қатты пәтерге мұқтаж. Оның екі аяғы жансызданып, алты ай бойы емханада емделуде болды. Қазіргі уақытта да амбулаториялық ем қажет. Бірақ, ол осы мүмкіндіктен айрылып отыр, өйткені біз Калинин колхозындағы қызымның үйінде тұрып жатырмыз. Ол жақтан қалаға күнделікті ұлым қатынай алмайды. Алматы қаласынан пәтер беруді мүмкіндігінше жылдамдатуыңызды өтінемін».

Кеңестік сұрқия саясаттың салған қасіретін қараңызшы! Бибіжамал апамыздың күйеуі жазықсыз атылып кетті. Өзі лагердің 8 жыл ауыр азабын тартты. Кенже ұлының екі аяғы сал болып, мүгедек болып қалды. Ұлын дұрыстап емдетуге мүмкіндігі де болмай, қалада тұратын бір бөлмелі пәтердің өзіне аса зәру болып отыр. Сөйтсе де зұламат жүйе салған қасіретке мойымай өтті!

ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақтың ұлт азаттық қозғалысының басында тұрған Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы және тағы да басқа қайраткер тұлғалармен үзеңгілес болып, азаттық қозғалыстың бел ортасында болған қайраткер Жаманмұрынов Тел Бұқпанұлының жары Жаманмұрынова Айғаным апамыздың да басынан кешкен тауқіметі аз емес. Т.Жаманмұрынов 1937 жылы мамыр айында тұтқындалып, 1938 жылы ақпан айында жазықсыз жаламен атылып кеткен Алаш қайраткерлерінің бірі болатын. Күйеуінің өлі, не түрі екендігінің бір хабарын білу және жазықсыздығын дәлелдеп ақтап алу жолында Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің, КСРО жоғарғы әскери алқасының, Қазақ КСР республикалық прокурорының аттарына жазған өтініштері бір жағынан тарихи дерек десек, екінші жағынан асыл апаларымыздың қажырлы күресінің айғағы деумізге болады.

Мәселен, Жаманмұрынова Айғаным апамыз КСРО жоғарғы сотының әскери алқасына жазған хатында, өзінің өтінішін қарауды және нақты жауап беруді өтіне отырып: «Менің күйеуім Тел Бұқпанұлы Жаманмұрынов 1886 жылы дүниеге келген, Қазақ КСР Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының тумасы. 1937 жылы 1. VI (немесе 1.VII) Ақтөбе облысы облыстық жоспарлау бөлімінің төрағасы болып істеп жүрген кезінде Алматы қаласында тұтқындалды. Коммунистік партияның алғашқы мүшелірінің бірі болатын. Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары жер шаруашылығы бөлімінде, одан кейін мемлекеттік жоспарлау комитетінде ал 1934 жылдан бастап, Ақтөбе облысы облыстық жоспарлау бөлімінің төрағасы болып істеді. Білімі жоғары. Тимирязев академиясының соңғы курсында оқуын тастап кеткен. 1940 жылы Москвадан күйеуім жөнінде 58-статья бойынша 10 жылға сотталды және хат алмасуға болмайды деген хабар келді. Содан бері 19 жыл өтті. Содан бері одан еш хабар жоқ және еш хабар алмадым. Мен 1937 жылы жас төрт баламен қалдым. Оларды тәрбиелеп өсірдім, жоғары білім алуларына мүмкіндік жасадым. Өзім денсаулық жағдайыма байланысты мүгедекпін. Физикалық тұрғыдан жұмысқа жарамсызбын, ал басқа жұмысты істеуге сауатым жетпейді және менің жасым 55-те(1901 жылғымын). Менің білгім келгені: Менің күйеуім тірі ме, жоқ па? Ол қайда?(мүмкіндік болса, оның жұмыс адресі) Босанып шықты ма немесе босанған жоқ па? Егерде қайтыс болса, менің қартайған шағымда зейнетақы алуыма мүмкіндік болар еді. Оны кіші қызымның білім алуына жұмсар едім. Әкесі сотталған деп, үлкен қызымды коммунистік партияның қатарына қабылдамай қойды. Күйеуім жөнінде бір хабар беруді өтініп сұраймын. Егерде ол босанып шыққан болса, онымен хат жазысуға болама? 1. VIII – 1956 ж.»,-деп жазған еді.

Айғаным апамыздың хаты күйеуі Т.Жаманмұрыновтың әлі ақталмаған кезінде жазылған. Оған дейінгі күштік құрылымдары тарапынан берілген хабарларда күйеуінің 1938 жылы атылып кеткені жасырылып, 10 жыл мерзімге сотталды деген жалған хабарлар берілген еді. Осы хабарларға сенген Айғаным апамыз, күйеуінің тірі екендігінен үмітті болып, бір күні келіп қалар деген үмітпен тағатсыздана күтіп жүрген болатын. 1958 жылы мамыр айында күйеуі Т.Жаманмұранов ресми түрде ақталғаннан кейін де Айғаным апамыз күйеуінің жұмыс өтілі туралы анықтама, күйеуінің ақталғандығы туралы анықтама және қайтыс болғандығы туралы анықтама алу жолында ізденіп табанын тоздырумен қатар, мемлекеттен зейнетақы алу, тәркіленген дүние-мүлікті қайтару, қыздарымен бірге тұрып жатқан бір бөлмелік пәтерін кеңейту жолында көп ізденген. Архив құжаттары айғақтап отырғандай, бір-біріне сілтеген билік органдары апамызды көп әуре-сарсаңға салып, қайтсе де өтінішін аяқсыз қалдыру әрекеттерін жасапты. Бұл кеңестік билік органдарының, ресми түрде ақталған тұлғалардың жанұясына жасап отырған тірлігі. Ал ақталмаған тұлғалардың жанұясына деген билік органдары тарапынан көзқарастың қалай болғандығын шамалай беріңіз.

Елімізде жүргізілген «үлкен террорға» алдымен іліккендердің қатарында болған қоғам және мемлекет қайраткері Лекеров Әзімбай Лекерұлы 1938 жылы 26 ақпанда дүние мүліктері тәркіленіп, ату жазасына кесілді. Әзімбай Лекерұлы жазықсыз атылып кеткеннен кейін «Халық жауының» әйелі ретінде оның асыл жары Халида Лекерова да қуғынға ұшырып, тағдыр тауқіметімен көптеген қиыншылықтарды басынан кешіреді. Сол зұламат жылдары қайраткердің жанұясының басынан кешкен ауыр жағдайды оның жары Халида Рахматуллақызының Қазақ КСР мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы, генерал Губиннің атына жазған өтінішінен анық байқаймыз. Хат 1956 жылы 12 мамырда жазылған.

«1937 жылы 21 шілдеде менің күйеуім Лекеров Әзімбай Лекерұлы тұтқындалды. Ол 1938 жылдың бас кезіне дейін сіздерде қамауда болды, мен күйеуіммен кездесуге сіздердің мекемелеріңізге барып тұрдым. 1938 жылдың бас кезінде  маған бұнда енді келмеңіз, өйткені күйеуіңіз Ә.Лекеров 58-статья бойынша, хат алмасу қуғынсыз 10 жыл мерзімге сотталып, алыстағы лагерге жіберілді деп мәлімдеді. Бар болғаны осы. Одан бері 10 жыл емес, 19 жыл өтті. Одан ешқандай хабар жоқ. Ол өте жақсы отағасы болды. Мен бар болғаны 16 жасымда үлкен ер азаматқа тұрмысқа шықсам да, екеуіміздің жас айырмамыз 15 жыл болса да, онымен бірге өмір сүрген 6 жыл жанұялық өміріме, қосылған тағдырыма бірде-бір рет өкінген емеспін. Бірақ, ол тұтқындалғаннан кейін, небір қиыншылықтарды басымыздан кешірдік. Жүрегімнің түкпірінде оның кінәлі емес екендігіне әлі күнге дейін сенімім бар. Бұл жөнінде оны кімге айта аламын? Одан екі перзентім бар. Біреуін ол тұтқындалғаннан кейін босандым. Бар өмірімді, жастығымды соларға арнадым. Өз отанымыздың еңбек сүйгіш, арлы, адал қыздары етіп тәрбиелеп өсірдім. Қыздарым күйеуімнің тегімен жазылады. Өзім жұмыс істейтін ұжымда қандай да бір абырой иеленсем де, менің барлық ойым, сезімім және іс-әрекетім партия жағында. Осыдан 7-8 жыл бұрын маған партияға өтуге рұқсат бермеді оның жан-жарасы осы уақытқа дейін кеткен жоқ. Менің қыздарымның біреуі әкесі кеткенде 2 жаста болса, екіншісі әлі дүниеге келмеген болса да, осы жағдай олардың басына келуі де мүмкін. СОКП-нің ХХ съезінің материалдарымен танысқаннан кейін, 1937 жылдың жағдайы туралы біліп, өзіңізден өтініп сұрайтыным менің арызымды қарауыңызды және мына жағдайға байланысты мені хабардар етуіңізді сұраймын: Менің күйеуім Ә.Лекеровтің қандай да бір кінәсі болды ма? Қазіргі уақытта ол тірі ме? Егерде ол жоқ болса, қашан және оған қандай жағдай болды?» деумен бірге күйеуінің қандай жоғары оқу орнын бітіргенін, істеген қызметтерін жаза отырып, «менде басқадай ешқандай да мәліметтер жоқ, оның құжаттарын да оны тұтқындап үйді тінтіген кезде алып кетті, қазіргі уақытта өзім №12 орта мектепте химия пәнінен сабақ беремін» деп өтініш хатын аяқтапты.

Халида Рахматуллақызының өз қолымен жазылған екі беттен тұратын өтінішінде жазықсыз атылып кеткен тұлғаның асыл жазықсыз отағасынан айрылғаннан кейінгі қиын тағдыры мен өзінің жарына деген сүйіспеншілігі, оның кінәсіздігіне деген сенімі, күйеуінен бір ұшқындай да болса хабар күтетін зарыққан сағынышы айқын аңғарылады. Өтініште өз басынан өткерген қиыншылықтарды қозғамайды. «Онымен бірге 6 жыл өмір сүрген жанұялық өміріме, қосылған тағдырыма бірде-бір рет өкінген емеспін»,-дейді. Осы бір ауыз сөйлемнің өзінде күйеуіне деген адал сертінен айнымаған ардақты апамыздың жарына деген айнымас сезімі мен шынайы махаббатта жатыр. Бұл зарыққан үміт, күткен хат жазылған кезде қайраткер тұлғаның атылып кеткеніне 19 жыл болған еді. 19 жыл күйеуінің не өлі, не тірі екенін білмей бір хабарын күтудің ар жағында қаншама қайғы-қасірет жатыр десеңізші! Әзімбай Лекерұлы тұтқындалғаннан кейін оның жанұясы да қуғынға ұшырады. Халида Рахматуллақызы Қазақ мемлекеттік университеті биология факультетінің 4 курсында оқып жүрген жерінен, оқудан шығарылды. Қос перзентінің жастығына қарамай тұрып жатқан пәтерінен шығарып жібереді. «Халық жауының» әйелі ретінде қаладан жұмыс бермеген соң, қала сыртындағы Қарғалы аулында жұмыс істеуге мәжбір болады. Жиі-жиі тергеуге шақырып, күдікті есебінде жауап алынды. Тергеуге шақыру, сенімсіздік көрсету, үлкен қалаларда жұмыс істеуге рұқсат бермеу әрекеттері 1957 жылы Әзімбай Лекерұлы ресми түрде ақталғанға дейін жалғасып отырған.

Қайраткер тұлғалардың артында қалған асыл жарларының өмір тарихына байланысты ерекше мән беретін бір мәселе, сол кезеңдегі ресми жауапты мемлекеттік органдар барлығы бірлесе отырып, қанды қол жүйенің 1937-1938 жылдары істеген қылмыстарын жасыру мақсатында барлығының жұбайларына, күйеулері туралы жалған құжаттар құрастырып беріп, олардың қалай және қашан қайтыс болғаны туралы шындықты жасырған. Ал шын мәнінде, «халық жауы» деген жалған жаламен ұсталып, қамауға алынғандардың барлығы да 1937-1938 жылдары жазықсыз атылып кеткен еді.

ХХ ғасырдың 20-50 жылдары аралығында орын алған саяси қуғын-сүргін зардаптары зерттеу саласындағы біздің алдымызда тұрған кешенді зерттеу жұмыстарының біріне «халық жауы» деп қуғындалып атылып кеткен қайраткерлердің артында қалған асыл жарларының қасіреті мен қилы тағдыры. Өз елі өзекке теуіп, еңбекпен түзеу лагерьлеріне жіберілуі және лагерлерде болғаннан кейінгі өмір тарихы, олардың тағдырының қалай қалыптасқаны, еңбекпен түзеу лагерьлерінің олардың ішкі рухани жан-дүниесіне, сана-сезіміне қаншалықты ықпал еткені және еңбек жолына тигізген зардаптары осы уақытқа дейін толықтай зерттеліп, тарих ғылымында түпкілікті бағасын алған емес. Асыл апаларымыз бастарына күн туғандығына қарамастан, ерлеріне адал болды. Бар жастық ғұмырын ерлерінің ошағын өшірмей артынан қалған бала-шағасын өсіруге арнады. Ресей тарихындағы «декабристердің» жарларының күйеулеріне деген шынайы махаббаты қаншама тарихи романдар мен жар-дастандарға, кинофильмдерге арқау болғаны секілді, саяси қуғын-сүргін зұламатының жазықсыз құрбаны болған қайраткерлеріміздің асыл жарлары да барлық құрметке лайықты! Олар қазақ әйелдерінің ерлеріне деген құрметі мен айнымас адалдығының ортақ үлгі-өнегесін жасап кетті. Сондықтан осы саладағы іргелі зерттеулер жүргізу – алдымызда тұрған зор міндет.

Салқынбек Досалы

Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-нің профессоры,

Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі