Елімізде газ саласын реттеу үшін түбегейлі өзгеріс қажет, бүгінгі бақылаушы органдардың ұстанымын өзгертіп, тұтынушылар мен кәсіпкерлердің құқықтарының қорғалуына бағытталған кешенді шаралар қолданып, газ саласына қатысты заңдардың орындалуын бірінші кезекке қою қажет.
Депутат: Елімізде газ саласын реттеу үшін түбегейлі өзгеріс қажет
1,320
оқылды

Бұл туралы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев Қазақстан  Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Бүгінгі менің депутаттық сауалым «QazaqGaz» ҰК» АҚ-ы және «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ тарапынан тұтынушылар мен кәсіпкерлердің құқықтарын бұзу деректеріне байланысты болып отыр. Осындай жағдай Түркістан, Қызылорда, Жетісу облыстары мен Астана, Шымкент қалаларында тұрғындар тарапынан «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ табиғи газға қосудағы заңсыздықтарға қатысты болған.

Ал бұл жағдайға байланысты «Бірлік газ» қауымдастығының шағымы негізінде Жоғарғы сот шешімі арқылы газға қосу тәртібін реттеуге (пуск-подключения) қол жеткізілді, яғни заңға сай тегін жүзеге асыруда. Яғни «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ техникалық шарт формасы қолданыстағы заңға сәйкестендірілді.

Осы Жоғарғы сот шешіміне дейін техникалық шарт беру заңдылығы – Қазақстан Республикасы «Табиғи монополиялар туралы» заңының (бұдан әрі – Заң) 8-бабы негізінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 05.01.2021ж. №2 бұйрығымен газбен жабдықтау саласындағы желілерге қосуға арналған техникалық шарттардың үлгілік нысаны бекітілсе де, «QazaqGaz» ҰК» АҚ мен «КазТрансГаз Аймақ» АҚ-ы бұл талапты сақтамай, өз ойларына келген заңсыз талаптарды мәжбүрлеп тұтынушылар мен кәсіпкерлерге төлетіп отырған. Жоғарыда аталған  облыстар мен қалалардан басқа аймақтарда әр абоненттен орта есеппен 20 мың мен 40 мың теңге арасында қаржы талап етіп, төлеткен.

Тек Түркістан облысы бойынша, қысқа ғана мерзімге есептелген заңсыз алынған сома – 125 млн теңге. Ал заң талаптарына сай соңғы 3 жылды есептегеннің өзінде миллиардтаған заңсыз алынған қаржы қайтарылуға жатады. Ал аталған заңның 26-бабына сай монополия субъектілеріне қосымша талап белгілеуге тыйым салынған. Бірақ Жоғарғы сот шешімі шықса да, Қазақстанның өзге өңірлерінде заңсыздықтар жалғасуда, бірыңғай тәртіпке қол жеткізілмей келеді, зардабын қарапайым халық пен кәсіпкерлер көруде.

Кәсібін бастамай жатып мұндай кедергілерге ұшыраған кіші кәсіпкерлер кәсіпкерлікті бастамай жатып тоқтатуға немесе заңды бұзу арқылы жасырын жұмыс жүргізуге мәжбүр. Газға қосу тәртібі (пуск-подключения) бойынша – Қазақстан Республикасы «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңының (бұдан әрі – Заң) 24-бабына сай газға тұтынушыны қосу газ таратушы мекеме өз есебінен тегін жүзеге асыру тиіс болса,  «QazaqGaz» ҰК» АҚ мен «КазТрансГаз Аймақ» АҚ бұл қызмет үшін заңсыз қаржы жинауды тоқтатар емес, негізсіз және заңсыз қаржы жинауда.

"Бірнеше жылдар бойы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ арапынан болып жатқан заңсыздықтарды барлық құзіретті органдардың назарына жеткіздік, алайда осы күнге дейін бір шешімі болған жоқ", – дейді халық. Осындай келеңсіздіктерге тосқауыл қашан болар екен?

Құрметті Роман Васильевич!

Елімізде газ саласын реттеу үшін түбегейлі өзгеріс қажет, бүгінгі бақылаушы органдардың ұстанымын өзгертіп, тұтынушылар мен кәсіпкерлердің құқықтарының қорғалуына бағытталған кешенді шаралар қолданып, газ саласына қатысты заңдардың орындалуын бірінші кезекке қою қажет. Атап айтқанда:

Бірінші. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің газ саласына қатысты техникалық шарт үлгісі заңға сәйкес орындалу қажет.

Екінші. Тұтынушыларға газды қосу тегін болуы қажет.

Үшінші. Тұтынушылардан сараптама қорытындысы заңсыз талап етілмеуі қажет. Сауалға заңда белгіленген мерзімде жауап беруіңізді сұраймын, – деді депутат.