Елімізде алапат су тасқы­нының шығыны есептеліп жатыр. Зардап шеккен аза­мат­тардың жоғалтқан дүние-мүлкі түгенделіп, өтелуі тиіс.
Шығын бюджет пен бизнес есебінен өтеледі
755
оқылды

Ат­қарушы билік бұл жұмыс­тарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүр­гізуде. Қарғын судан зардап шеккен облыстарда арнайы комиссиялар құрылды. 

Үкімет материалдық резервтен 3,8 млрд теңге қарастырып отыр. Оның 1,1 млрд теңгеден астамы Батыс Қазақстан облысына ба­ғыт­талмақ. 20 сәуірдегі жағдай бойынша 8 814 отбасы жалпы сомасы 3,2 млрд теңге болатын 100 АЕК кө­леміндегі біржолғы төлемді ал­ды. Қазір зардап шеккен өңірлерде 3 210 тұрғын үй тек­се­ріліп, олар­дың 1 969-ына бағалау жүргізілді. Оның ішінде 311 үйде жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 447 млн теңгеден астам қаржы бө­лінген. 35 отбасына ескі үйдің ор­нына жаңа баспана мен пәтер­лер бе­рілді. Ал мал шығыны үшін беріл­ген өтемақының жалпы сомасы 89 млн теңгеге жетті.

«Атамекен» ҰКП-ның 19 сәуір­дегі дерегінше, өңірлерде су тас­қынынан ШОБ-тың 470 субъек­тісі зардап шеккен. Олардың үштен бірі ауыл шаруашылығына тиесілі. Жалпы, ұлттық палата өкілдері есептеп шыққандай, су тасқыны дүкен, шаштараз, ателье, наубай­хана, кафе, жылыжай және фер­малардың ғимараттары мен жаб­дықтарын 13 млрд теңгеге бүл­діріп кеткен. Яғни, су тасқы­ны­нан ең көп зардап шеккен сала – шағын бизнес. Өңірлердегі жағдайға сәйкес, бүгінде Ақтөбе кәсіпкер­лері шығынға көбірек ұшыраған, қазіргі дерек бойынша 160-қа жуық бизнес нысанға шығын келген. Атырау облысында 114 шағын бизнес субъектісі зар­дап шекті. Ұлттық палатаның ха­бар­лауынша, Солтүстік Қа­зақстан өңірінің кәсіпкерлеріне келтіріл­ген залал әлі де анық­талуда. 

Айта кету керек, суға ағып кеткен төрт түліктің есебі әлі нақ­тыланған жоқ. Ауыл шаруашы­лығы министрлігінің 12 сәуірде таратқан хабарына сүйенсек, 6,8 мың бас мал шығыны анықта­лыпты. Оның 75%-ы ұсақ мал. Одан бері он күн өтті, сондықтан бұл мәлімет алдағы уақытта өзгеруі мүмкін. Айтқандай, бүгін, 23 сәуірде өтетін Үкімет оты­рысында су тас­қыны жағдайы қаралады. Осы отырыста жаңа деректер айтылады деп күтіліп отыр. 

Десе де, қазір жергілікті ко­миссия мал шығынын нақты анық­тап, иелеріне өтемақы тө­леудің қағидасын дайындады. Та­биғи төтенше жағдай салдары­нан малы қырылған тұрғындар осы комиссияға тиісті өтінішті төтенше жағдай режимі жария­лан­ғаннан бастап 30 күннің ішінде өткізуі керек. Ол үшін жоғарыдағы комиссия өлген малдың сәйкес­тендіру белгілері бар екеніне (құлақ белгісі, тавро, микрочип) көз жеткізуі керек. Егер сәйкес­тендіру белгілері жоқ болса, ауыл шаруашылығы жа­нуар­ларын бірдейлендіру база­сында тір­келгені дәлелденуі тиіс. Тіптен, малдың ешбір құжаты болмаса, ешбір базада тіркелмеген және өлексесі табылмаған жағ­дайда үш куәгерді тарта отырып акт тол­ты­рылады. Өтемақы мөл­шері өлген малдың жасына қарай Ұлттық статистика бюросы жа­рия­лайтын нарықтық құны бойын­ша айқын­далады. Мал ие­леріне шығын бюджеттен не­месе бюджеттен тыс көздерден өтелуі мүмкін. Ешбір құжаты табылмаған түліктің шы­ғынын өтеуге бюд­жеттен тыс көздердің ақшасы бағытталатыны айтылды.

Бюджеттен тыс қаржы демек­ші, Президенттің Үндеуінен кейін еліміздегі іскер топтар мен ал­пауыт компаниялар, жеке бизнес өкілдері тасқын судан зардап шеккен аймақтарға қаражат бөле бастады. Қазір ең көп бағытталған қаржы Владимир Кимнің үле­сінде. Оның иелігіндегі – «Қа­зақ­мыс», KAZ Minerals, «Алтын­Алмас», «Қаражыра» және RBK Bank компанияларынан – 40 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат инфра­құрылымды қалпына келтіруге және әлеуметтік нысандар: бала­бақша, мектеп, аурухана, сондай-ақ тұрғын үй құрылысына жұм­салмақ. Бұдан бұрын су тасқыны салдарын жоюға деп KAZ Minerals пен «Қазақмыс» 800 млн теңге, Bank RBK 150 млн теңге аударған болатын.

Кеше Еуразиялық Топтың (ERG) негізін қалаушы-акцио­нерлері де су тасқынының салда­рын жоюға қосымша 40 млрд теңге көлемінде көмек көрсететі­нін хабарлады. Бұған дейін Еуразиялық Топ тасқынға тосқын болуға 500 млн теңге, Еуразиялық банк 450 млн теңге бағыттаған.

Форбс тізіміндегі кәсіпкер Тимур Құлыбаев Атырау облы­сындағы жағдайды қалпына кел­тіруге деп 30 млрд теңге бөлді. Одан бөлек, Тимур мен Динара Құлыбаеваларға тиесілі Halyk Bank және «Халық» қайырым­дылық қоры 1 млрд теңге аударды. 

Kaspi.kz құрылтайшылары Вячеслав Ким мен Михаил Лом­тадзе Солтүстік Қазақстан, Ақ­мола об­лыстарына 20 млрд теңге аударды. Оның алдында Kaspi.kz ком­паниясы 700 млн теңгені (оның 80 млн теңгесі қазақстан­дықтар жолдаған қаражат) Biz Birgemiz Qazaqstan қорына аударған.

Ал Ақтөбе облысында судан қиындық көріп жатқандарға Болат Өтемұратов қоры 680 млн теңге жолдады. Кейіннен Өте­мұра­товтың өзі 10 млрд теңге бө­летінін мәлімдеп, қолда бар ре­сурс­тарымен толық көмектесуге дайын екенін жеткізді.

Сондай-ақ BI Group 5 млрд теңге, Нұрлан Смағұлов қоры мен Astana Group компаниясы – 6,1 млрд теңге, кәсіпкерлер Кеңес Рақышев пен Әсел Тасмағам­бетовалар –1,2 млрд теңге, Рашид Сәрсенов – 5 млрд теңге, Данияр Абулғазин 1,5 млрд теңге аударды. 

InDrive компаниясының не­гізін салған Арсен Томский 100 мың доллар бөлді. Осындай сома­ны компанияның өзі жіберді, осылайша барлығы 200 мың дол­лар болды. Freedom Holding ком­паниясы – 1 млрд теңге, Allur, QazTehna және Qarmet компания­лары – 500 млн теңге, Jusan Bank – 300 млн теңге, Банк Центр­Кредит 200 млн теңге бөлді. Кейінірек Банк ЦентрКредит акционерлерінің бірі Бақытбек Байсейітов БҚО-да зардап шек­кендерге көмекке деп 5,5 млрд теңге бөлетінін айтты.

Көп болып көмек қолын соз­ған істе мұнай-газ компаниялары да қарап қалған жоқ. «Теңіз­шевроил» компаниясы 2 млрд теңге бөлсе, ТШО-ның бақылау­шы акционері – Chevron Corporation зардап шеккен қазақстан­дықтарға 3 млн доллар (1,3 млрд теңге) бағыттады. Ал «Қарашы­ғанақ Петролеум Оперейтинг» 2 млрд теңге аударыпты. 

Жалпы алғанда, су тасқыны салдарынан мұнай-газ өнеркәсібі жұмысына да нұқсан келген бо­латын. Атырау мен Ақтөбе облыс­тарындағы 634 ұңғымада мұнай өндіру тоқтатылды. Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, мұнай өндірудің жалпы шығыны 16 мың тоннаны құраған.

Сонымен қатар PTC Holding компаниясы – 150 млн теңге, Каспий құбыр консорциумы (КТК) – 250 млн теңге, Alageum Electric компаниялар тобы 102 млн теңге бөлген. Одан бөлек, мем­лекеттік және квазимем­ле­кет­тік компаниялар да түрлі дең­гейде қаражат аударып жатыр. Бұл сома әлі де артуы мүмкін. Ресми дерекке сүйенсек, зардап шеккен­дерге қаражат жинау 30 сәуірге дейін жалғасады, барлық жинал­ған қаражат ай­мақтарда апаттан қираған үйлер салуға жұмсалады.

 2024 жылғы 19 сәуірдегі жағ­дай бойынша азаматтар мен ком­паниялардан «Қазақстан хал­қына» қорына 2,54 млрд теңге жи­налған. Қысқасы, қарас­ты­рылып жатқан қаражаттан мәселе жоқ. Ендігі жұмыс жылу­мен жи­налған ақшаның есеппен жұм­салғаны, шын мұқтаж жанның қолына жеткені. 

Бауыржан БАЗАР