Бүгінгі күні Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде тұрғын үйді қалпына келтіру бойынша жасақтаған алгоритмі халық үшін тиімсіз.
Әділ Жұбанов: Құлсары қаласын қайта салуды қарастыруымыз қажет
1,436
оқылды

Бұл туралы «AMANAT» партиясы Фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады,-деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қазіргі таңда Атырау облысында су тасқынынан зардап шеккен Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы жағдай Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі ретінде дереу араласуды және Үкімет тарапынан шешуші әрекетті талап етеді.

Жылыой ауданы – жалпы қоры 2,5 миллиард тоннаны құрайтын 40-тан астам мұнай кен орны бар еліміздегі ең ірі стратегиялық маңызы зор өңір. Ұлттық қор да, республикалық бюджет те осы Жылыойдан өндірілген мұнайдың табысынан құралып отырғаны жасырын емес. Ел экономикасы үшін донор болып отырған Жылыой ауданының су тасқынынан айтарлықтай зардап шегіп, халқының босып жүруі – елдігімізге, Үкіметтің жұмысына үлкен сын.

Бүгінгі күні Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде тұрғын үйді қалпына келтіру бойынша жасақтаған алгоритмі халық үшін тиімсіз. Министрлік жарамсыз деп танылған баспаналарға типтік жоба бойынша құны 22 млн.теңгеге жаңасын салу немесе мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беруге шешім қабылдап отыр.

Елінде соғыс болып, халықаралық санкциялардан экономикасы әлсіреп отырған көршілес Ресей мемлекеті су тасқыны салдарынан тұруға жарамсыз үй үшін өтемақыны 1 шаршы метрге 69 мың рублден тағайындаса, қаза тапқандардың туыстарына біржолғы жәрдемақы 1 миллион рубльді, біржолғы материалдық көмек бір адамға 20 мың рубльді, ішінара бүлінген мүлік үшін 50 мың рубльді, толық бүлінген мүлік үшін 100 мың рублді құрайды. Төтенше жағдай кезінде Ресей мемлекетінің азаматтарына өтемақы төлеу механизмі Қазақстан Үкіметіне үлгі болуға тиіс.

Құлсары мұнайшылар қаласы екенін ескерсек, жергілікті тұрғындардың Теңіз қалашығында жылдар бойы еңбек етіп, тапқан табысына салынған үйлердің құнын Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бекітіп отырған 22 млн.теңгемен салыстыруға да келмейді.

Құлсары қаласындағы бейіттерді, мал сою цехтарын, мұнай қалдықтары мен шламдарды, қоқыстарды шайған тасқын судың үстінде халықтың тірнектеп салған 2 810 баспанасы тұр. Бұл жердегі эпидемиологиялық ахуал күрделі, жұқпалы аурулардың тарау қаупі жоғары. Сондықтан қаладағы осындай улы су басқан үйлерді толықтай жарамсыз деп танып, халыққа жаңа баспана салу туралы құлсарылықтардың талабы орынды.

Сондықтан Құлсары қаласындағы ахуалды көзбен көріп, жергілікті тұрғындардың талап-тілегімен толық танысқандықтан, Үкіметке төмендегідей ұсыныстар енгіземін.

Бірінші, тұрғын үйі жарамсыз азаматтарға өтемақы, аймақтағы тұрғын үйдің шаршы метрінің ағымдағы құнына сай берілуі қажет. Мысалы, Атырау облысында жаңа тұрғын үйдің нарықтағы бағасы 1 шаршы метр үшін 350 000-400 000 теңге. Өйткені өңірде құрылыс материалдары қымбат. Мәселен, Атырау облысында бетонның бір текше метрі 50 мың, Алматыда сол бетон 16 мың, Ақтөбеде 28 мың теңге тұрады. Алматыда 2700 тг тұратын ПГС материалын Ақтөбеде 4 мың, Атырауда 8500 теңгеге аласың. Күйдірілген кірпіштің бағасы Алматы қаласында 36, Ақтөбеде 120, Атырауда 160 теңге тұрады. Атырауда басқа да құрылыс материалдары өзге өңірлермен салыстырғанда, орташа есеппен 50-70%-ке қымбат.

Екінші, су тасқынынан зардап шеккен, бірақ тұруға жарамды, жөндеуге келетін үйлердің бір шаршы метріне 100 000 теңгеден өтемақы төленуі қажет.

Үшінші, зардап шеккен отбасыларға берілетін біржолғы әлеуметтік өтемақыны 100 айлық есептік көрсеткіштен емес, отбасының әр мүшесіне 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде тағайындау қажет.

Төртінші, қаза тапқандардың туыстарына 1 000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы жәрдемақы белгіленуі керек. Су тасқынынан Құлсары қаласында 4 адам қайтыс болып, 4 отбасы асыраушысынан айырылып отыр.

Бесінші, су тасқынынан зардап шеккен Құлсары қаласын қайта реконструкциялап, жаңа «ЭКО ҚҰЛСАРЫ» салу жобасын қарастыру қажет. Шән мәнінде, біз Атырау қаласын емес, Құлсарыны «мұнайлы астана» деуіміз керек. Ондағы 70 мыңға жуық тұрғынның тыныс-тіршілігі тікелей мұнай өндірісімен байланысты. Бірақ ен байлықтың үстінде отырған Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласының архитектуралық келбеті, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарының төмендігі, апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлердің көптігіне қарап, «мұнайлы астана» деуге аузың бармайды.

Осы су тасқынынан кейін, Үкімет тарапынан Жылыой ауданына ерекше назар аударылып, аудан халқына өмір сүруге қолайлы жағдай жасалуы қажет. Жылыой жерінде мұнайдан тапқан табыстың бір бөлігін осы ауданға бағыттап, ауданды Үкіметтің тікелей қамқорлығына алу қазіргідей қиын жағдайда саяси маңызды әрі дұрыс шешім болады деп ойлаймын.

Құрметті Олжас Абайұлы!

Жоғарыда аталған ұсыныстарды Сіз басшылық етіп отырған Үкіметтің республикалық бюджет, Үкімет резерві, жергілікті бюджет және бюджеттен тыс қорлар қаражаты есебінен жүзеге асыруға толықтай мүмкіндіктері бар.

Үкімет бірінші кезекте, Атырау облысы әкімдігімен бірлесіп, табиғи тосын апаттан зардап шеккен құлсарылықтардың мәселесін оңтайлы шешуге мүдделі болуға тиіс,-деді депутат.