Сыр өңірінде Жеңіс туын желбіреткен қарт жауынгерлерге қашан да құрмет ортайған емес. Әр жылдары қатары сиреген ардагер ақсақалдарға түрлі қамқорлық шара мен қолдау көрсетіліп келеді. Бұл үрдіс биылғы мереке қарсаңында да жарасымды жалғасын таппақ.
Ардагерлерге  құрмет азаймайды
648
оқылды

Биыл Жеңіс күніне орай қы­зыл­ордалық соғыс ардагерлеріне 2,5 миллион теңгеден берілетін бо­­лады. Сондай-ақ бір ардагерге бас­­пана кілті табысталып, жеңіс күнін жақындатқан қарияларға ма­териалдық көмек көрсету көз­деліп отыр. Бұл туралы Қызыл­орда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мамыр айындағы мере­ке­лерді атап өту мәселелерін тал­­қы­ланған жиында айтты.

«Бүгінгі бейбіт өмірімізге қан кешіп жүріп жеткізген жан­дар­дың ерлігі қандай құрметке де лайық. Бұл – біздің аға ұрпақ ал­дындағы парызымыз. Соған орай биыл Ұлы Отан соғысы ар­да­­гер­леріне 2,5 млн теңге көле­мін­де төлем төлеу туралы ше­шім қабыл­данды», – деді аймақ басшысы. 

Қазір өңірде 2 000-нан астам тыл еңбеккері бар. Оның ішінде бір ардагер «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Бұған қоса, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің 7 жесірі, соғыс кезінде жараланған, кон­тузия алып, мертіккен немесе ауру салдарынан қаза тапқан мү­ге­дек жұбайы не зайыбы бар 4 адам тұ­рады. Сол сияқты соғыс­қа қатысу­шыларға және соғыс ке­зінде алған жарақат салдары­нан мүгедектігі бар адамдарға теңес­тірілгендер саны 1 894-ті құрайды. Жеңісті жақындат­қан­дар­дың әрбірі мем­лекет қам­қор­лығын сезініп жүр. Оларға жыл сайын түр­лі қолдау шаралары өт­­кізіліп тұрады.

«Былтыр қарт майдангерлерге 1 үй, 1 көлік, сонымен бірге 1,5 млн тең­геден табысталған еді. Биыл да бір ардагерге Қызылорда қала­сынан үй берілді. Бұдан да басқа демеушілер есебінен ақ­шалай және материалдық көмек көр­се­ті­леді. Бұл тұрғыда қала және аудан әкімдері, облыстық бас­қарма бас­шылары мерекені атап өтудің жос­­­парына енген іс-шараларды сапалы әрі мәнді етіп ұйымдас­тыруға тиіс», – деді облыс әкімі.

Облыстық жұмыспен қам­туды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне қарағанда, өңірдегі Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ең үлкені 102 жаста екен. Бүгінде Қы­зылорда қаласы, Қазалы және Сырдария ауданының әкім­дік­тері Жеңіс күні қар­саңын­да тө­лем­дерді аудару бо­йын­ша жұ­мыстарды ұйым­дас­тыруда.

Осы орайда айта кету керек, соғыс ардагерлерін белгіленген мөлшердегі бір жолғы төлемнен бөлек, осы санаттағы 3 964 адамға 147 680 теңгеден қаржы беріледі. Сонымен қатар «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған тыл еңбеккеріне 221 520 теңге төлен­бек. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы