Бағдарлама соңында студенттер курстық жобаларын қорғайды және Al Jazeera Media Institute сертификаттарын алады.
Астанада Al Jazeera апталығы басталды
802
оқылды

Maqsut Narikbayev University Халықаралық журналистика мектебінде Al Jazeera Week – Al Jazeera апталығы салтанатты түрде ашылды. Іс-шараны MNU Халықаралық журналистика мектебі, ҚР Президенті Телерадиокешені және Al Jazeera Media Network әзірлеген.

Апталықтың ашылуында Maqsut Narikbayev University Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев пен Al Jazeera медиа институтының директоры Эман Әл-Амри ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. 

«Al Jazeera – әлемдегі ең ірі және ықпалды жаңалық желілерінің бірі. Сондықтан бұл біздің университет үшін, ел үшін және қазір осында оқитын студенттер үшін керемет мүмкіндік. Al Jazeera өзінің журналистік әділдігімен танымал, өңірлік және халықаралық оқиғаларға кең ауқымды көзқарас ұсынады. Бұл меморандум академиялық саладағы екіжақты өзара іс-қимылға жол ашады және қазақстандық журналистика үшін әлемдік деңгейдегі кәсіби кадрларды даярлауға ықпал етеді», – деді Т.Нәрікбаев.

Al Jazeera медиа институтының директоры Эман Әл-Амридің айтуынша, ынтымақтастық туралы меморандум медиа саласында барлық қажетті дағдылар мен құзыреттерді алуға мүмкіндік береді.

«Менің ойымша, бізде ортақ құндылықтар көп және дұрыс бағытта келе жатырмыз. Университетте өзгеріс пен шығармашылықты ынталандыратын осындай шығармашылық ортаның болуы өте керемет. Біз қазір медианарықтың барлық сұраныстарын қанағаттандыру үшін жұмыс істеп жатырмыз», – деп толықтырды Эмен Әл-Амри.

Al Jazeera апталығы аясында Қатар телеарнасының мамандары MNU Халықаралық журналистика мектебінің студенттеріне бір апталық тренинг өткізеді және заманауи медианың өзекті мәселелері бойынша ашық дәрістер топтамасын ұсынады. Халықаралық журналистика мектебінің студенттеріне «Жаңалықтар репортажы», «Дата журналистика», «Мобильді журналистика», «Цифрлық сторителлинг» және «Жаңалықтар жүргізушісі курстары» тақырыптарында 100 сағаттан астам теориялық және практикалық сабақтар берілмек. 

Бағдарлама соңында студенттер курстық жобаларын қорғайды және Al Jazeera Media Institute сертификаттарын алады. MNU басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Мұхамеджан тренингтің бірегей екенін атап өтті, себебі мұнда студенттер нақты кейстер бойынша тапсырмаларды орындайды. 

«Студенттер әлемдік құқықтық жаңалықтар деңгейінде қабылданған барлық стандарттарды меңгеруі керек. Мұндай халықаралық деңгейдегі оқыту –  Қазақстанда ғана емес, Орталық Азия өңірінде де алғаш рет жүргізілуде. Жалпы, Al Jazeera-ның білікті журналистері біздің студенттерге өздерінің кәсібилігі мен тәжірибесімен бөлісетін болады, сондай-ақ тағылымдамалар да қарастырылған. Al Jazeera медиа институты тренингке қатысушыларды жұмысқа шақыруға да дайын екенін білдірді. Al Jazeera телекомпаниясының әлем бойынша 45 фронт кеңсесі мен филиалдары бар. Қазақстан да кәсіби мамандарды іздеу және кадрларды іріктеу тұрғысынан өте қызықты болып отыр», – дейді Ерболат Мұхамеджан.

Айта кетейік, ҚР Президентінің телерадиокешені – Қазақстанның ең ірі медиакомпанияларының бірі, оның құрамына Jibek Joly, Silk Way, Silk Way Cinema телеарналары, Қазақстандағы тарихи KAZINFORM халықаралық ақпараттық агенттігі және Деректі кино орталығы кіреді.

Al Jazeera телекомпаниясы – 1996 жылы Қатар әмірінің жарлығымен құрылған халықаралық телекомпания. Телекомпания әлемнің көптеген елдерінде араб және ағылшын тілдерінде хабар таратады, 50-ден астам шетелдік бюролары бар. Al Jazeera Documentary арнасында деректі контент көрсетіледі.